Ақжайық өңірінде ҮИИД бағдарламасы шеңберінде 36 жоба жүзеге асты
Оралда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте отандық бизнестің даму мүмкіндіктері сараланды.
Жиынның мақсаты – аймақтағы бизнестің дамуына тұсау болып отырған факторларды анықтап, оны шешу бойынша кәсіпкерлердің нақты ұсыныстарын жинау. Кейін бұл ұсыныстар маусымның 25-де Астанада өтетін палатаның съезінде көтерілмек. Ақжайық өңірінде «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде 36 жоба жүзеге асты. Оннан астам кәсіпорын өз өнімдерін экспортқа шығаруда. Төраға Тимур Құлыбаев қалбырдағы ет өнімдерін сыртқа шығаруды жолға қойған кәсіпорынның жұмысымен танысты. Аталған кәсіпорында өндірілетін өнімдердің 10%-ы Ресей, Өзбекстан және Орталық Азия елдерінің сұранысын өтеп отыр. Кеңес жұмысы барысында жергілікті бизнес өкілдері ауыл кәсіпкерлерін несиелеу мен кадрлардың тапшылығы секілді бірқатар проблемалық мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар, палатаның филиалдарын ауыл-аймақта да көптеп ашу, ауыл бизнесін мемлекеттік қолдауды белсенді насихаттау қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды. Кадр тапшылығын жою мақсатында палата тарапынан «Дуальді оқытудың жол картасы» бағдарламасы жасақталған.
Нұржан Алтаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары:
- БҚО-да біз қазір 7 басты шарттарды белгіледік. Ол – ауылшарушылығы, мұнай-химия, машинажасау. Сондықтан, қазір сол бағыттар бойынша 13 колледж белгіленді. Онда 500-ден астам мамандар әзірленетін болады.
Дерекнамасы: 24KZ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: