astana-view

Тауардың шығарылған жері туралы сертификат құны екі есеге төмендеді

2014 жылғы 16 Қыркүйек
2519 просмотров

Тауардың шығарылған жері туралы сертификатты алу құны 4-тен 2 АЕК-ке дейін төмендеп, енді 3704 теңгені құрап отыр, деп хабарлайды BNews.kz. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары, Тауарлардың шығарылған жерін сертификаттау орталығы қадағалаушы кеңесінің төрағасы Нұржан Әлтаев мәлім етті.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлағандай, тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың құнын төмендету туралы шешімді осы жылдың 15 қыркүйегінде ұлттық палата басқармасы қабылдады. 

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, ұлттық палата сондай-ақ сараптама жүргізу бойынша міндеттерді өз жауапкершілігіне алуды көздеп отыр, бұл да кәсіпкерлердің шығынын азайтуға мүмкіндік береді. 

«Бүгінде тауардың шығарылған жерінің сараптамасын жекеменшік сарапшылық ұйымдар жүргізіп жатады, сертификаттарды рәсімдеуге кететін шығынның негізгі бөлігін солардың қызметі құрайды, егер сараптама жүргізу ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілсе, онда сертификаттарды беру тегін жүзеге асатын болады», - деп атап өтті Н.Әлтаев. 

«Тауарлардың шығарылған жерін сараптамадан өткізу бойынша міндеттерді ҰКП-ға беру туралы ұсыныс қазір талқыланып жатыр, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ», - деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы тауардың шығарылған жерін сертификаттау орталығының директоры Нұржамал Сұлтанова. 

Оның айтуынша, егер осындай шешім қабылданса, бизнесмендер тауардың шығарылған жері туралы сертификаттарды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер