ҚАЗАҚПАРАТ - Қазақстанда өнеркәсіп саласындағы альпинистердің қауымдастығы құрылмақ
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанда өнеркәсіп саласындағы альпинистердің қауымдастығын құруды ұсынды.
Айта кетейік, бұл ұсынысын бүгін «Өнеркәсіп қауіпсіздігі. Биікте жұмыс істейтін қызметкерлердің құқығын қорғау» атты халықаралық дөңгелек үстел барысында айтылды.
«Кәсіпкерлер палатасы ретінде біз осы саланың дамуына мүдделіміз. Бірақ, бұл саланы дамыту үшін, реттеу үшін, қолдап, қорғау үшін бізге қауымдастық керек. Яғни, бұл салаға оның мүддесін қорғайтын бір орган керек», - дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының шағын және орта бизнес департаментінің директоры Қайыр Ыбыраев.
Қ.Ыбыраевтың айтуынша, қазір Қазақстанда бұл саланы реттейтін ұлттық заңнама жоқ, сондықтан, жарнама іліп, биік ғимараттардың терезесін-сыртын жуатын, жалпы, құзға өрмелейтін өнеркәсіптік альпинистердің құқығы мемлекет тарапынан қорғалмайды.
«Бұл саланың құқығы реттеліп отырған жоқ. Ешкім ешқандай статистика жүргізбейді, биікте жұмыс істеп жүріп, оқыс жағдайға ұшырайтын альпинистер қаншама. Тіпті, кейбір альпинистер қауіпсіздік құрылғылары жоқ жерде жұмыс істей береді екен. Дегенмен, реттеу құжаты Мәжілістің қарауына берілген. Құжат шамамен екі ай қаралады»,-дейді Қ.Ыбыраев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: