astana-view

Қазақстан бизнесі тұралап қалуы мүмкін: ҰКП ұлттық тауар каталогын енгізуді шұғыл тоқтатуды немесе қайта қарауды ұсынады

2025 жылғы 15 Желтоқсан
638 просмотров

Жүйеде шешілмеген мәселелер өте көп, сондықтан оны іске қосуға дайын емес. Бұл кәсіпкерлер арасында әлеуметтік шиеленістің күшеюіне алып келіп отыр.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық тауар каталогы (ҰТК) жобасы күшіне енеді. Қағаз жүзінде бәрі оңай көрінгенімен, іс жүзінде қарапайым «үй жанындағы» дүкендердің өзі жаңашылдықты енгізе алмай отыр. Қазір кәсіпкерлер арасында тауарлардың кодтары мен атауларына қатысты түсініспеушілік туындап отыр. Бизнес-қауымдастық өкілдері ҰТК енгізу барысын дәл осылай сипаттады. Бұл мәселе «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды.

Бизнес тарапынан жобаны әзірлеушілер мен Үкіметке қатаң сын айтылды. Алайда ҰТК енгізуге жауапты салалық мемлекеттік органдардың өкілдері жиынға келген жоқ, тек «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның мамандары ғана қатысты. Ал қойылған сұрақтар саны аз болмады.

Комитет төрағасы Сәкен Кариннің айтуынша, билік мәселені шешпесе, ол құжаттың күшін сот арқылы жоюға дейін баратынын мәлімдеді.

«Біз, ең кемінде, осы нормативтік-құқықтық актіні кейінге қалдыру мәселесін көтереміз. Ал ең жоғары шара ретінде - оны сот арқылы күшін жоюды талап ететін боламыз. Себебі бұл құжат бизнеске қосымша міндеттер жүктейді. Оның қандай мақсатты көздейтіні және қалай жұмыс істейтіні де түсініксіз»,  – деді ол.

Өз кезегінде «ЭҚО» АҚ басқарушы деректер департаментінің басшысы Наурызхан Молдабай мемлекеттік органдардың ұстанымын түсіндіріп, әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетуге тырысты.

Оның айтуынша, ҰТК – Тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы (ТЖҚ БНА) мен Қазақстан тауар каталогын біріктіретін бірыңғай база.

«Тауарларды ҰТК-ға тіркеу тегін. Бұған дейін тараған жалған ақпараттарды жоққа шығарамыз. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тіркелмегені немесе қолданылмағаны үшін айыппұл салынбайды», – деді ол.

Сарапшы пилоттық жобаның неге Magnum, Small және «Анвар» сияқты ірі сауда желілерінен басталғанын да түсіндірді.

«Біз нарықтағы белсенді тауар позицияларын өңдедік. Тауарын тіркеуге әкелуге дайын өндірушілер болмағандықтан, алдымен осы үш ірі желіні қамту туралы шешім қабылданды. Бұл олардың жұмысын жеңілдету үшін жасалды. Қазір ҰТК-да 10 миллионнан астам тауар позициясы бар, олардың басым бөлігі – азық-түлік өнімдері», – деді ол.

Алайда бизнес XTIN уақытша кодтарының механизмін сынға алды. Бұл код бір айға ғана беріледі әрі тауарды тіркеу қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі.

Бизнес – эксперимент емес

Бизнес үшін негізгі мәселе – ҰТК, жаңа Салық кодексі және тауар өндірушілер реестрінің бір уақытта енгізілуі. Бұл бұрын-соңды болмаған жүктеме туғызуда.

ҰКП төраға орынбасары Тимур Жаркенов бұл жағдайды бизнеске жасалған «эксперимент» деп атады:

«Менің ойымша, мұны дәл осындай күйінде енгізу – тым ерте. Айыппұл болмайды дегенімен және 80% дайын дегенімен, мен бұған күмәнмен қараймын. Жүйеде шешілмеген мәселелер өте көп, ал «қосып көрейік, ары қарай көрерміз» деген тәсіл – ел экономикасы үшін мүлде жарамсыз», – деді ол.

Сарапшы Айжан Балакешева жобаны 2026 жылдың ортасына дейін шегеруді және оны кезең-кезеңімен – алдымен өндірушілер мен импорттаушылардан бастай отырып енгізуді талап етті. Ол биліктің қолындағы цифрлық ресурстардың мол бола тұра, жұмыстың барлығын кәсіпкерлердің мойнына артып қойғанын сынға алды.

Сондай-ақ, коммуникацияны жақсарту үшін әзірлеушілерден күн сайын әлеуметтік желілерде тікелей эфир өткізіп, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру туралы ұсыныс айтылды. 

«Цифрлық Қазақстан» қауымдастығының директоры Ирина Тюгина бұл жобаға басталған күннен бері қарсы болғанын айтты. Оның сөзінше, барлық сарапшылар теріс қорытынды бергеніне қарамастан, билік те, мүдделі компаниялар да жобаны ілгерілетуді жалғастырып отыр. Маман ҰТК енгізудің нақты мақсаты әлі күнге дейін түсініксіз екенін атап өтті. Сарапшы бұл сәтсіз әзірленген, іске қосуға мүлде болмайтын жоба екенін алға тартты.

Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Әсем Амиркенова енгізу мерзімдерінің тым қысылғанын, ал нақты әдістеменің және түсіндіру жұмыстарының жоқтығы техникалық коллапс пен құжат айналымының бұзылуына әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Ол дайындық кезеңінің өзінде кәсіпкерлердің тап болатын мәселелерін атап өтіп, мемлекеттік органдардың жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшуге қатысты бұрынғы уәделеріне қатысты күмән келтірді.

«Менің ойымша, түсіндіру жұмыстары өте аз жүргізілуде. Түсіндірме, әдістеме нақты жазылып көрсетілуі керек. Содан кейін ғана механизм толық жұмыс істей алатын кезде оны іске қосуға болады», – деді Амиркенова.

Микробизнес – қауіп алдында

Мыңдаған кіші дүкендер мен жеке кәсіпкерлер үшін жаңа талаптар нағыз қауіпке айналды.

Микробизнес саласында, әсіресе егде кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық басым:

«Компьютерді мүлде қолдана алмайтын адамдар бар. Олар бұл ақпаратты біліп, бастары қатып, “Біз мұны жасай алмаймыз, дүкенді жабамыз” деп отыр», – деді жиынға қатысушылар.

Негізгі мәселенің бірі – тауар қалдықтарын заңдастыру, әсіресе құжатсыз жылдар бойы қоймада жатқан киім-кешек өнімдеріне қатысты. Сонымен қатар көтерме сауда өкілдері тауарды тіркеуге жауапкершілік алудан бас тартып отыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, ҰТК-ны қазіргі күйінде енгізу техникалық ақауға, оның ішінде шот-фактуралардың бұғатталуына алып келуі мүмкін.

Қазір кәсіпкерлер ірі сауда желілерінен тауарлардың ҰТК-да тіркелуге тиіс екені туралы ескертулер алып жатыр. Егер тауар каталогқа енгізілмесе, оны дүкен сөрелерінен алып тастайтындарын хабарлауда.

Сонымен қатар ҰКП мемлекеттік органдардың каталогтағы шектен тыс көп қайталанатын жазбаларды (дубликаттарды) реттей алатынына күмән келтірді. Мұндай мәселелердің өзі каталогта жартылай іздеу жүргізгеннің өзінде анық байқалып отыр.

Сәкен Карин XTIN уақытша кодының жұмыс тәртібін заң жүзінде бекітуді, тіркеу өтінімдерін қарау мерзімдерін нақты белгілеуді, сондай-ақ тауарды кім тіркеуге тиіс екені — өндіруші ме, импорттаушы ма, дистрибьютор ма немесе көтерме сатушы ма — осының бәріне анық жауап беруді талап етті.

Отырыс қорытындысында ҰКП мемлекеттік органдардан барлық түсініксіз тұстарды жоюды және Кәсіпкерлік кодексіндегі бизнеске түсетін жүктемені барынша азайту қағидатын бұзбауды талап етті.

Тимур Жаркеновтің айтуынша, 17 желтоқсанда Қаржы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің басшылығымен шұғыл кездесу өткізу бастамасы көтерілген. Мақсат — тікелей диалог орнатып, дағдарыстың алдын алу.

Жалпы алғанда, бизнес ұстанымы айқын: жоба қайта қаралып, жеңілдетілуі керек, ал микробизнес бұл жүйеден мүлде шығарылуға тиіс. Әйтпесе, Қазақстанда сауда саласын ауыр коллапс, тауар тапшылығы және заңды жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жаппай жабылуы күтіп тұр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер