astana-view

Заңгерлер емес, дәнекерлеушілер керек

2014 жылғы 12 Маусым
2560 просмотров

Жұмысшы кадрлардың тапшылығы Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «дөңгелек үстелдің» тақырыбына айналды.

«КОЛЛЕДЖДЕРДЕ НАШАР ОҚЫТАДЫ»

Жұмысшы мамандығына көбінесе колледждерде оқытады. Олардың саны Атырау облысында – 24. Олар жалпы 60 түрлі мамандық бойынша дайындайды. Өткен жылы орта арнаулы оқу орындарынан 6 мыңдай түлек бітіріп шықты. Олардың ішінде мамандықтары бойынша болмаса да, 55,5 пайызы жұмысқа орналасқан.

– Қазір жастар жұмысшы болудан гөрі экономика, қаржы, заңгерлік саласы бойынша білім алғанды жөн санайды. Содан соң жұмысқа орналаса алмай жүреді. Ал бүгінде білікті дәнекерлеушілерді, құрылысшыларды табу өте қиын. Колледж түлектерінің көпшілігі жұмыс берушілердің сұранысына ие емес. Өйткені, олардың дайындық сапасы жоғары емес, - деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан ҒАНИМҰРАТ (суретте).

Оның пікірінше, колледждерді жақсы мамандарды қажет ететін кәсіпорындарға сенімді басқаруға беру керек екен. Мұнда мемлекет тарапынан колледж жұмыстарын жан басына шаққанда қаржыландыру жүзеге асырылуы тиіс. Жұмыс беруші, өз кезегінде, өз талаптары мен өндірістік қажеттіліктеріне сәйкес оқу бағдарламаларын жасақтауға тікелей атсалысатын болады.

– Әрине, жұмыс беруші де парасатты педагогтарды тартуға, сондай-ақ, оқушылар үшін тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыруға қаржы салуы тиіс. Ең алдымен, біз мұнай-газ және құрылыс саласы, сондай-ақ, қоғамдық тамақтану саласы үшін жұмысшыларды дайындайтын колледждерді сенімді басқаруға беруді ұсынамыз.

АҒЫЛШЫН ТІЛІ МІНДЕТТІ ЕМЕС

Бұдан басқа, жұмысшылар мамандығын дәріптеу үшін Кәсіпкерлер палатасы мектептерде кәсіптік бейімдеу кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр. Ал, жұмысшылардың біліктіліктерін көтеру үшін палата жұмыс берушілерге оларды шетелге халықаралық «Болашақ» стипендиясының шеңберінде тәжірибеден өтуге жіберу нұсқасын қарастыруды ұсынады. 

– Жұмыс беруші үшін өз адамдарын шетелге тәжірибеден өткізуге жіберу тегін. Стипендиаттар үшін де солай. Егер бұрын тәжірибеден өтетін үміткерлерге шет тілін білу керек болса, бүгінде ол міндетті емес. Биыл Атырау облысынан «Болашақ» бойынша тәжірибеден өтуге 500-дей жұмысшыны жіберуді жоспарлап отырмыз. Кез келген кәсіпорын тәжірибеден өткеннен кейін өз компаниясында кем дегенде үш жыл жұмыс жасауы керек деген шартпен 5-6 адамнан жібере алады.

«Болашақ» стипендиясы бойынша шетелден тәжірибеден өтуге үміткерлерден құжаттарды қабылдау шілденің аяғына дейін жалғасады. Толық ақпаратпен www.bolashak.gov.kzсайтынан танысуға болады.

ГЕРМАНДЫҚТАР ҮЙРЕТЕДІ

Бұдан басқа, жергілікті кәсіпкерлерде бүгінде SESбағдарламасы шеңберінде өндірістік процестерді жақсартуға көмектесу, сондай-ақ, германдық дуальдық жүйе (бұл кәсіпорындар мен кәсіби мектептердің өзара тығыз байланысының негізінде білікті қызметкерлерді даярлаудың ерекше формасы) бойынша мамандарды дайындау және қайта даярлау үшін өздеріне Германиядан сарапшыларды шақыртуларына мүмкіндік бар.

Кездесуден кейін мен Нұржан Ғанимұраттан біздің кәсіпкерлеріміздің колледждерді сенімді басқаруға алуға қаншалықты мүдделі екенін сұрадым.

– Өкінішке орай, әзірге мүдделілер аз. Дегенмен, колледждердің бірін беру нұсқасы бар. Қазір бұл мәселе қаралуда, - деді ол.

Дерекнамасы: Ақ Жайық


Еншілес ұйымдар

Серіктестер