astana-view

Нұржан Әлтаев: Кадрлар – өндірістер алдында тұрған ең үлкен мәселе

2014 жылғы 28 Тамыз
- Ақтөбе облысы
8691 просмотров

 

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Ақтөбеге жасаған жұмыс сапарының барысында ауыл шаруашылық колледжінде де болып қайтты. Бұл оқу орнының агроөнеркәсіптік кешенде жұмыс жасау үшін облыс көлемінде маман дайындайтын жалғыз мекеме екені белгілі.

Оқу орнының директоры Амангелді Есеркепов қонаққа оқу бөлмелерін аралатты, студенттер жыл бойы көкөніс өсіретін, теліміне, жерінің әрбір бөлігіне түрлі дақылдар отырғызылған жылыжайды көрсетті.

Сонымен қатар Нұржан Әлтаев шошқа шаруашылығы кешенінің шағын жабдығы орнатылған бөлмеде болып қайтты.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметпен, Білім министрлігімен, Еңбек министрлігімен бірлесіп ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойып, іс-шаралар жоспары даярланып, «Дуалды білім берудің жол картасы» дайындалған болатын. Әрбір өңірде басымдылықты бағыттар анықталып, кәсіпорындарға арналып кадрлар дайындалатын колледждер белгіленген. Ақтөбе облысы қалған өңірлер сияқты техникалық жұмысшы мамандықтардың сапалы түрде даярлануына мұқтаж. Өңірлеріңізде ауыл шаруашылық колледжі де эксперименталдық оқу орындарының қатарына енгізілген», - деп атап өтті Нұржан Әлтаев.

Яғни жұмыс берушілер оқу процесіне араласа алады, оқу бағдарламасын өзгерте алады, студенттер уақытының 60 %-н кәсіпорын қабырғасында өткізетін болады.

«Колледж Кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпорындармен тікелей жұмыс жасайды. Өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі мамандарды даярлауға үлкен тапсырыс жасап, оқытуға қажет жабдықтарды алуға көмектесті. Бұл мақсатқа бес миллион теңге жұмсапты. Қазірде біз заңнамаға бизнесменнің білім беру жүйесіне жұмсаған қаражатын салық бойынша шегерімге жатқызуға мүмкіндік беретін өзгертулер енгізуді ұсынып жатырмыз. Ақтөбе облысы өнеркәсіптік сектор жағынан да, аграрлық сектор жағынан да қарқынмен дамуда, көптеген жылыжайлар, мал шаруашылық кешендері көптеп салынып жатыр. Ауыл шаруашылық колледжі кадрларды даярлау үшін жақсы алаң болып табылады. Біз осындай бастамаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз», - деп баса айтты ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, кадрлар – қазіргі таңда барлық өндірістер алдында тұрған ең үлкен проблема, сондықтан да бүгін заңнамаға салмақты өзгертулер енгізіп, білім беру стандарттарын өзгерту қажет.

«Жыл сайын РФ-да 350 миллиард долларға азық-түлік сатылып алынады! Бұл аса зор нарық, оны қолданбай қалу күнә. Қазірде Ресейдің Батыс елдеріне эмбарго жариялағаны белгілі, ал бұл орын біздің кәсіпкерлеріміз үшін босап тұр, сондықтан да біз қазір осыны қолға алып, мүмкіндігінше өз өндірістерімізді өсіруге тиіспіз», - деп қорытты Нұржан Әлтаев.

Күннің екінші жартысында құрметті қонақ Палата ұжымымен, аудандық филиалдар директорларымен жұмыс жиналысын өткізіп, кәсіпкерлердің Өңірлік кеңесінің кезекті жиналысына қатысты. Отырыста өңірдегі бизнестің проблемалы мәселелері талқыға салынды.

Атап айтқанда, аудандарда «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үйлерін ашу туралы ұсыныстар айтылды, яғни кәсіпкерлер барлық консалтингтік, заңгерлік қызметтерді және рұқсат беру процедураларын ала алатын болады.

«Аудандарда бизнесті дамыту үшін үш құралды дамытуымыз қажет. Біріншіден: Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын немесе Кәсіпкерлер үйлерін ашу, екіншіден кәсіпкерлер мектептері қажет, және де ең соңғысы: жеңілдікпен қаржыландыру қажет. Осыларды аудандық деңгейде жасақтайтын болсақ, үлкен жылжу болады», - деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер