astana-view

«Атамекен» ҰКП өндірістік тәлімгерлерді даярлау бойынша мультипликаторларды оқытуды бастады

2025 жылғы 02 Желтоқсан
341 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ерекше форматтағы іс-шара – облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы Кәсіпкерлер палаталарының адами капиталды дамыту бөлімдерінің қызметкерлері үшін тәлімгерлік бойынша мультипликаторларды оқыту курсын өткізуде.

Алдын ала «Өндірістік оқыту тәлімгері» кәсіби стандарты әзірленіп, тренер-мультипликаторларды даярлау бағдарламасы жасалды. Аталған өнімдердің барлығы Қазақстан Республикасының «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңының 13-бабы 5)-тармақшасында көзделген функцияларды іске асыру мақсатында әзірленген.

Өңірлік Палата мамандары 10 күн ішінде 8 модульден тұратын бағдарламаның 3 блогы бойынша оқытудан өтіп, өндірістік оқыту тәлімгерлерін даярлауға қажетті нормативтік-құқықтық база, әдістер мен тәсілдер бойынша білім алады.

Он күнге созылатын 80 сағаттық оқытуды халықаралық сертификаттарға ие жоғары білікті тренер-коучтер – IIMD сертификаты бар бизнес-тренер, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының штаттан тыс бизнес-тренері, 4D-Systems бизнес-консультанты, психолог, іскерлік басқару магистрі (MBA), Бизнес академиясының Құрметті бизнес-тәлімгері Людмила Серекбаева және білім беру және адами капиталды дамыту саласындағы сарапшы, корпоративтік мәдениет, оқыту, көшбасшылық және кәсіби өсу мәселелері бойынша кеңесші Гүлмайра Мақубайқызы жүргізеді.

ҰКП-ның Тәлімгерлік мектептерінде оқудан өткен бизнес өкілдері – PETRO Oil компаниясының шеф-технологы Рустам Имамниязов пен «Инком Астана» ЖШС – Radisson Hotel компаниясының су-шефі Дмитрий Заикин практикалық дағдылар бойынша өз тәжірибесімен бөліседі.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы он жұмыс күні аяқталғаннан кейін 20 өңірлік палата өкілдеріне тиісті сертификаттарды табыстайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер