astana-view

Ақтөбе облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері өз ісін дамытуға гранттарға ие болды

2025 жылғы 15 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
131 просмотров

Ақтөбе облысында «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының 2023–2025 жылдардағы үш финалистері өз кәсібін кеңейтуге зор мүмкіндік алды. Олар әрқайсысы 5 миллион теңге көлеміндегі гранттар жеңді.

БАБӨ жобасы үшінші жыл қатарынан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның өңірлік бөлімшелері арқылы жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – жергілікті шикізаттан өндірілетін өнімдерді дамыту және ілгерілету, өңірлік бәсекеге қабілетті брендтер қалыптастыру, ауыл кәсіпкерлігін қолдау. Бұл бастама Жапонияда табысты қолданылып келе жатқан жергілікті дамудың тиімді моделіне негізделген.

Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Нұрғалиевтің айтуынша, 2025 жылдың қараша айында Ақтөбе облысының әкімдігі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен БАБӨ жобасының финалистері арасында гранттар конкурсын өткізді. Нәтижесінде 11 бизнес субъектісі гранттық қаржыландыруға ие болып, олардың үшеуі «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 2023–2025 жылдардағы финалистері атанды. Берілген қаражат кәсіпкерлерге өндіріс көлемін ұлғайтып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

Грант иегерлері:

  • Бану Тлегенова – марал шаруашылығын дамыту және «Зәру» пантамен емдеу орталығы;
  • Нұрсұлу Сатаева – «Qobda Milk» брендімен қышқыл сүт өнімдерін өндіру («Нұр-МТС» шаруа қожалығы);
  • Айдана Сағынғали – жүн мен киізден бұйымдар жасау, дәстүрлі қолөнерді дамыту.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасында бизнеске көрсетілетін қолдау тек қаржылай көмекпен шектелмейтіні атап өтілді. Шағын және орта бизнес субъектілеріне тұрақты түрде қаржылай емес қолдау көрсетіліп келеді. Жыл басынан бері ақтөбелік кәсіпкерлерге 11 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

«Олардың басым бөлігі – Ақтөбе қаласы мен аудандардағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ G4B.kz порталы арқылы ұсынылған ақпараттық және консультациялық қызметтер. Атап айтқанда, бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, бизнес-жоспар әзірлеу бойынша 615 қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары, тендерлерге қатысу үшін құжаттар жинау, түрлі рұқсаттарды алу және басқа да мәселелер бойынша 10 824 консультация берілді», – деді Ержан Нұрғалиев.

Айта кетейік, биыл шілде айында өңірде «Бір ауыл – бір өнім» аймақтық жәрмеңке-көрмесі өтіп, онда 52-ден астам жергілікті өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Бұл шара Ақтөбе облысының өндірістік әлеуетін және отандық өнімге деген сұраныстың жоғары екенін айқын көрсетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер