astana-view

АСТАНА ТВ - Көкпектіде адам өліміне кінәлі танылған В.Крючковтың ісіне «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы араласты

2015 жылғы 18 Тамыз
3978 просмотров

Қарағанды облысы Көкпекті ауылындағы су тасқыны кезінде адамдардың өліміне кінәлі деп танылған Владимир Крючковқа қатысты мәселеге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы араласты. Астанадағы баспасөз мәслихаты барысында қорғаушы Николай Малюшенко біраз мәселенің басын ашты. 

Айтуынша, Крючков апат орын алған су қойманы жалға алушы «Табиғат-XXI» серіктестігінің құрылтайшысы болған. Сондықтан тасқынға тікелей қатысы жоқ. Осылай деген қорғаушы апатқа бірден бір жауапты су қойманың нақты иелері жазадан жалтарды, деген ойда. Бүгінде тергеу аяқталып, қылмыстық іспен танысу жүріп жатыр. Егерде Владимир Крючков кінәлі деп танылса, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Және 1 миллиард 400 миллион теңге шығынды өтеуі тиіс. 

Николай Малюшенко, қорғаушы: 

Қорғалушыма қатысты «өкілеттігін теріс пайдалану» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін ол өзге бапқа ауыстырылып, "қауіпсіздік ережесін бұзу салдарынан абайсызда кісі өліміне алып келген қылмыстарды жасаған" деген айып тағылды. Бұл мүлде қисынсыз, тергеу амалдарын білікті гидролог мамандар тарту арқылы қайта жүргізуді талап етеміз. 

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да Владимир Крючковқа қатысты іс-қимылдар негізсіз деп отыр. Тергеу органдары кәсіпкерге қарасты мүліктер мен есеп-шоттарға тыйым салған. Салдарынан, шетелдерге қазақстандық өнімді экспорттайтын компания жұмысы тұралап қалды. 

Гүлнәр Құрбанбаева, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары: 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан Адам құқығын қорғау өкілдігіне ашық хат жолдау жоспарда бар. Владимир Крючковтың құқығы мен еркін қорғау бойынша шаралар қолданатын боламыз. Қайғылы оқиғаға қатысы жоқ, бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкерді негізсіз айыптауға жол бермейміз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер