astana-view

МТРК - Жыл сайын ел бойынша кәсіпкерлерден түскен шағымдардың 45 пайызы оң шешіледі

2016 жылғы 26 Қазан
2264 просмотров

Биыл 9 айдың ішінде өңірлік кәсіпкерлер палатасы тұрғындардың шағымы негізінде 34 әкімшілік кедергіні анықтаған. Оның ішінде бизнеске қатысты 11 келеңсіздік жергілікті деңгейде шешімін таппай, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданыпты.

Жеңіс Казиев - СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- 2016 жылы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің 7 отырысы өтіп, 17 өтініш сарапталған. Бүгінде соның 10-ы оң шешімін тапты. Биыл өңірдегі кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалдарына 3 мыңға жуық шағым түскен. Соның 300-ге жуығы шешілді. Нәтижесінде 380 млн теңгенің бизнес мүддесі қорғалды.

Жиынға ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов бұдан былай бизнеске тосқауыл қоятын шенділердің атын атау қажеттігін ескертті. 

Ғани Қасымов - «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы:

- Бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайту - барлығымыз үшін ортақ міндет. Сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңызды жоққа шығармаймын. Келесі жоллы баяндамаңызда кәсіпкерлік кодексіндегі нормалар мен тұрғындардың құқықтарын бұзып жатқан мемлекеттік қызметшілердің атын атаңыз. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру бағытында шаралар қолға алынуда.

Ғани Қасымов салық кодексіндегі кейбір нормалар мен кәсіпкерлерге берілетін несиенің жылдық ставкасын төмендету жағы қарастырылып жатқандығын жеткізді. Кейін жергілікті жерде шешімін таппаған мәселелерді қарастыруға көшті. Мінберге бизнесмендерді шақырып, олардың шағымын тыңдады. Анар Ғабдуллина бүгінде 60 шаршы метр жер үшін Сергеевка қаласы әкімдігімен соттасуда. 

Анар Ғабдуллина - жеке кәсіпкер, Шал ақын ауданы:

- Өткен жылы Сергеевка қаласынан заңды жолмен жер телімін сатып алдым. Ол учаскеге сауда павильонын тұрғызып, аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жағдай жасауды ойластырып жүргенмін. Алайда, Сергеевка қаласының әкімдігі барлық жоспарымды бұзды. Қала әкімі 60 шаршы метр жерімді алып қоймақшы. Мен ол жердің құжатын жасатып, құрылысқа рұқсат алу үшін көп уақыт пен қаражатымды жұмсадым. Енді еңбегімінің бәрі зая болайын деп тұр.

Жиналыста мәлім болғандай, осыған ұқсас проблемалар өңірімізде жетерлік екен. Көп азамат жергілікті атқарушы органдардың жұмысына көңілдері толмайтындығын айтуда. «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов барлық тараптарды ден қоя тыңдап, өтініштер аяқсыз қалмайтындығын жеткізді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер