astana-view

Патриотизм мен несиелер

2014 жылғы 08 Сәуір
2236 просмотров

Шағын бизнесті дамытуға банктер беретін несиелердің тек 10 бөлігі ғана Батыс Қазақстанның төрт облысының еншісіне тиеді екен. Бұл туралы кәсіпкерлердің «Эксперт - Батыс Қазақстан» І Аймақтық инвестициялық-экономикалық форумында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Ләззат ИБРАГИМОВА мәлімдеді.

Форум модераторы ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Жаннат ЕРТІЛЕСОВА мұндай шаралардың еліміздің бүкіл өңірінде жүргізілетіндігін атап өтті. Алғашқы аймақтық форумды ел экономикасына зор үлес қосып жүрген Батыс Қазақстанда өткізу ұйғарылған.

ҚР өңірлік даму министрінің орынбасары Серік ЖҰМАНҒАРИН биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын сервистік қолдау операторы – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) болатынын хабарлады. Шағын және орта бизнесті қолдаудың мемлекеттік шаралары туралы әңгімелеген кезде ол «БЖК-2020» бағдарламасының үнемі жаңа оқытулармен және гранттармен толығып отыратынын атап өтті. Бүгінгі күні «БЖК-2020» бағдарламасының арқасында 330-дай жұмыс орны құрылған. Оған қатысушылар 730 млрд теңгеге өнімдер өндіріпті. Үстіміздегі жылдың 1 наурызында елде шағын және орта бизнестің (ШОБ) 859 464 субъектісі тіркелген. Олардың 72 мыңы – заңды тұлғалар, 638 мыңы – ЖК және 150 мыңдайы – шаруа қожалықтары. Шағын және орта бизнесте 2,6 млн адам жұмыс жасайды.

- Таяу уақытта өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауды жоспарлап отырмыз. Мұнда жаңа өндірістерді дамыту басымды бағыт болып табылады. Ол шикізат бағытынан кетіп, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті С.Жұманғарин. Жаңа «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң жобасы бойынша жоспарланып отырған рұқсаттар тізімінің қысқаруы да бизнесті жандандыруы тиіс.

Ләззат Ибрагимованың пікірінше, Батыс Қазақстанда шағын-орта бизнестің дамуы жалпы республика бойынша қалыс қалып келеді екен. ШОБ-ке несие берушілер біздің өңірімізге көңіл аудара қоймайды: банктер жобаларды нарықтық белгілері бойынша таңдауға тырысады. Оларды анағұрлым орнықты және өмірге бейімді жобалар қызықтырады. Олар Ақтөбе (бүкіл қарыздың 7 пайызы) мен Батыс Қазақстан (6 пайыз) облыстарына анағұрлым жақсы ықылас танытады. Ал барлық нәрсе мұнай саласына тірелетін Атырау мен Ақтау соңғы орында.

Ләззат Ибрагимова назар аударған пробламалардың бірі - ШОБ үшін трансұлттық компаниялардың сатып алу жүйесінің қолжетімсіз болуы. Соңғы жылдары тек екі кәсіпкер ғана ТШО-ның Батыстан сатып алатын өнім түрін жергілікті түріне, онда да біріккен кәсіпорын құру арқылы ауыстыруға қол жеткізген.

- Мен ҰКП арқылы, әкімдіктер мен қоғамдық құрылымдар арқылы бизнеске жол ашу керек деп ойлаймын. Сол жол арқылы қалғандары трансұлттық компаниялардың сатып алу жүйесіне кіре алатын болады. Әйтпесе, біз ешқашан Қазақстаннан ештеңе өндіруді және сыртқа шығаруды үйренбейміз, - деп есептейді Л.Ибрагимова. – Қазақстанда кәсіпкер болатын адам – нағыз патриот. Ол өзіне табыс тауып, басқаларға жалақы төлеу үшін тәуекелді қызмет саласымен шұғылданатын адам.

Дерекнамасы: Ақ Жайық


Еншілес ұйымдар

Серіктестер