Елімізде туристік операторлар мен жалған дәрілік айналым ретке келетін болады
Еліміздегі туристік операторларға ортақ сақтандыру қоры құрылуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Мұндай қадамға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Гүлнәр-тур» дауынан кейін барып отыр. Қор жұмысын Ұлттық палата үйлестіреді.
Абылай Мырзахметов, Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:
Бiз оператор болмаймыз, тек осы нарықтағы компаниялардың басын қосып, бiрiншiден, банктердегi депозиттердi сақтандыру қоры сияқты қор құрмақпыз.
Әр жыл сайын операторлар қорға аздап қаражат аударып отырады, кейiн осындай жағдай болғанда, бiрiншi кезекте тұтынушылардың мүддесiн қорғауға жұмсалады.
Енді жалған дәрі-дәрмек сатқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл өзгертулер енгізілген Қылмыстық кодексте анық көрсетілген.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай деді. Бүгінде жалған дәрі-дәрмектің әлемдік айналымы артып, 75 миллиард долларды құрап отыр.
Оңай олжаның есебінен байығысы келетіндер бізде де баршылық деген Бас дәрігер тұрғындарға сақ болуды ескертті. Оның айтуынша, әрбір екінші қазақстандық антибиотиктерді дәрігердің рұқсатынсыз қабылдайды. Қалаберді, азаматтарымыздың 42 пайызы дәріні жарнамаға сеніп сатып алады екен.
Денсаулыққа осыншалықты салғырт қараудың соңы қайғыға алып келеді. Сол себепті дәріханаға барғанда алдымен шығарушы туралы мәліметпен, тауар сипаттамасы және тағы басқа ақпараттармен жан-жақты танысып алған жөн.
Ішкі жағдайды реттеп алмай, сырттан келетін қауіпке қарсы тұру қиын дейді, мамандар.
Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Жалған дәрілік заттар айналымының 51 пайызы Азия елдеріне тиесілі. Ал Қазақстанның фармацевтикалық нарығына Қытаймен географиялық көршілігімізден үлкен қауіп болып отыр.
Өйткені, контрафактілі дәрілердің басым бөлігі осы елден жеткізіледі. Сондай-ақ, мұндай жағдайдың туындауына Қазақстанның импортқа тәуелділігі өз әсерін тигізуде.
Дерекнамасы: Қазақстан
Пікір қалдыру:
Пікірлер: