astana-view

Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының трансформациясы

Күшті экономика мықты кәсіпкерліксіз мүмкін емес. Дегенмен, бизнес мемлекеттің толыққанды серіктесіне айналу үшін оның мүддесі жай ғана ескеріліп қоймай, бірлескен шешімдер мен ортақ диалогтың нақ ортасында тұруы қажет. Сол себепті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы институционалдық, басқарушылық және идеялық тұрғыда терең трансформациядан өтті.

Трансформация не үшін қажет болды?

Қазақстан заманауи нарықтық экономиканы құру жолында байыптылықпен, бірізділікпен жүріп келеді. Бұл үрдіс тұрақты институттар мен ашық ережелерді ғана емес, мықты әрі әлеуметтік жауапты кәсіпкерлік қауымдастықты талап етеді. Мемлекет дамуға қатысты жаңаша көзқарастар қалыптасып, күн тәртібіндегі міндеттерді шешуде заманауи әдістер пайда болатын жаңа кезеңге қадам басты. Бұл сондай-ақ ескірген көзқарастар тарих қойнауына кетіп, ал олардың орнына кәсіпкерлікті өзгерістердің негізгі итермелеуші күші ретінде танытатын тың көзқарастар басқан жаңа уақыт.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы кезеңде ел экономикасындағы бизнестің рөлін нақтылай түсті.

«Отандық бизнес – экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші. Шағын және орта бизнес дамып келеді. Кәсіпкерлер палатасы – мемлекеттің толыққанды серіктесі», – деді Президент.

Шын мәнінде, басқарушылық ойлау қабілеті бар, бастамашыл және ресурстарға ие бизнес тек үрдіске қатысушы ғана емес, экономиканың негізгі салаларын алға сүйрейтін, бәсекеге қабілеттілікті арттыратын әрі жалпыұлттық әл-ауқатты көтеретін күшке айнала алады. Оның рөлі қарапайым салық төлеуші немесе жұмыс беруші қызметінен әлдеқайда тысқары. Кәсіпкерлер көп жағдайда мемлекеттің экономикалық реформаларды қалыптастыру мен іске асырудағы негізгі серіктесіне айналып отыр.

Бұл әлеуетті іске асыру үшін кәсіпкерлік қауымдастықтың ұстанымын анық көрсете алатын, оның мүддесін қорғай алатын әрі мемлекетке тұшымды ұсыныстарды жеткізетін институционалдық платформа қажет болды. Осы міндетті атқару үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды.

2022 жылға қарай бизнестің дамуында және мемлекеттік құрылымдармен әрекеттесуде жаңа үрдістер пайда болды. Бұл өз кезегінде тәсілдерді қайта ой елегінен өткізуді және жұмыс тәртібін жаңартуды талап етті.

Кәсіпкерлердің сұранысы өзгеріп, экономикалық орта дами бастады, сондай-ақ институтты қазіргі жағдайларға бейімдеу қажеттілігі жөнінде ұсыныстар жиі айтыла бастады. Бұл «Атамекен» ҰКП-ның әрі қарай дамуы мен бизнес-қауымдастықтағы рөлін күшейту мақсатында түбегейлі өзгеруінің бастамасы болды.

Трансформация қажеттілігі айқын болды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІХ және Х съезінде институттың түбегейлі реформасының негіздері қаланды. IX съезд күн тәртібін әзірлеу аясында кәсіпкерліктің барлық негізгі аймақтық және салалық буынын қамтыған 90 адамнан тұратын үлкен жұмыс тобы құрылды. 6 отырыс қорытындысы бойынша жүйелі шешімді талап ететін мәселелердің 4 блогы анықталды: тұжырымдамалық мәселелер, Төралқа мен оның комитеттерінің қызметі, өңірлік палаталардың жұмысы және де мүшелік жарналар мәселесі.

ІХ съезд шешімімен кәсіпкерлер Палата трансформациясына қарай бағдарды бекітіп, шағын кәсіпкерлік субъектілерін міндетті мүшелік жарналардан босатты. Төралқа мен Басқармаға микро және шағын бизнесті қорғау мен дамытуға басымдық бере отырып, заңнама мен Жарғыға өзгерістер енгізу тапсырылды.

X Съезде осы шешімдердің орындалу барысы ұсынылып, «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңның 33 бабының 14-іне қатысты өзгертулер енгізу жобасы таныстырылды. Өзгертулер кең ауқымды, атап айтқанда Палатаның басқарушы органдарын қалыптастыру қағидаттары мен ашықтықты арттырудан бастап, ҰКП-ның білім беру, сыртқы экономикалық қызметті дамыту, жергілікті бизнесті қолдау, инвестициялар және кедергілерді жою саласындағы қызметін кеңейтуге дейінгі тақырыптарды қамтыды. Барлығы 26 түзету әзірленіп, олар бюрократиядан арылуға, өңірлік өкілдікті күшейтуге және Палатаның бизнес пен мемлекет диалогындағы институционалды рөлін нығайтуға бағытталды. Ұсыныстар 15 өңірден 3,3 мың кәсіпкермен және 190 салалық ассоциациямен кеңесу негізінде жасалды. Жалпы алғанда, съездер кәсіпкерлік қауымдастықтың нақты өкілі әрі мүддесін қорғаушы ретінде Палатаның белсенді және мазмұнды рөлін қайтаруға бағдар берді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы корпоративті басқарудың тиімділігін арттыруға, бизнестің мүддесін қорғауға және өкілеттілікті күшейтуге бағытталған қызметін жүйелі түрде түрлендіруді жалғастырып келеді.

Шынайы трансформация. «Атамекен» ҰКП-ның өзгеруі және бизнестің ықпалын күшейту үрдісі қалай жүріп жатыр

1. Бизнестің өкілді органдарын демократиялы ету және қайта жаңғырту

Трансформацияның басты ұйымдастырушылық қағидасы «төменнен жоғарыға» басқару моделі – bottom-up стратегиясы болды. Бұл үрдіс күн тәртібін қалыптастыруда орталықтандырылған жүйеден кәсіпкерлердің нақты сұраныстарына негізделуге көшу дегенді білдіреді. Алғаш рет Төралқа мен Басқарма шешім шығаратын жалғыз орган болудан қалды. Бұдан былай шағын және орта бизнестің үні тек естіліп қана қоймай, елеулі мәнге ие бола бастады. Кәсіпкерлер жергілікті деңгейде Палата шешімдеріне тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болды.

Басқару жүйесі түбегейлі жаңартылды. Барлық негізгі құрылымдарда ротация жүргізілді. Өңірлік кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі 4 жыл болып бекітілді, ал олардың құрамына салалық және аудандық кеңестердің белсенді мүшелері не қауымдастықт өкілдері кіре алды.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасы заңының (әрі қарай – Заң) 21-бабына енгізілген өзгертулерге сәйкес («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (әрі қарай – Байланыс туралы заң), Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа мүшелері тақ саннан құралады және оны Төраға басқарады.

Ұлттық палата Төралқасының құрамы:

  1. Қазақстан Республикасы Парламентінің кемінде 5 депутаты, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлері және (немесе) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін білдіретін республикалық қауымдастық (одақтар) өкілдері;
  2. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл;
  3. Төралқа комитеттерінің төрағалары;
  4. Өңірлік кеңес төрағалары.

Осылайша, Байланыс туралы заңға сәйкес:

  1. Шағын және орта бизнес субъектілерінің мүддесін білдіретін аккредиттелген қауымдастықтар өкілдері үшін квота енгізілді;
  2. Ұлттық Палата Төралқасының жеке құрамын сан бойынша шектеу жойылды (Төралқа мүшелерінің тақ санынан құралады);
  3. Өңірлік кеңестер төрағалары үшін сандық шектеу жойылды;
  4. Ұлттық палата Төралқасы комитеттерінің төрағалары лауазымы бойынша Ұлттық палата Төралқасының мүшесі болып есептеледі.

Комитеттер мен салалық кеңестер құрамында жаңа бағыттар – креативті индустриялар, HoReCa, орнықты даму, техногенді қауіпсіздік және басқалары пайда болды. Әйелдер кәсіпкерлігіне және әлеуметтік кәсіпкерлікке, туризм, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ бизнес үшін нақты әрі үйлесімді шешімдер маңызды болатын өңірлік басымдықтарға көбірек көңіл бөлінді.

Аймақтардағы кәсіпкерлердің өкілді органдары саналатын Өңірлік кеңестер құрамын жаңарту және қайта сайлау ҰКП трансформациясының маңызды бөлігінің бірі болды. ҰКП туралы Заңның 25-бабына сәйкес, 2024 жылдың желтоқсаны мен 2025 жылдың қаңтары аралығында 14 облыста, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Өңірлік кеңестер мүшелерінің сайлауы өтті.

Құрам 50–80% жаңарды, бұл нақты адамдар мен ой-тұжырымдардың шын мәнінде ауысқанын көрсетеді. Қайта сайланған кеңестер жергілікті бизнеспен байланысты күшейте отырып, Салалық және Аудандық кеңестерді құра бастады.

Трансформацияның алғашқы «басымдықтарының» бірі ретінде ШОБ – экономиканың анағұрлым жаппай әрі серпінді сегменті саналды.

Әр өңірде жергілікті экономиканың ерекшеліктері мен басым бағыттарының негізінде қалыптасқан 165 салалық кеңес құрылды. Олардың құрамына шағын және орта бизнес басшылары мен беделді сарапшылар кірді. Бұл кеңестер бизнестің нақты қажеттіліктеріне әрі кедергілерге жедел жауап бере отырып, кәсіпкерлер мен Палата арасындағы негізгі кері байланыс арнасына айналды.

Жаңа модель белсенділікті еселеп арттырды: жергілікті жерлердегі Палата жұмысына қатысушы кәсіпкерлер саны 500-ден басталып, 7 мыңнан асып түсті. Бизнестің өз үнінің ескерілетініне, шешімдерге әсер ете алатынына көзі жетті. Бұған 2022 жылмен салыстырғанда ММЖ-ның 28% өсуі дәлел болды.

Нәтиже айқын көрініп тұр – кәсіпкерлер тек қатысушы ғана емес, «Атамекенмен» бірге өзгерістерді белсенді жасаушы болды. 

Сонымен бірге ірі бизнес те маңызды салаларда шешімдерге бастамашы бола отырып, белсенділігін сақтап отыр. Мысалы, тау-кен металлургия кешенінде ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында қатты минералды қалдықтарды (ҚМҚ) қайта өңдеу, геологиялық барлауды, экологиялық тұрақтылықты дамыту және сирек металдарды өндіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қиындықтардың ауқымына сәйкес реформа да ауқымды болды. Өзгерістер Палата жұмысының мазмұнына да, оның ұйымдық құрылымына да әсер етті. Оның негізінде кәсіпкердің рөлі туралы жаңаша түсінік – тек экономикалық ресурс ретінде ғана емес, сонымен қатар қоғамның жауапты әрі әлеуметтік тұрғыдан белсенді бөлігі ретінде қарастыру жатты.

Бизнес – ауылдан мегаполиске дейін – әрқашан оқиғалардың ортасында: ол экономиканың драйвері де, жұмыс беруші де әрі қиын кезеңде бірінші болып көмек қолын созатын күш болып табылады. Дәл осы құндылықтар Палата қызметін тек қана экономикалық күн тәртібінен шығарып, ауқымын кеңейте түсті.

Осы құндылықтар 2024 жылы «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» идеясына айналды. Бұл – қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін адал әрі жауапты кәсіпкер бейнесі. Ол іргелі және дәстүрлі рухани-адамгершіліктік құндылықтарды түйсіне алатын азамат қалыптастыруды көздейді.

Өз мысалымен табысты бизнес пен белсенді азаматтық позиция үйлесімін көрсете алғандарды елеп-ескеру мақсатында «Адал азамат» сыйлығы тағайындалды.

Қаржылық модель де қайта қаралды. Орта бизнеспен қатар «басымдыққа ие болған» шағын бизнес міндетті мүшелік жарналардан (ММЖ) босатылды.

Бюджеттік бағдарламаларға қатысу айтарлықтай қысқартылды: егер 2019 жылы олар бюджеттің 72%-ын құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 10%-ға дейін қысқарды.

Мемлекеттік түсімдер Палатаны тәуелді етіп, беделін осал көрсететін. 2019 жылға қарай бюджеттің басым бөлігі мемлекет қаражатынан құралды, бұл өз кезегінде Палатаның шешім қабылдаудағы тәуелсіздігіне күмән тудырды.

Кадрлық саясатты 30% оңтайландыру және KPI енгізу жауапкершілік пен ынталандыру жүйесінің анағұрлым ашық әрі әділ болуына жағдай жасады. Алғаш рет «Атамекен» ҰКП «Құрметті қызметкері» төсбелгісі енгізілді. Ол жекелеген қызметкерлердің еңбегін бағалап қана қоймай, Палата құрылымының кез келген деңгейіндегі әрбір қызметкер рөлінің маңыздылығын айқындайды.

Құрамды жаңарту үздік мамандарды сақтап қалуға мүмкіндік берді, ал жаңа департаменттердің құрылуы жұмысты ұйымдастыруда басқа тәсілдерді енгізуге жол ашты. Меритократия қағидатына көбірек көңіл бөлінді, мұнда әрбір қызметкер құрылымдық бірлік ретінде емес, ортақ іске тартылған белсенді ресурс ретінде қарастырылады.

Өзгерістер тұрақты сипатқа ие болу үшін оларды заңнамалық деңгейде бекіту қажет болды. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңға енгізілген түзетулер тоғызыншы реформалар пакеті аясында қабылданып, бір жарым мыңнан астам норманы қамтыды және Палатаның жаңартылған моделін бекітіп, ашықтыққа, әкімшілік жүктемені азайтуға және бизнестің реттеу үрдісіне қатысуын күшейтуге басымдық берілді. Заңға Президент қол қойып, ол 2024 жылғы маусым айында күшіне енді.

2. Палатаның мемлекет пен бизнесті байланыстырушы буын ретінде саяси және экономикалық рөлі

ҚР-ның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгінде мемлекеттік бағдарламалар мен қызметтердің операторы ғана емес. Бұл – жүздеген мың кәсіпкердің мүддесін білдіретін, Үкімет және Парламентпен жүйелі диалог жүргізетін, нақты бастамалар арқылы күн тәртібін қалыптастыратын және соңында заңнама арқылы, бизнесті қорғау әрі бақылау тәжірибесін реттеу арқылы тұтас жүйені өзгерте алатын маңызды әрі ықпалды институт.

Бизнестің айрықша мәнін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті.

«Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Сөз жаңа «қоғамдық келісім» жайында: мемлекет жағдай жасап, жеке меншікті қорғайды, ал кәсіпкерлер салық төлеп, жұмыс орындарын ашады. Мемлекеттік аппарат әр кәсіпкерді құқықбұзушы деп көрмеуі керек.  Кәсіпкерлер – тең құқылы серіктестер», – деді президент.

2014 жылы құрылған сәтінен бастап Палата кәсіпкерлері проблемаларының тізіліміне бизнестің жүйелі 1137 мәселесі енгізіліп, соның 864-і шешілді. Бұл – ресми жай кеңселік жауап беру емес, Үкімет деңгейінде шешілген 76% шынайы өзгерістер.

Мемлекеттік органдардың бизнес үшін жағдай жасау бойынша жұмысын бағалайтын «Іскерлік ахуал» рейтингінің әдістемесі жаңартылды. Жаңа тәсіл аймақтар мен салалар бойынша жағдайды нақтырақ саралауға мүмкіндік береді. Бүгінде рейтинг 20 өңірді, оның ішінде 228 қала мен ауданды қамтиды.

Ескірген, тиімсіз немесе шамадан тыс талаптарды жеңілдету немесе жою (Таза парақтан реттеу) аясында 44 сала бойынша 2,8 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер қаралып, 128 мың талап талданды. 10 мыңнан астам талап алынды немесе өзгертілді – олардың әрқайсысының артында нақты кедергілер мен кәсіпкерлердің тағдыры жатыр.

Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап Палатаның атына 27 928 өтінішхат түсті.

2023 жылдан бері 1432 Бірыңғай байланыс орталығына кәсіпкерлерден 403 676 қоңырау мен WhatsApp желісі арқылы 32 070 сұрау түсті.

«Атамекен» ҰКП бизнес-қауымдастықпен, мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен серіктестік жөнінде 21 келісім мен меморандумға қол қойды.

ҚР-ның Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен алғаш рет Үкіметте климаттық күн тәртібіндегі бизнестің рөлі талқыланды. Палата бастамасымен нақты міндеттер – орман-климаттық жобалар бойынша нормативті негіздемені жеделдету және «жасыл» инвестицияларды тарту міндеті қойылды.

Британдық SEFE компаниясымен жасалған келісім маңызды оқиға болды. Алғаш рет қазақстандық бизнес үшін халықаралық климаттық серіктеске жол ашылды, бұл өз кезегінде ESG-стандарттарын енгізу мен көмірқышқыл бірліктерін сертификаттауға мүмкіндік берді.

Алматы облысында орман отырғызу, экотуризм, агроэкокластерлерді қамтитын алғашқы пилоттық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 30 жылда 1,2 млн тоннадан аса көмірқышқыл газы сіңірілді. Жоба Үкіметтен қолдау тауып, таралу ауқымын кеңейтуге ұсынылды.

Бұған қоса ел бойынша 164 мыңнан астам кәсіпкер «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, 189 мың тонна қоқыс жинады. Бұл бизнестің экошараларға қатысуының ең ауқымдысы болды.

Осылайша, «Атамекен» тек ШОБ мүддесін қорғап қана қоймай, жаңа, жауапты әрі болашаққа бағдарланған кәсіпкерлік мәдениеттің драйверіне айналып отыр.

3. Бизнес-қауымдастықтың нормативтік құжат дайындау үрдісіне қатыстылығын күшейту

Ұлттық палата трансформациясы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында бизнес субъектілері Палатаның сараптамалық қорытындыларының тек ұсынымдық сипатта болатынын, осыған байланысты мемлекеттік органдармен еленбейтіндігі жөнінде жиі мәселе көтере бастады.

Сонымен қатар, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын, мемлекеттік бағдарламалар, кешендік жоспарлар және т.б. жасауға бизнес-қауымдастықты қатыстыру мәселесі де көтерілген еді. Көп жағдайда аталған құқықтық актілердің мазмұны бизнес мүддесіне тікелей қатысты болады, себебі Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында және басқа да құқықтық актілерде бизнес субъектілері үшін маңызды саналатын мәселелер қарастырылады, ал оларды ары қарай іске асыру нормативтік-құқықтық актілерді жасау және қабылдау арқылы жүргізіледі.

Осылайша, мазмұны кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне тікелей әсер ететін құқықтық актілерді жасауға Ұлттық палатаның қатысу қажеттілігі туындады.

2022 жылы 2 қарашада бұл ұсыныстар Съезд қарсаңында өткен кездесуде сол кездегі Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың қолдауына ие болды.

2022 жылы 4 қарашада Ұлттық палатаның Х съезінде келесі ұсыныстар қолдау тапты: МЖЖ құжаттары мен бизнес мүддесіне қатысты өзге де құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу; бизнес мүддесін қозғайтын жобаның соңғы нұсқасын әзірлеуші мемлекеттік органның қайта жіберуін міндеттейтін нормаларды енгізу; әзірлеуші орган мен Атамекен арасында келісімге қол жеткізілмеген концептуалды мәселелерді Үкімет алаңына шығару мүмкіндігі.

2022 жылғы қараша мен 2023 жылғы сәуір аралығында Ұлттық палатаның өкілдері ҰЭМ, ӘМ және ҰКП алаңдарында түзетулердің бірлескен нұсқасын жасау мақсатында онлайн/офлайн форматтарда бірнеше рет аталған министрліктердің өкілдерімен кездесулер өткізді. Жиындар бизнес ортаға арналған заңнаманы жетілдіру мәселелеріне кәсіпкерлік субъектілерін барынша тартуға бағытталды.

Әзірленген түзетулер бизнес жүргізу мәселелері бойынша заң жобасына енгізіліп, Парламенттің екі палатасында талқыланды.

2024 жылы 6 сәуірде түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2024 жылғы 5 маусымнан бастап күшіне енді) қабылданды.

Атап айтқанда:

  1. Кәсіпкерлік кодекс пен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына тағы бір норма енгізілді, ол бойынша бұдан былай ҰКП мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құжаттарды қарауға қатысады.
  2. Кәсіпкерлік кодексте сарапшылық кеңестің, оның ішінде ҰКП мүшесінің біреуінің бастамасымен отырыс өткізу талап етілсе, мұндай отырысты өткізуді міндеттейтін ереже көзделген. Сарапшылық кеңес отырысының қорытындысы кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселесі бойынша Ведомствоаралық комиссияның қарауына жіберіледі.
  3. «Құқықтық актілер туралы» заңда әзірлеуші мемлекеттік органның ҰКП-ға және сарапшылық кеңестерге кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қозғайтын, реттеуші саясаттың консультативтік құжаттарын және нормативтік-құқықтық актілер жобаларын міндетті түрде қайта жолдау нормалары көзделген.

Бұл түзету мына жағдайға байланысты енгізілді: бұрын Ұлттық палатамен келісілген НҚА жобасының редакциясы Қазақстан Республикасының Үкіметіне немесе Әділет министрлігіне енгізу кезінде түбегейлі өзгертіліп кететін. Мұндай жобалар бизнес-қауымдастықтың ұстанымын алу үшін Ұлттық палатаға түскен және ашық НҚА интернет-порталында орналастырылған нұсқадан едәуір айырмашылықта болды. Осыған қарамастан, әрбір келесі келісу барысында мүдделі мемлекеттік органдармен міндетті түрде қайта келісу туралы қолданыстағы норма жұмыс істемеді, өйткені ол ережеде анық жазылмаған еді.

Сонымен қатар, Ұлттық палатаның нормативті құжат дайындау үрдісіне қатыстылығы мен оны жетілдірудегі рөлін күшейту жұмыстары аясында Үкіметтің Регламентінде мынадай ережелер көзделді:

  1. Депутаттардың бастамасымен жасалған түзетулер бойынша Үкімет қорытындыларының жобаларын ҰКП-ға жолдауды міндеттеу;
  2. Нормативті құжат дайындау үрдісіне бизнестің міндетті түрде қатысуы туралы заң талаптарын орындамағаны үшін мемлекеттік органдар басшыларының жеке жауапкершілігін бекіту.

4. Палата қызметінің сыртқы экономикалық бағыты

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы экспорттаушыларды сервистік қолдау бағдарламалары және инвестициялық форумдарды ұйымдастыру аясында қазақстандық бизнестің халықаралық іскерлік алаңдағы орнын нақтылай түсті. Соңғы бірнеше жылдың ішінде ғана 230 бизнес-шара ұйымдастырылып, Іскерлік кеңестердің 23 отырысы өткізілді және жалпы құны $2,23 млрд-тан асатын 72 келісім мен келісімшартқа қол қойылды.

Отандық кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында форс-мажор туралы ережелер жаңартылды. ССП беретін форс-мажор жағдайларының куәліктері кәсіпкерлерге тараптардың еркінен тыс себептерге байланысты келісімшарттық міндеттемелерді орындай алмауын ресми түрде растауға мүмкіндік береді.

Соңғы үш жылда берілген куәліктер құны 500 млрд теңгеден асатын келісімшарттар бойынша бизнес мүддесін қорғауға көмектесті.

5. ҰКП қызметінің жаңа жұмыс моделі – ашықтық, икемділік, жауапкершілік

2024 жылы басталған трансформация әкімшілік құрылымды өзгертуге ғана емес, ҰКП жұмысының философиясын өзгертуге бағытталды.

Жаңа модельдің негізгі басымдықтары:

  • Бизнеспен әрекеттесу жолдарын және қызмет көрсетуді цифрландыру.

«Бизнестің жеке кабинеті», «Бизнестің цифрлық картасы», eGovBusiness секілді цифрлық қызметтер енгізу сатысында тұр. Кәсіпкерлер қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша алып жатыр:

  • Барлық рәсімдердің, оның ішінде кадрлық тағайындаулар, сайлаулар, талқылаулардың барынша ашық болуы;
  • кәсіпкерлер сұранысына жедел жауап беру;
  • Палатаның сарапшылық рөлін күшейту, оның ішінде салалық ассоциацияларды, кәсіби қауымдастықтарды, сарапшыларды қатыстыру арқылы іске асыру.

Бірыңғай экожүйе

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Атамекен» ҰКП Үкіметпен бірлесе отырып, шағын және орта бизнесті қолдаудың бірыңғай экожүйесі тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Оның негізгі элементі – кәсіпкерлерге бір цифрлық кеңестікте барлық негізгі қызметтерге – мемлекеттік, әкімдік, даму орталықтары және бизнестің өзінің қызметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін цифрлық платформа.

Платформаның негізгі функциясы қызметтер маркетплейсі болмақ. Ол кәсіпкерлерге ыңғайлы форматта әкімшілік, кеңестік және сервистік шешімдерді алуға мүмкіндік беретін цифрлық «бірыңғай қолжетімділік» болады. Бұл ретте күрделі бюрократиялық рәсімдерді түсінудің немесе ақпаратты түрлі сайттар мен ведомстволардан іздеудің қажеті болмайды.

Экожүйе бизнес пен мемлекет әрекеттестігінің түбегейлі жаңа – ашық, жедел және нәтижеге бағытталған форматын жасайды. Ол кәсіпкерлерге практикалық міндеттерді жылдам шешуге, ал мемлекетке ШОБ-тың дамуындағы нақты ахуалды көруге және сын-қатерлерге жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

ЕGovBusiness-тің фронт бөлігінде кәсіпкерлерге келесі қызметтер қолжетімді болады: 

  • кәсіпкердің жеке кабинеті;
  • бизнеске арналған мемлекеттік қызметтер мен сервистер;
  • қолдау шараларын алу;
  • сараптама;
  • цифрлық құралдар.

Экожүйенің артқы бөлігі Бизнестің цифрлық картасы шеңберінде құрылады. Ол мониторинг, ШОБ бойынша объективті сараптама, мониторинг жүргізу арқылы мемлекеттің қатыстылығын қамтамасыз етіп, шешім шығару мақсатында деректерді үкіметтік Дэшбордқа салады.

Оған мынандай функциялар кіреді:

  • Палата мен мемлекеттік органдардың жеке кабинеті;
  • кәсіпкерлердің, оның ішінде қолдау шараларын алушылардың тізілімі;
  • бизнес-климат жағдайы;
  • инвестициялық белсенділік бойынша талдау;
  • реттелетін сатып алулар бойынша талдау;
  • тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің матрицасы;
  • қолдау шараларының бірыңғай тізбесі.

Аталған бастамаларды іске асыру Ұлттық палатаға өзінің сервистік қызметін және клиентке бағдарлануын арттыруға мүмкіндік береді.

 «Атамекен» ҰКП реформасы дамудың жаңа бағытын айқындады. Ол бойынша ашықтыққа, кәсіпкерлердің қатыстылығына және нәтижеге бағдарлануға басымдық берілді. Бұл – Палатаның бизнес мүддесін білдіретін ұйым ретінде рөлін күшейтудің маңызды қадамы. Мұндай трансформация тек бизнес үшін пайдалы ғана емес, әрбір қазақстандық сезіне алатын нәтиже болды:

  • ШОБ-ты жарналардан босату;
  • кәсіпкерліктің жүйелі 864 мәселесін жою;
  • 128 000-нан астам артық талаптарды жою және қайта қарау;
  • ашықтықтың, жедел әрекеттің және сервистің артуы;
  • 200 млрд теңгеден астам сомаға шарттарды қорғау;
  • ел бойынша бизнестің мәселелерін жылдам, түсінікті және әділ шешуге мүмкіндік беретін цифрлық экожүйені іске қосу.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев:

«Егер бұрыннан жинақталған капитал тек иесінің пайдасына ғана емес, сонымен қатар ұлттық экономиканың игілігіне, Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, адал әрі патриоттық рухтағы бизнес әрдайым құрметке ие болып, мемлекеттің қорғауында болады», – деп атап өтті. Дәл осындай ұстанымды жаңартылған Палата бизнестің дамуына, елдің тұрақтылығына және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға жағдай жасай отырып, іске асырып жатыр.

Бұл ретте Мемлекет басшысы осы міндеттерді іске асыруда өзгерістердің маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Бүгінде біздің алдымызда тұтастай қоғамдық құрылымды түбегейлі трансформациялау сияқты стратегиялық мәнге ие міндет тұр… Жаңа «ойын ережелерін» анықтау қажет. Олар әділетті, ашық және адал болуға тиіс», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Палата бір орында қалып қоймай, үнемі жаңарып, дамып келеді. Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы уақыт сынағына төтеп беруді әрі қарай жалғастырмақ. Негізгі басымдықтардың бірі – мықты, жауапты әрі бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту арқылы қазақстандық экономиканың әлеуетін ашу болып қала береді.

                                                                                                      

 

Еншілес ұйымдар

Серіктестер