9 кәсіпорын мемлекеттік тексерістерден үш жылға босататын сенім сертификатын алды
9 кәсіпорын мемлекеттік тексерістерден үш жылға босататын сенім сертификатын алды. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Бүгінгі күні Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп өз қызметкерлерімен әлеуметтік-еңбек қатынастарын ерікті негізде декларациялап жатқан жеке кәсіпорындарға сенім сертификатын беру бойынша ілкі жобаны іске асыруда. Жоба Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облысында іске қосылды.
«Яғни олар өз қызметкерлерімен 26 бағыт бойынша ұжымдық келісімшарт жасауға міндетті, бұл келісімшарттарда жұмысшының барлық құқығы мен міндеті айқындалуы тиіс. Онда еңбекақы, әлеуметтік көмектер, еңбек демалысының уақыты, жұмыс беруші қабылдайтын қосымша шаралар нақты көрсетілуі керек», - деп түсіндірді Нұржан Әлтаев.
Егер жұмыс беруші барлық 26 талапты сақтаса, кәсіпорынға министрлік тарапынан сенім сертификаты беріледі.
«Содан кейін бұл кәсіпорынға үш жыл ішінде инспекция тарапынан қызметкерлермен әлеуметтік-еңбек қатынастары бойынша тексеріс жүргізілмейді», - деп атап өтті ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары.
Дегенмен, егер үш жылдың ішінде жұмыс беруші өз міндеттемелерінің бірін бұзса, қызметкерлер тарапынан шағым түссе, онда сенім сертификаты дереу қайтарылып, кәсіпорынға қайта тексеріс жүргізіледі.
«Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облысында 9 кәсіпорынға сенім сертификаты берілді», - деп толықтырды ол.
Дерекнамасы: Bnews.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: