Қазақстанның көпшілік өңірінде мәслихаттар шағын және орта бизнес үшін салық мөлшерлемесін төмендетті
2025 жылдың 3 желтоқсанындағы жағдай бойынша елдің бірқатар өңірінде оңайлатылған декларация негізіндегі АСР бойынша мөлшерлемелерді төмендету туралы шешімдер қабылданды.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бөлшек саудадағы оңайлатылған, арнаулы салық режимінің (АСР) күші жойылып, оңайлатылған декларация негізіндегі жаңартылған АСР енгізу жоспарлануда. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салық реформасын талқылауға белсенді түрде қатысып келеді.
Бүгінде АСР – микро, шағын және орта бизнес үшін базалық режим. Кәсіпкерлік қауымдастық бірлескен күш-жігердің арқасында шағын және орта бизнес мүддесі үшін маңызды шешімге қол жеткізді. Оңайлатылған декларация негізінде АСР қолдануға қатысты шектеулер тізімі айтарлықтай төмендетіліп, қолданыстағы заңнамамен сәйкестендірілді.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҰКП ҚР барлық өңірінде жұмыс жүргізіп, жергілікті өкілдік органдар – мәслихаттарды жаңа АСР бойынша мөлшерлемелерді 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін төмендету бойынша нақты және жылдам шешімдер қабылдауға шақырған болатын. Бұл шешімдер бизнеске жаңа шарттарға көшуге және қызметін жоспарлауға жеткілікті уақыт беру үшін қажет, себебі осы уақыттан бастап бұрынғы АСР-дың күші жойылады.
Ескеретін жайт, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР үшін базалық мөлшерлеме – 4%, бірақ жергілікті мәслихаттар оны 50%-ға дейін төмендете (2%-ға) немесе көтере (6%-ға) алады.
Мөлшерлемені 4%-дан 2%-ға төмендету
Өңірлердің көпшілігі, соның ішінде ірі қалалар мөлшерлемені 50% төмендету туралы шешім қабылдады.
11 облыс барлық немесе көп аудандар үшін мөлшерлемені төмендетті:
- Атырау облысы – барлық 8 ауданда.
- Шығыс Қазақстан облысы – барлық 13 ауданда.
- Жамбыл облысы – барлық 10 ауданда.
- Қарағанды облысы – барлық 13 ауданда.
- Қызылорда облысы – барлық 8 ауданда.
- Түркістан облысы – барлық 17 ауданда.
- Ақмола облысы – 20 ауданның 18-інде.
- Ақтөбе облысы – 13 ауданның 10-ында.
- Алматы облысы – 11 ауданның 4-еуінде.
- Абай облысы – барлық 12 аудан.
- Жетісу облысы – 10 ауданның 3-еуінде.
Шымкент қаласы да ставканы 4%-дан 2%-ға төмендетті.
Маңғыстау облысында 1 аудан (Түпқараған) үшін мөлшерлеме 2%-ға төмендетілді.
Мөлшерлемені 4%-дан 3%-ға төмендету
Кейбір өңірлерде салық мөлшерлемесі 3% деңгейінде белгіленді:
Төрт облыс пен республикалық маңызы бар екі қала мөлшерлемені 3%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
- Астана қаласы – 4%-дан 3%-ға.
- Алматы қаласы – 4%-дан 3%-ға.
- Павлодар облысы – барлық 13 ауданда.
- Ұлытау облысы – барлық 5 ауданда.
- Қостанай облысы – 20 ауданның 7-еуінде.
- Солтүстік Қазақстан облысы – 14 ауданның 12-сінде.
- Ақмола облысы – 1 қалада (Көкшетау).
- Ақтөбе облысы – 13 ауданның 3-еуінде.
- Алматы облысы – 11 ауданның 4-еуінде.
- Батыс Қазақстан облысы – 1 қалада (Орал қ.).
- Маңғыстау облысы – 7 ауданның 4-еуінде.
- Жетісу облысы – 10 ауданның 7-еуінде.
Базалық 4% мөлшерлеме сақталған аудандар
Кейбір аудандар мен қалаларда базалық мөлшерлеме 4% деңгейінде қалдырылды:
- Ақмола облысы – 1 ауданда (Жақсын).
- Батыс Қазақстан облысы – 12 ауданда.
- Қостанай облысы – 13 ауданда.
- Маңғыстау облысы – 2 ауданда (Мұнайлы, Маңғыстау).
- Солтүстік Қазақстан облысы – 2 ауданда (Шал Ақын, М. Жұмабаев).
Алматы облысында 3 ауданға (Кеген, Райымбек, Балқаш) мөлшерлемені төмендету туралы шешім 2025 жылдың 3 желтоқсанындағы жағдай бойынша қабылданбаған.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі – Қазақстандағы шағын және орта бизнес үшін салық салудың бір түрі. Салықтық жүктемені төмендетуге қатысты бұл бастама өңірлерде кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға бағытталған.
Осылайша, бұл – «Атамекен» ҰКП-ның жергілікті атқарушы органдармен және бизнес қауымдастығымен бірлесіп атқарған ауқымды жұмысының нәтижесі. Бірлескен жұмысқа атсалысқан барлық тарапқа алғыс білдіреміз.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: