astana-view

Кәсіпкерлерге құлаққағыс: Бизнес-реестр порталы іске қосылды

2016 жылғы 27 Мамыр
13867 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП-ның Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығы бизнеске арналған бірегей интернет-алаңды іске қосты- Бизнес-реестр

«Порталға Қазақстанда заңды түрде әрекет ететін барлық кәсіпкерлер туралы мәліметтер топтастырылған: мекенжайлары мен байланыс деректері, қызмет көрсету түрі, лицензиялары мен рұқсатнамалары, қандай тауарларды, жұмыстар мен қызмет түрлерін сатып алады немесе сататындығы туралы мәлімет. Сонымен бірге, кәсіпкер, ұсынылатын сервистің кең ауқымды тізімі енгізілген Бизнес-реестрден жеке кабинетке ие бола алады», - дейді Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығының директоры Нариман Төлегенов. Ол сондай-ақ, порталдың «бизнес бизнес үшін» форматымен жұмыс істеуге бағытталғанын айтты.

Енді жеке кабинетіне кірген кез келген кәсіпкер Реестрге өзінің тауарлары, жұмыстары, қызмет көрсету түрлері сияқты мәліметтерге қоса, олардың сипаттамаларын, бағалары мен жеткізу талаптарын да орналастыра алады. Сол мезеттен бастап ақпарат барлығына қолжетімді болады. Осы жерден кәсіпкерлер мен олардың тауарлары, жұмыстары мен қызмет көрсету туралы пікірлерді оқуға болады.

«Біздің міндетіміз – барынша көп кәсіпкердің Бизнес-реестрге өз тауарлары мен қызмет көрсету түрлері туралы ақпараттар ұсынуы. Солай болған жағдайда, сатып алушы және сатушы тараптарға айтарлықтай ыңғайлы әрі ашық болмақ», - дейді Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығының директоры.

Бизнес-реестрде отандық тауар өндірушілер жеке белгіленген. Онда олардың өндірісі мен технологиясы, білікті мамандары, техникалық регламенттері сияқты қосымша мәліметтер бар. Яғни, отандық және шетелдік әлеуетті тапсырыс берушілер «бір терезеден» отандық тауар өндірушілер мен олардың өнімдері туралы барлық ақпаратқа қаныға алады.

Барлық өндірушілер туралы мәліметтерді бір ресурсқа шоғырландыру олар үшін өндірістік кооперация құруға мүмкіндік береді. Енді қандай да бір өндіріс түрін жоспарлай отырып немесе іске қоса отырып, отандық өндірушілердің өнімдерін қолдануға мүмкіндік бар. Ал, қазақстандық өндірушілердің өндірістік мүмкіндіктеріне талдау жасау кейін халықаралық биржаларға қатысу үшін дайын өнім шығару бойынша өндірістік тізбені дұрыс жобалауға көмектеседі.

Сондай-ақ, кәсіпкер жеке кабинетіне кіре отырып, өзін қызықтыратын тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсету түрлері бойынша барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының сатып алу жоспарларын біле алады. Оған қоса, бизнесмен автоматты түрде өзін қызықтыратын тауарлар, жұмыстар мен қызмет түрлері бойынша сатып алу рәсімдерінің басталғандығы туралы ескерту алады.

ҰКП-ның қазақстандық бизнесті қолдау бойынша тағы бір жұмыс бағыты оны шетелдік нарыққа, бірінші кезекте, көрші елдердің нарығына шығару. Сол себепті Бизнес-реестр ағылшын, қытай, иран, араб тілдеріне аударылып, ірі интернет-алаңдармен кіріктірілмек.

Одан бөлек, ҰКП Бизнес-реестрге енгізілген ұйымдарға қазақстандық тауарларды экспорттауға көмектесуді жоспарлап отыр. «Мәселен, кәсіпкердің 100 бас ірі қара малы бар делік. Ол етті экспортқа шығарғысы келсе, мұндай жағдайда оған етті өз бетінше тоңазытып, көліктік-логистикалық компанияларды, тасымалдаушыларды, бастысы тауарын сатып алатын шетелдік сатып алушыларды өзі табуына тура келеді. Енді көліктік және кедендік логистикадан бастап, сертификаттар мен рұқсатнамалар алуға дейінгі барлық мәселелерді Ұлттық палата өз міндетіне ала алады. Біз тұтынушылар тауып, тауарды сертификаттап, сынама партиясын жіберуге көмектесеміз. Одан кейін олар бізсіз жұмыс істей береді», - деді Нарықты мониторингілеу және сараптау орталығының директоры.

«Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіпкер таңертеңгілік жұмысына келіп, Бизнес-реестрдегі жеке кабинетін ашып, күнін сайттағы өтінімдер мен хабарламаларды қараудан бастауы. Сонда, алаң шын мәнінде жұмыс атқарып, бизнес пен ел экономикасына пайда әкеле бастайды», - дейді Нариман Төлегенов.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер