astana-view

Қазақстанның үздік тауары: Таразда үздік тауар өндірушілер марапатталды

2015 жылғы 12 Тамыз
13928 просмотров

Тараз қаласында Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары-2015» өңірлік көрме-байқауында жамбылдық компаниялардың ең сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдері таңдалды.

Кәсіпорындар мен ұйымдар қызметін белсендіруді, отандық тауарлар сапасын көтеруді және Қазақстан нарығын бәсекеге қабілетті өнімге толтыруды мақсат тұтатын байқауға Жамбыл облысының 53 тауар өндірушісі қатысты. Байқауға қатысушылар үш номинация бойынша сайысты: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Қатысушылар арасында нарықта өздерін баяғыдан танытып қойған «Қазфосфат» ЖШС, «Жамбылгипс» АҚ, «Жамбыл Цемент өндірістік Компаниясы» ЖШС сияқты ірі компаниялар да, байқауға алғаш қатысқан – «Гүл И.М.» ЖК кондитерлік цехы, «Зәм-Зәм» шаруа қожалығы, «Ромащенко» ЖК «Ара-тау» омарташылық кешені сияқты жаңа кәсіпорындар да болды.

Өңірлік байқауға ұсынылған материалдар мен өнімдерді бағалайтын сараптау тобының құрамына Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ жергілікті филиалы, Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, Жамбыл облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Жамбыл филиалының өкілдері кірді. Өндіріспен және қызметкерлермен танысу үшін, әрбір байқауға қатысушыны бағалау үшін, сараптау тобы мүшелерінің байқау басталмай тұрып қатысушыларға барып жолыққанын айта кету керек.

«Облысымызда тауарлары ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті болып табылатын лайықты компаниялар жеткілікті», - деп атады Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова. -  «ЕАЭО және ДСҰ аясындағы қатаң бәсекелестік жағдайында сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім жасауға жұмылуымыз ерекше маңызды. Біздің бизнесмендер бүгінде уақытқа ілесіп қана қоймай, өз клиенттерінің сұрауларынан оза дами отырып, өсуге тиіс».

«Қазақстанның үздік тауары-2015» байқау-көрмесінде азық-түліктер, киім мен аяқ киім, жиһаз және көптеген басқалары ұсынылды. Іс-шараны облысқа танымал әншілер мен би ұжымдары қыздыра түсті.

Сараптау тобы қатысушылардың арасынан тоғыз өндірушіні таңдап алды. Олар енді республикалық байқауда бақ сынасатын болады. Сөйтіп, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Қазфосфат» ЖШС жеңіске жетті,  «Ғимарат Темір Бетон» ЖШС екінші орынға иеленіп, «қола» жүлде «ACIG» ЖШС-ға бұйырды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «Арайстроймаркет-2003» ЖШС, сонымен қатар «Энерджи-Тараз» ЖШС және «Жасұлан-флора» ЖШС өнімдері үздік деп танылды. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «Та-Мак» ЖШС  бірінші орында, «күміс» «Бүрнен сүт компаниясы» ЖШС-да, көшбасшылар үштігінің соңында «Аханов» ЖК тұр.

Жүлделі орындар иелері кубоктар мен дипломдар иеленді. Барлық қатысушылар грамоталармен ынталандырылды.

«Біздің компаниямыз 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді», - дейді «Арайстроймаркет-2003» ЖШС директорының орынбасары Бейсен Жолболдиев. – «Бүгін байқауда жақында ғана шығара бастаған өніміміз – алюминий және биметалды радиаторларды ұсындық. Байқауға алғаш рет қатысып отырмыз. Бұл біз үшін өте қызықты тәжірибе. Бәрінің объективті болғанын атап өткім келеді. Байқауға Жамбыл облысындағы он ауданның өнімі ұсынылды. Бұл да қатты қуантады. Астанада облысымызды лайықты түрде танытамыз. Күллі өңірлерге облысымыздың сапалы, импорттың орнын алмастыратын тауарлар өндіретінін көрсететін боламыз».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер