astana-view

Биыл «Дуалды оқытудың жол картасы» аясында 10 мың маман оқытылады

2014 жылғы 26 Шілде
2120 просмотров
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Дуалды оқытудың жол картасы» аясында 400-ге жуық қазақстандық кәсіпорын 10 мың маманды даярлауға өтінім берді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті. 

«Біз Қазақстанның әрбір өңірінде экономиканың дамуы бойынша басымдықты бағыттарды талдап айқындадық және кадрларға деген қажеттілікті зерттедік. Бүгінде басымдықты 11 сала анықталды. Биылдың өзінде 400 кәсіпорын 10 мың маманды даярлауға өтінім берді. Таяу уақытта бұл тапсырыстар арта түседі деп жоспарлап отырмыз», - деді Н.Әлтаев «Дуалды оқытудың жол картасын» таныстыру кезінде. 

Сонымен қатар Жол картасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе жергілікті жерлерде мамандарды даярлай алатын колледждердің тізімі жасалды. 

«Мониторинг арқылы 173 колледждің тізімін құрдық», - деді Н.Әлтаев. 

Бүгінде тапсырыс беруші кәсіпорындар мен мамандарды даярлайтын колледждер және осы үдерісті қадағалайтын өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты келісімдерге қол қою басталды. Қазіргі кезде 100-ден астам келісім жасалған көрінеді. 

Аталған құжатта мамандарды қажет ететін кәсіпорындар оқыту үдерісіне белсенді түрде қатысуы керектігі бекітілген. Атап айтқанда, кәсіпорындар студенттердің шәкіртақысын төлеу міндеттемесін өз мойнына алды. Мамандар оқуын аяқтағаннан кейін міндетті түрде аталған кәсіпорындарға жұмысқа орналасатын болады.

 

Еншілес ұйымдар

Серіктестер