astana-view

«Атамекен»: ұлттық режимнен алып қоюды айналып өту бәсекелестікті әлсіретеді

2025 жылғы 24 Желтоқсан
929 просмотров

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Үкіметінің Аппаратына қазақстандық өндірушілерден тауарларды сатып алуды шектеуге әкеп соғатын мемлекеттік сатып алуларда ұлттық режимнен алып қоюды қолдану кезіндегі бұзушылықтар фактілері бойынша жүгінді.

Палатада атап өтілгендей, қазіргі уақытта Үкіметтің тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің 4,8 мыңнан астам позициясын қамтитын ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу туралы алты қаулысы қолданылады. Бұл шаралар 300 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 750 қазақстандық өндіруші үшін сатып алу әлеуетін қалыптастырады. Алайда, іс жүзінде тапсырыс берушілер тарапынан оларды айналып өту жағдайлары тіркелуді жалғастыруда.

Талдау нәтижелері бойынша ұлттық режимнен алып қоюға жататын нақты сатып алынатын тауарлар тізбеге енгізілмеген өзге де кодтармен ресімделетін жағдайлар анықталды, бұл қазақстандық өндірушілердің қатысуын болдырмайды.

Бұдан басқа «Атамекен» ҰКП біртекті тауарларды бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы норманы теріс пайдалануға, сондай-ақ ұлттық режимнен алып қою белгіленген түрлі тауарларды бір лотқа біріктіру практикасына назар аударады. Палатаның пікірінше, мұндай әрекеттер бәсекелестікті айтарлықтай шектейді және қазақстандық өндірушілердің қатысуын болдырмайды.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП біртекті тауарларды бір көзден сатып алуға құқығы бар тапсырыс берушілер шеңберін тарылтуды, ұлттық режимнен алып қою белгіленген тауарларды бір лотқа біріктіруге тыйым салуды, сондай-ақ тапсырыс берушілер үшін камералдық бақылау мен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды

Палата аталған бұзушылықтарды жоймай, ұлттық режимнен алып қоюды енгізу мақсаты – ішкі нарықты қорғау және қазақстандық өндірушілерді қолдау өзінің тиімділігін жоғалтатынын атап көрсетеді.

ҚР Қаржы министрлігі «Атамекен» ҰКП-ның ұсыныстарын қолдамады, бұл ретте ҚР Үкіметінің Аппараты 16 қаңтарға дейін жұмысты жалғастыруды тапсырды. Палата қазақстандық өндірушілердің мүдделерін қорғай отырып, қайта өтініш дайындайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер