astana-view

Бизнес тарапы зертханалық диагностиканың тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз ете алады

2017 жылғы 18 Қаңтар
3898 просмотров

Бүгін Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында зертханалық диагностиканы дамыту мен бұл қызмет түрінің Қазақстан елордасы мен өзге де қалаларда қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты болып өтті.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов, денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде зертханалық диагностика бағытында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті өркендетудегі бизнестің маңызды рөлін атап өтті.

«Таяуда ғана Астана әкімі Әсет Исекешев елордалық әкімдіктің жаңа жұмыс тәсілін жариялағаны белгілі. Онда саналуан жобаларды халықтың өзі талқылайтын бұқаралық сипат қарастырылған. 2020 жылға дейінгі қаланы дамыту бағдарламасында басты басымдық, өмірдің әртүрлі тармағында қызмет сапасын көтеру арқылы азаматтардың жағдайы мен әлеуметтік жай-күйін арттыруға берілген. Осы орайда, елорда бизнесі аталған бастаманы жүзеге асыруға дайын және ұзақ жылдар жинаған тәжірибесін қазақстандықтардың тыныс-тіршілігін көркейтуге жұмсауға зор құлшыныс білдіріп отыр», - деп мәлімдеді Ғани Тасмағанбетов.

Ол бұл салада істейтін кәсіпкерлердің бірқатар шешімін табу қажет кедергілерге жолығатынын айтып өтті. Мәселен қаладағы денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға беру үдерісі баяу жүруде.

«Бұл жерде бизнесті дербес жүргізу тәсілдерін қолдану, мемлекеттік медицина мекемелерін ағымдық күтіп ұстауға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сервис деңгейі мен қызмет сапасын көтеру арқасында, бизнесті өрге бастыруда қолайлы бәсекелестік ахуал қалыптасып, тұтынушылар қарасы көбеймек. Осылайша мемлекет шығыны көп, тиімділігі аз кәсіпорындардан арылып, одан босаған бюджет қаржысын стратегиялық мәні айрықша салаларға (ана мен бала денсаулығы, туберкулез және тағы басқа) немесе жекеменшік-мемлекеттік серіктестік әдісін қолдану жағы шектеулі бағыттарға тағайындай алмақ», - деді Ғани Тасмағанбетов. 

Өз кезегінде «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің директоры Ерлан Сүлейменов, зертханалық тексерулердің медицинадағы айрықша орнына назар аударды.

«Біздің «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі, тиісті сала нарығында 2007 жылдың қаңтар айынан бері қызмет етіп келеді. Осы жылы бізге 10 жыл толды. Қазақстандағы ISO 15189 сапа менеджменті жүйесі бойынша еуропалық аккредитациядан өткен алғашқы клиникалық-диагностикалық зертхана саналамыз. Неміс зертханаларымен ынтымақтастықтың нәтижесінде, қызметімізге жүгінушілер, бұрын Қазақстанда болмаған ағзаны тексеруден өте алады. Кейбір генетикалық ауыр сырқат түрлері сияқты сирек дерттерді анықтауға қажет жоғары технологиялы тесттер, біз 2015 жылы серіктесі атанған Synlab, Limbach ірі еуропалық зертханалары аясында орындалады», - деп хабарлады Ерлан Сүлейменов.

Оның сөзінше, 10 жылда, компания Қазақстан мен Ресей Федерациясында 200-ден астам ем-шара кабинетін және 18 зертхана ашып, 30 миллионнан астам талдау жүргізген, сондай-ақ, 9 миллионнан астам науқас қаралған. 2016 жылы «ОЛИМП» зертханалар желісі 10 млн зерттеуді іске асырған.

Бүгінгі таңда бұл компания өзінің зертханалық ақпараттық жүйесін республикалық Электронды денсаулық сақтау орталығымен ықпалдастырып, тапсырыс түскен зертханалық тесттер тұрғысында бірден деректер алмасуға мүмкіндік туындауда екен. «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісі 1500-ден астам жекеменшік және мемлекеттік емханалармен қарым-қатынаста екені де айта кетерлік дүние.

«Қазақстанның көптеген қалалары мен облыстарында, яғни Астана мен Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қостанай елдімекендерінде, зертханалық зерттеулердің бір бөлігі тегін медициналық жәрдемнің кепілдендірілген көлемі шеңберінде «ОЛИМП» желісі ауқымында орталықтандырылуда. Бұл қадамның жемісінде, қаралушылар мен дәрігерлер, кез-келген күрделі дәрежедегі талдамаларға қол жеткізе алады. Осыған дейін жиналған тәжірибе мен қолдағы қажетті қорлар арқасында, «ОЛИМП» зертханалар желісі, қазына қаражаты ықшамдалып жатқан шақта тұрғындар мен дәрігерлер қауымын сапалы зертханалық қызметтермен қамтамасыз ету, сырқаттарды зерттеу мен емдеу деңгейін көтеру мақсатында, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жан-жақты ынтымақтастыққа дайын», – деп түйіндеді Ерлан Сүлейменов. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер