astana-view

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ САЛЫНҒАН АЙЫППҰЛ КЕШІРІЛЕДІ

2014 жылғы 25 Маусым
2451 просмотров

Қазақстанда мүлік рақымшылығымен бірге тағы бір амнистия жүреді. Оның барысында кәсіпкерлерге салынған айыппұлдар кешіріледі! 

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ұлттық кәсіпкерлердің тұңғыш съезінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігіне тиісті заң жобасының қабылдануын қамтамасыз етуді жүктеді.

 – Үкімет салықтық амнистия жүр­гізу жө­ніндегі бастамамен шықты, – деді Кә­рім Қажымқанұлы. – Салық органдарын­да 2013 жылдың 1 қаңта­рында есепте тұрған, бірақ 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін төленбеген өсімақы-пенялар мен айыппұлдардан бизнесті босату жоспар­лануда. Осы рақым­шы­лықты өткізу кә­сіп­керлерге босаған қаражаттарды биз­несін дамытуға және кеңейтуге бағыттауға мүмкіндік береді, – деген Премьер өзінің орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа тап­сырма берді: «Салық кодексіне қажет­ті өзгерістер мен толықтырулардың қаралуын және қабылдануын қам­тамасыз етуді жүктеймін!»

Үкімет сондай-ақ билікке керекті салалық зерттеулер жүргізуге Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырыс бер­мек. Бұған қоса, оны мемлекеттік стан­дарттар мен регламенттерді әзірлеуге қатыстыруға ұйғарыпты. Осы орайда Үкімет жетекшісі кеше Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін, осы палатамен бірлесіп, бір ай ішінде ҰКП-ға кіретін ұйымдар мен қауымдас­тық­тарды осы процеске белсенді тарту ту­ралы ұсыныстарды дайындап, Үкіметке енгізуге міндеттеді. 

– Мемлекеттік тапсырмалар тізімін қалыптастыру кезінде Ұлттық палата­ның ұстанымын есепке алу қажет, – деп нықтады Премьер К.Мәсімов. – Мен Өңірлік даму министрлігіне бір ай ішін­де меморгандардың Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүйесімен өзара әрекеттесті­гінің типтік регламенті жобасын Үкі­метке енгізуді жүктеймін! Яғни бұл істе жеке пікірлерге не мүдделерге тәуелділік болмауы үшін ол құжатта нақты нұс­қаулық, кімнің неге жауап беретіндігі көрсетіледі.

Сонымен қатар мемлекет ауыл­дағы кәсіпкерлердің кредиттерге қол жеткізудегі мәселелерін шешуге ден қоймақ. Әйтпесе олардың қолындағы ауылшаруашылық техникаларын, жер телімдерін, тіпті үй-жай және ғимараттарын банктер кепілге лайық зат деп қабылдамайды, несие бер­мейді. Осыған байланысты Кәрім Мәсімов өзінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтан барлық мүдделі тараптарды қатыстыра оты­рып, осы тақырыпта жеке кеңес өткізуді сұрады: «Содан кейін бір ай ішінде Үкіметке даму институт­тарының кредиттік ресурстарына олардың қол жеткізе алуы бойынша ұсыныстар енгізіңіз!» 

Кәсіпкерлер съезінде өз ісін жаңа бастаушы шағын және орта бизнес өкілдері үшін қызмет аясының та­рылып кеткендігі қаузалды. Көптеген ірі қалаларда базарларды жаппай күресінге жіберу қарқынды жүруде. Алайда олардың орнына заманауи сауда-логистикалық кешендер тұр­ғызу үрдісі ұқсас «ырғақ» ала алмай отыр. Бұл дүрбелеңге тіпті Ұлттық палата басшылығының араласуына тура келген: әкімдерге базарларды ысыруды тоқтата тұруға кеңес берілді. 

Кеше Үкімет жетекшісі бұл мә­селені назарға алғандығын хабарлады. Кәрім Мәсімов І вице-премьер 

Б.Са­ғынтаевқа сауда орындары мен базарларға байланысты проблемалық жайттарды пысықтап, оны шешу жолдарын Үкімет отырысына қарауға шығаруды тапсырды. 

 – Базарлар – тауарлық тапшылық болған 90-жылдардың бізге қалған мұрасы. Ол кезде бұларға балама да болған жоқ. Мен бұл мәселені тұ­тастай қарайтын, талқыға салатын уақыт келді деп ойлаймын. Үкімет отырысында тиісті шешім қабыл­дайтын боламыз. Соңынан олардың өмірде қалай жүзеге асатынын қа­дағалау керек. Біз базарларда тәртіп орнатып, сауданы өркениетті арнаға көшіруге, одан әрі қалай қарай жылжитындығымызды түсінуге тиіспіз! – деді Премьер-министр.

ҰКП басқармасының мүшесі Заңғар Ноғайбайдың айтуынша, міндетті мүшелік жарна көлемін анықтайтын қолданыстағы жүйенің кемшілігіне қатысты кәсіпкерлерден шағымдар түсуде. «Осыған орай біз сәуір айынан бастап, сайт арқылы кәсіпкерлерден ұсыныстарын жи­надық. Шамамен, 50 ұсыныс түсті. Құрылған жұмыс тобы үш оңтайлы нұсқаны анықтады. Келесі кезеңде олар бойынша егжей-тегжейлі есеп­теулер жүргізу қажет. Оларды Үкі­метпен талқыға саламыз және қоры­тындылары туралы тамыз ортасында Ұлттық палата төралқасына баян­даймыз» деді ол. 

Съезд қорытындысында ҰКП төралқасының төрағасы болып, Тимур Құлыбаев қайта сайланды.

Дерекнамасы: Айқын


Еншілес ұйымдар

Серіктестер