astana-view

«Атамекен» ҚР ҰКП бизнеске тиімді жаңа Салық кодексін әзірлемек

2016 жылғы 16 Қараша
4494 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы салық мәселелері төңірегіндегі қоғамдық пікірталасты назарға ала отырып, жаңа Салық кодексі жобасын әзірлеу және оны кеңінен талқылау бағытындағы жұмысты бастамақ.

Естеріңізге салсақ, қосымша құн салығының шекті мөлшерін төмендету қоғамда қызу талқыға түскен мәселе болды. Алдағы уақытта шағын және орта бизнеске салынатын қосымша салық жүктемесіне қатысты Қазақстанның танымал экономистер тобы  ортақ пікірлерін жариялаған да болатын.  

Салық заңнамасының  қиындай түсуі мен оны орындауда бизнеске салынатын алымдардың өсуі  салдарынан еңбекақы қорында да жүктеменің артуына қатысты туындайтын сұрақтар өз алдына бөлек мәселе.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған сұрақтың кәсіпкерлер үшін маңыздылығын ескере отырып, экономистердің пікіріне қолдау танытуда.  Бизнестің мүддесін есепке ала отырып, жаңа Салық кодексін 2017 жылдың 1 мамырына дейін әзірлеу туралы бастама көтерді.

Шағын және орта бизнеске салынатын салық жүктемесін азайту және салықтық әкімшілік етуді оңтайландыру жаңа Салық кодексінің басты мақсаты болып табылады.  Бұл іскерлік белсенділікті арттыруға және бизнесті «көлеңкеден» шығаруға ынталандырады.

2001 жыл салық заңнамасын бірыңғай жүйеге біріктіру нәтижесінде ҚР Салық кодексінің көлемі 3 есе артты. Сондықтан жаңа Салық кодексін барынша қарапайым әрі түснікті етіп әзірлеу ұсынылуда.

Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрамы ашық түрде белгіленетін Сарапшылар тобын құру жұмыстарын бастады. Ораз Жандосов, Рахым Ошақбаев, Мұхтар Тайжан, Мұрат Темірханов, Меруерт Махмұтова, Жарас Ахметов, Ғалым Хұсаинов, Расул Рысмамбетов және басқа да сарапшылар  аталған топтың құрамына кіру туралы келісімдерін берді. 

Сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мен Ұлттық палатада аккредиттелген бизнес-қауымдастық өкілдері аталған топтың жұмысына қатысатын болады.

Әлеуметтік медиа алаңның маңыздылығын ескере отырып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексі жобасының негізгі қағидалары мен мәтінін ашық түрде талқылау мақсатында Facebook әлеуметтік желісінде «Бизнеске тиімді Салық кодексі» арнайы тобын құрмақ. Жақын арада  әлеуметтік желіде қоғамдық талқылауға арналған техникалық тапсырманың жобасы жариялатын болады.

Сондай-ақ кәсіпкерлер мен сарапшылар үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының www.palata.kz  ресми сайты және 59-79-60 Байланыс орталығы арқылы барлық байланыс құралдары ашық екенін жеткізгіміз келеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сындарлы диалогты барынша ашық өткізу ұстанымын білдіре отырып, талқылауға ниет танытып отырған азаматтарды сарапшылар тобының жұмысына белсенді атсалысуға шақырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер