astana-view

Қарағанды. Өндіріс – ШОБ драйвері: басым бағыттар мен шешілуге тиіс мәселелер

2025 жылғы 10 Желтоқсан
- Қарағанды облысы
103 просмотров

Қарағандыда өңір экономикасының жұмысын деректер негізінде зерттеу мақсатында кезекті жұмыс сапары жүзеге асырылды. Сапар барысында Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов өңірдің жетекші кәсіпорындарының («Qarmet», «Бемер Арматура», «WEC Trade») қызметімен танысып, өнеркәсіптік негізді қалыптастырып отырған «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Террикон алқабы» IT-хабына барды. Сонымен бірге, ол облыстық Палата жанындағы өңірлік және салалық кеңестерге мүше кәсіпкерлермен жүздесті. Бұл жұмыс Палата әзірлеп жатқан ШОБ-ты дамытудың нысаналы өңірлік бағдарламасының нәтижелеріне тікелей ықпал ететінін ерекше атап өту қажет.

Орталық деңгейінде шағын, орта және ірі бизнестің жағдайын айқындайтын барлық жекелеген тетіктерді толық көру мүмкін емес. Бұл ретте Нұрсұлтан Шоқанов өңірлермен жұмыс істеудің негізгі қағидатын атап өтті: өңірлерден түсетін сұраныстар орталыққа дер кезінде жетіп, ұзаққа созылатын хат-хабар алмасуға айналмай, нақты уақытта қаралып, шешімін табуы керек.

Қарағанды облысы – елдің негізгі индустриялық орталықтарының бірі. Өңір Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің шамамен 18%-ын және экспорттық өнімнің 10%-ға жуық бөлігін қамтамасыз етеді. Облыс металлургия, машина жасау, көмір өндіру, логистика және қайта өңдеу секілді салаларды қамтитын қуатты өндірістік базаға ие. Ірі кәсіпорындар өңір экономикасының негізін құрап, экспорттық ағынды, жұмыспен қамтуды және өндірістік тізбектердің ауқымын қамтамасыз етіп отыр. Өңірде индустрияландыру деңгейінің жоғары болуына қарамастан, бұл жерде маңызды жүйелі ерекшелік анық көрініп отыр: мықты өнеркәсіптік база шағын және орта бизнестің өсімін өздігінен қамтамасыз ете алмайды.

Өңдеу өнеркәсібі департаментінің жұмыс бағытын қадағалау аясында Нұрсұлтан Шоқанов арматура, швеллер, болат тақтайлар, бұрыш және көмір концентраты сияқты кең ауқымды металл өнімдерін шығаратын «Qarmet» компаниясына барды. Теміртау өңірдің негізгі өнеркәсіптік торабы ретінде дамып қана қоймай, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту арқылы жаңа секторларды да қалыптастыруда. Кездесу барысында еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік кластерді құру жөніндегі бастама талқылауға ұсынылды.

Сапар аясында ӨКП жанындағы Өңірлік кеңеспен өткен кездесуде кәсіпкерлер орталық мемлекеттік органдардың деңгейінде пысықтауды қажет ететін бірқатар жүйелі мәсені көтерді.

Мәселен, Палата жанындағы IT кеңесінің төрағасы Сабыр Назаров АХҚО-дағы заңды тұлғаларға қойылатын қатаң талаптарға қатысты мәселені көтерді. Қазір AХҚО-да қолданылатын бірегей салықтық жеңілдіктер мен ағылшын құқығының артықшылықтары тек Астанадағы Орталықтың аумағында орналасқан компанияларға ғана қолжетімді. Мұндай географиялық шектеу Қазақстан бойынша мыңдаған кәсіпорынның әлеуетін шектеп отыр. Ұсыныс бойынша, «Astana Hub» үлгісін қолдану қажет, себебі онда IT-компаниялар елдің қай өңірінде орналасса да, өз қызметін сол жерде жүргізе отырып, хабтың преференцияларына ие бола алады.

Сондай-ақ, кәсіпкер Николай Абта кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру және шекара маңындағы тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігіне қатысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, кедендік рәсімдердің тиімсіздігі мен заңсыз тасымал отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етіп, заңды бизнестің жұмыс істеуіне кедергі келтіреді, сонымен бірге бюджетке миллиардтаған теңге көлемінде шығын келтіреді.

Талқылау барысында ірі шетелдік мұнайсервис компаниялары мен отандық жеткізушілер арасындағы бәсекелестік жағдайының теңсіздігі жөнінде маңызды мәселе көтерілді. Жергілікті бизнес әлеуетінің айтарлықтай жоғару болуына қарамастан, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қазақстандықтардың қатысу үлесі сын көтермейтіндей төмен дәрежеде. Салдарынан елде импорт деңгейі басым болып, ел экономикасы үшін айтарлықтай мүмкіндігінен айырылып отырмыз.

Көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, сапар барысында Үкімет пен даму институттары бірлесіп әзірлеген ШОБ және МШБ-ны дамытуға арналған нысаналы өңірлік бағдарлама таныстырылды. Аталмыш бағдарлама қаржылық әрі қаржылық емес, әкімшілік және инфрақұрылымдық құралдарды бір жүйеге біріктіріп, жалпы көлемі 300 млрд теңгені қамтиды. Бұған қоса бағдарлама жұмыспен қамтуды арттыруға, көлеңкелі секторды азайтуға әрі жергілікті экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

Пилоттық кезең алты базалық саланы қамтып, бес облыста жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, әр өңірге өзінің экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, салалық басымдықтарды дербес айқындау мүмкіндігі беріледі. Бұған қоса, корпоративтік қаражаттың тиімді әрі ашық пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында ҒЗТКЖ- ға бөлінетін 1% шығыстар бойынша деректерді жария түрде ұсыну бастамасы қолдау тапты.

Басқарма төрағасының орынбасарымен өткен кездесуде Отандық тауар өндірушілердің тізіліміне кезең-кезеңмен көшу мәселесі де көтерілді. Өндіруші деректерін растаудың құралы ретінде қолданыстағы Индустриялық сертификатты сақтау қажеттігінің негіздемесін уәкілетті органдарға жолдау жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл кәсіпорындардың сатып алуларға тұрақты қатысуын қамтамасыз етіп, бюрократиялық рәсімдерден қайта өтуді болдырмауға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер күн сайын бетпе-бет келетін логистикадан бастап, сатып алуларға қатысуға дейінгі мәселелер, көп жағдайда рәсімдердің сан-түрлі болуына және өзара іс-қимылдың бірыңғай арнасының жоқтығына байланысты туындайды. Осындай жағдайда интеграцияланған цифрлық ортаға деген сұраныс аса өзекті сипатқа ие болып отыр. «Атамекен» барлық процессуалдық әрекеттер бір ақпараттық жүйеде тіркеліп, өңделетін және сүйемелденетін платформа құруға ұмтылуда.

Әңгіме бизнеске арналған негізгі цифрлық платформалар – Бизнестің цифрлық картасы, eGov Business және оларға іргелес сервистердің функционалын ауқымды кеңейту жайында болып отыр. Мақсат – мемлекеттік қызметтерді, қолдау шараларын, сатып алулар туралы деректерді және цифрлық құжат айналымын «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіретін бірыңғай, үздіксіз жүйе қалыптастыру. Мұндай жүйе бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың ашық әрі тиімді болуына сенімді негіз болмақ.

Нұрсұлтан Шоқанов жұмыс  аясында өңірдегі бизнестің қызмет ету жағдайын айқындайтын мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовпен кездесу өткізді. Кездесуде инфрақұрылымға қосылу, жер қатынастары және жергілікті өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер арасындағы кооперация мәселелері талқыланды. Әкімдік инфрақұрылымды жақсарту және сатып алуларды басқару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, бұл ШОБ-тың өңірлік жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Жиында кәсіпкерлермен тұрақты диалог орнатып, жергілікті экономиканың өсуіне жағдай жасап отырған салалық басқармалардың үйлесімді жұмысы ерекше атап өтілді.

Бұдан кейін Басқарма төрағасының орынбасары облыстық прокуратураға барып, Бауыржан Мырзакеровпен кездесу өткізді. Онда инвестжобаларды құқықтық сүйемелдеу және бизнестің жұмыс істеу жағдайларына қатысты негізгі мәселелер талқыланды. Өңірлік прокуратура кәсіпкерлерді қорғау жүйесін бірізді түрде қалыптастырып келеді: құқық қолданудағы алшақтықтарды жою, рәсімдердің ашықтығын арттыру және нарықтың барлық қатысушылары үшін бірыңғай критерийлерді айқындау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл іс-шаралар нәтижесінде кәсіпкерлердің жобаларды іске қосу мен ауқымдау барысында аса маңызды деп саналатын құқықтық болжамдылық қамтамасыз етіледі.

Қуатты өнеркәсіптік базасы бар Қарағанды экспортты қолдау, жергілікті өндірісті дамыту және ШОБ-ты өнеркәсіптік тізбектерге интеграциялау бойынша жаңа тетіктерді енгізуге арналған негізгі өңірлердің бірі болып қала бермек.

Кездесулердің қорытындысы бойынша өңірлік экономиканы дамыту, қолдау шараларын жетілдіру және кәсіпкерлік бастамаларды республикалық деңгейде ілгерілету бағытындағы бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігі атап өтілді. Мұндай әлеуеті бар өңір үшін кедергілердің жүйелі түрде жойылып отыруы, шешімдердің жедел қабылдануы және өнеркәсіптік базаның шағын және орта бизнестің дамуына нақты тірек болуы маңызды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер