astana-view

ҰКП: Жекешелендірудің екінші толқыны барынша ашық өтуі тиіс

2014 жылғы 20 Қазан
2076 просмотров

Жекешелендірудің екінші толқыны барынша ашық өтуі тиіс. Осы талапты ұстанған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  Үкіметке парламенттік бақылау комиссиясын құру туралы ұсыныс білдірді.  Бұл туралы палата төралқасының мүшесі Азат Перуашев мәлімдеді. Мәселе Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдар кеңесінің отырысында талқыланды. Азат Перуашевтың айтуынша, мемлекеттік нысандарды сатып алу процесі көлеңкелі түрде өтіп жатыр. Бұлай жалғасса, маңызды нысандар ұстағанның қолында кетеді. «Ал қаржы министрілігі олардың иелері туралы ақпаратты коммерциялық құпияға жатқызып, жариялауға асықпай отыр», -  дейді Перуашев. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР ҰКП төралқа мүшесі: 

Қай объект, қай бағамен, қандай шарттармен жеке меншікке көшкен дегенді айтуға болады. Ал бірақ кімнің қолына түскен деген құпия деп отыр. Біздің ойымызша, бұл дұрыс емес. Себебі егер бұл объектілер бір басшылардың туыстарына немесе балаларының қолына түссе, әрине, бұл заңсыздық. Бұл меншік жеке компаниялар арасындағы келісім емес, ол дегенің халықтың меншігі мен жеке бизнестің арасындағы қарым-қатынас. Оны ашық түрде өткізуді біз талап етіп отырмыз. 

Жекешелендірудің ашықтығын бақылайтын парламенттік комиссияны құру мәселесі бір айдың ішінде шешіліп қалуы мүмкін. Азат Перуашев оған Мәжілістегі барлық фракциялардың өкілдері атсалысуы керек деп санайды. Сонымен қатар, жекешелендіруді өткізу тәртібіне де өзгерістер енгізу керек деген ойын жасырмады. 

Дерекнамасы: Астана ТВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер