astana-view

Елімізде кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 200-ге жуық орталық жұмыс істейді

2016 жылғы 29 Қаңтар
4246 просмотров

«Келісіп пішкен тон келте болмайды».

Бүгінде бизнес саласының өкілдері ілкімді іс бастамас бұрын, алдын ала ақылдасу үшін арнайы мамандармен келелі кеңес құрады. Ал Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бизнес-жоспар құрудан бастап, керек десеңіз, ісіңізді дөңгелетіп әкетуге дейін жәрдемдеседі.

Әсел Ысқақова осыдан екі жыл бұрын ерекше бояуларды Қазақстанда бірінші болып сата бастаған. Бастамасы ретінде тауарды интернет-дүкен арқылы тұтынушыға ұсынған ол енді кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздейді. Ол үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандарымен ақылдасқан.   

Әсел Ысқақова, кәсіпкер:

- Мұнда маған бизнес-жоспар жасауға көмектесті, толығымен тегін болды. Бастысы, біз жоспар құрған кезде қай бағытта жұмыс істеуіміз керектігін анық аңғардық. Кедендік рәсімдерді, келісімшартты қалай дұрыс жасасу керектігін түсіндім. Жалпы, маркетинг жағынан егжей-тегжейлі мәлімет алдым. Мұнымен қоса, осындағы адамдардың да қолдауын сездім.

«Дағдарыс деп қарап отырған адам жоқ», - дейді Астана қаласы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары. Маркетинг бойынша кеңес беретін сарапшы бір айдың ішінде 100-ге жуық адам бизнес-кеңес сұрап келгенін айтып отыр.  

Гүлбану Ибраимова, Астана қаласы КҚКО кеңесшісі:

- 70-80%-ы қызмет атқару саласында, 10%-ы өндіріс ашпақшы. 10-15%-ы тігін цехтары не болмаса кірпіш зауыты. Қалғандары, «ашсақ қалай болады» деп әлі ойланып, ізденуде.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталықтар республиканың барлық өңірлерінде бар. Республика бойынша ірілі-ұсақты 188 орталық жұмыс істеп тұр.

Төлеміс Шотанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары: - Орта бизнеспен айналысатындар құжат және бизнес-жоспармен көмектессе деп келеді. Кейбірінің кәсібі аяғына тұрғандықтан, ауқымын кеңейткісі келіп, қаржыландыру мәселесін, енді бірі нарыққа шығу жағынан көмек сұрап келеді. Біз оларға келісімшарт жасасуға көмектесеміз.   

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде жалпы саны 35 мың кәсіпкерге аталмыш орталықтар арқылы қызмет көрсетілген. Оларға бухгалтерия, маркетинг, кедендік рәсімдерді дұрыс әзірлеу сынды қызметтердің 8 түрі бойынша 40 мың операция жасалған. Сонымен қатар, 15 мың кәсіпкерлікті бастаушы азаматқа бизнес әліппесін таныстырған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер