astana-view

Б. Әбдішев: Кәсiпкерлiк - экономиканың қайнар көзi, қозғаушы күші

2014 жылғы 21 Мамыр
4148 просмотров

Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев аймақ кәсіпкерлерінің конференциясына қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен, ҚазАқпарат.

«Кәсiпкерлiк - экономиканың қайнар көзi, қозғаушы күші болып табылады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, шағын және орта бизнес - дамушы елдің іргетасы. Бүгінде кәсіпкерліктің дамуы мемлекеттік органдардың тарапынан үлкен көңіл бөлінетін өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері қажеттігіне баса назар аударған болатын», - деді аймақ басшысы конференцияның ашылуында. 

Облыс әкімі аталған секторда оң динамика байқалып отырғанын баса айтты. Өткен жылдың қорытындыларымен салыстырғанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9 пайызға өсіп, 62 мыңнан астам бірлікті құрады. Бизнеспен айналысатындардың саны 8 пайызға артты. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығаруы 549 млрд.теңгені құрап, 3,4 пайыз жылдық өсуін көрсетті. Облыс экономикасындағы үлесі 21,3 пайызды құрады.

«Бүгінгі кездесу - билік пен үкіметтік емес ұйымдардың, даму институттарының және бизнестің арасындағы өзара қатынастарды нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Кәсіпкерліктің тұрақты дамуы және кәсіпкерлік әлеуетті жандандыру үшін жаңа мүмкіндіктер іздеу - біздің негізгі міндетіміз. Бүгін облысымыздың кәсіпкерлерімен бірлесіп осы мәселенің шешімін тауып талқылауымыз қажет», - деді Б.Әбдішев. 

Сондай-ақ кәсіпкерлердің конференциясында Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Болатбек Бәйменов, Кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәдениет Божбанов және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Мирлан Биялиев сөз алып, отандық кәсіпкерлік әлеуетті дамытудың жолдарын ұсынды. 
Конференция соңында облыстық әкімдік пен Кәсіпкерлер палатасы арасында әріптестік орнату туралы декларацияға қол қойылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер