astana-view

Алматы кәсіпкерлері Ресей мен Беларусь нарығына шығу мәселесін съезде көтереді

2014 жылғы 23 Маусым
2010 просмотров

Алматының бизнес-қоғамдастығы Ресей мен Беларусь нарығына шығуға мүдделі. Бұл мәселені Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы 25 маусымда Астанада өтетін Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Бірінші съезінде көтергелі отыр, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.

"Интеграциялық процестер саласында бір топ ұсыныс бар. Алматы қаласының бизнес-қоғамдастығы мен кәсіпкерлері экономикалық интеграцияға, Ресей мен Беларусь нарығына шығуға мүдделі болып отыр, дәл осы себепті бізге ықпалдастық негізіндегі бірлестіктің реттеу сапасы жөнінен тұрақты әрі бәсекеге қабілетті болғаны аса қажет. 2014 жылдың басынан бері бизнес-қауымдастықтардың және аймақтық кәсіпкерлердің қатысуымен 30-дан астам жұмыс кеңесі өтіп, онда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың белгілі бір бөлімдері бойынша ұстанымдар жасалды. Соның нәтижесінде шарттың барлық бөлімі бойынша бизнес-қоғамдастықтың шоғырланған ұстанымы ұсынылды", - дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерлан Стамбеков.

Оның айтуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірінші съезінде басқа да көптеген мәселе қаралады. Олар: келешекке арналған стратегия мен жоспарларды айқындау, салық заңнамасын реформалауға қатысты ұсыныстар енгізу, аймақтарда кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешудің жолдарын ұсыну, салық органдарының кәсіпкерлер есепшотына автоматты түрде тыйым салуын алып тастау мәселесін қарастыру, сауда нарықтары мәселесін шешу, тағы басқа. Алматыдан съезге 11 делегат қатысады. 

"ҚР ҰКП Бірінші съезі - еліміздің бүкіл бизнес-қоғамдастығы үшін үлкен тарихи оқиға. Еске салайық, ҚР "Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" заңы 2013 жылдың 4 шілдесінде қабылданды. Толық жылды өткерместен, еліміздің кәсіпкерлер палатасы біраз жұмыс атқарды. Атқарылған қызметтің бәрін тізіп шығу мүмкін емес, дегенмен, басты нәтижесі көрінген істерді атауға болады. Кәсіпкерлерді алаңдататын мәселелер тізбегі жиналып, олардың шешу жолдарының картасы жасалды. Бұл құжат бизнестегі 400-ге жуық өзекті мәселені қамтиды. Биылғы ақпан айынан бастап ҰКП Заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізді, нәтижесінде кәсіпкерлердің кей мәселелері түбегейлі шешім тапты", - дейді Стамбеков.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер