astana-view

Қазақстан мен Ресейдің іскер әйелдері өзара ынтымақтастықты дамытуда

2016 жылғы 11 Қараша
3880 просмотров

ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі мен Ресей Федерациясындағы Азаматтық бастамалар мен жобаларды қолдау жөніндегі әйелдер одағы ынтымақтастық жайлы Келісімге қол қойды.

Құжатты қазақстандық жақтан ҚР ҰКП ІӘК төрайымы Ләззат Рамазанова, ресейлік тараптан – Әйелдер одағының төрайымы Инга Легасова өз қолтаңбаларымен бекітті.

Қол қою рәсімінде Ләззат Рамазанова Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында достық қарым-қатынас орнағанын келтірді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегі бойынша, ҚР мен РФ арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың бірінші жартысында 4 млн доллардан асқан, оның ішінде экспорт 1 млн доллардан астам көрсеткішті құраса, импорт 3 млн долларды межелеген. 

Ләззат Рамазанова Іскер әйелдер кеңесінің мақсат-міндеттері жайлы әңгімелей келе, басты мақсат әйелдердің іскерлік ортадағы белсенділігін көтеру және неғұрлым олардың көпшілігін кәсіпкерлікке тарту екенін айтты.

«Бүгінде қазақстандық әйелдердің елдің Жалпы ішкі өнімін қалыптастырудағы үлесі 40 пайызға жуықтайды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің 41,5%-ын әйелдер басқарады. 2016 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 700 мыңға жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда, 70 мыңға артты. Дәл осы жандар 794,5 мың жұмыс орнын қамтамасыз ете білді. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі жұмыс орындарының 30% көлемі», - деді ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Л.Рамазанова.  

Оның айтуынша, Кеңес қызметіндегі бағыттардың бірі тараптармен сындарлы сұхбат орнату болып отыр. Бұл жерде қазақстандық және шетелдік әйел кәсіпкерлердің экономикалық және мәдени салада жемісті тәжірибе алмасуы да көзделуде. Осыған байланысты РФ Әйелдер одағымен Келісімге қол қою арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тұрғысындағы ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жалғасын таба бермек.

Өз кезегінде, ресейлік мейман, Ресей мен Қазақстанның іскерлік нәзік жандар ұйымдарының күш біріктіруі ортақ бағдарламалар жасауда біртұтас бизнес алаңын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Қазіргі уақытта әйелдер қауымының әлеуметтік белсенділігі артып, көбісі өз ісін ашып үлгерген және ер адамдармен қатар табыс табуға ниетті. Сондықтан өзіміздің табиғи болмысымызға тән сипатта алға қозғалғанымыз абзал», - деді Инга Легасова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер