astana-view

ХАБАР - Мүлікті жария ету үшін тура бір жыл, бір ай уақыт қалды

2015 жылғы 26 Қараша
4768 просмотров

Сіз өз ақшаңызды бөтен үйде сақтауға қалай қарайсыз? Оның қауіпсіз күйде тұратынына кепілдік бере аласыз ба? Жалпы отбасыңыз үшін айдалада жатқан табыстың не пайдасы бар?

Әрине, ешқандай пайдасы жоқ. Олай болса, қазақстандықтардың 390 млрд. АҚШ доллары шетелдік банктерде жатуының себебі неде деген сауал туындайды. 

Мемлекет 3 жылдан бері мүлік пен ақшаны заңдастыруды сұрап отыр. Тіпті мерзімін келесі жылға дейін созды. 

Мүлігін жасырып отырған кімдер? Кім ақшасын тіркегісі келмейді? 

Шымкенттік Гүлназ Бахадирова үйінің құрылысын 2013 жылы аяқтап, көшіп алған. Бірақ бірден оны заңдастыруды ойламапты. Алғашқыда құжатсыз үйде тұрғанына отбасы мүшелері мән бермеген. Бірақ уақыт өте заңсыз мүлікпен алысқа бармайтынын сезе бастайды. 

Гүлназ Бахадирова, Шымкент қаласының тұрғыны 

- Біз құжаттары жоқ үйде тұрдық. Ол қанша уақытқа созылар екен деген уайым болды. Еңбекші ауданының жігіттері келіп, мүлікті жария ету заңына байланысты 1 ай ішінде заңдастырып берді. Қазір иығымыздан ауыр жүк түскендей болды. 

Осы уақытқа дейін 420 млрд. теңгеге жуық мүлік пен ақша заңдастырылды. Бірақ әзірге кішігірім нысандар мен азын-аулақ қаражаттар ғана бой көрсетіп отыр. 

Шетелде сақтағанын қайтарғысы келетіндер саны аз. Осыны ескерген Елбасы кеңейтілген кеңесте бұдан әрі ешкімге рақымшылық жасалмайтынын айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

- После этой легализации начнем искать деньги, запрятанные от налогов по всему миру. Генеральный прокурор со мной везде ездил, везде подписал договор о правовой помощи с самыми крупными странами, начиная от США. ОЭСР объявил, что он откроет все счета никаких офшоров не будет.

Ресми емес деректерге сүйенер болсақ, дәл қазір өзге елде біздің азаматтарымыздың 390 млрд. доллары айналымда жүр. 

Егер олар қайтатын болса, экономикамызға да біраз жеңілдік болар еді. 

Мемлекет ондайлар үшін тіпті жағдайдың барлығын жасаған. Олар қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды. 

Есімдері мен жария еткен қаржы көлемі құпия күйінде қалады. 

Нұрлан Сакуов, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры 

- 2017 жылы жалпыға ортақ декларация тапсыру шарасы басталады. Оны ең бірінші мемлекеттік қызметкерлер, Ұлттық компания өкілдері, содан кейін еліміздің басқа да азаматтары тапсырады. Егер сол уақытқа дейін кез келген адам өзінің атында тұрған қаржысын не мүлкін заңдастырып үлгермесе, онда ол құзырлы орган өкілдері алдында жауап береді. 

Эльвира Тағайқызы, тілші 

- Жасырғанды жария ету үшін тура бір жыл, бір ай уақыт бар. Осы мерзім ішінде азаматтар тасада қалдырған қаржы мен мүлкін заңдастырып үлгеруі қажет. Қаражатты мемлекетіміздегі кез келген банкте сақтауға болады. Не кәсіпорынды алып, оны табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік бар. Ал капиталын қалтарып қаламын дейтіндер үшін әңгіме қысқа. Барыңыздан қағыласыз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер