astana-view

Әйел бойында ашылмаған қасиет көп

2016 жылғы 01 Маусым
6784 просмотров

Бізде бос отырған әйелдер көп, сондықтан оларды экономикаға тарту өте маңызды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа мүшесі, «Centras Capital» ЖШС бас директоры Елдар Әбдіразақов «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің Конгресінде сөйлеген сөзінде осындай ой айтты.

Оның пікірі бойынша, әйелдер кәсіпкерлігі бүгінде өте маңызды, әсіресе ауылды жерлерде. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда әйелдердің мүмкіндігі жоғары деп есептейді Әбдіразақов. «Нәзік жандар  ұжымдағы жағдаятты жақсы түсінеді, қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасқа барынша мұқият қарайды, қандай таланттарды іріктеп алуда аңғарымпаз келеді. Әйелдер әкімшілік басқару тұрғысынан да өте жақсы: барлығын жинақтап, соңына дейін жеткізе біледі, олардың дамытуды қажет ететін артықшылығы да осында», – дейді Елдар Әбдіразақов.

Оның айтуынша, бүгін «бізде әйелдердің көпшілігі жұмысқа тартылмаған, және де оларды экономикаға тарту, олардың кәсіпқой ретінде  даму үлгісін көрсету өте маңызды».

«Бәлкім, қазір әйелдің жай ғана үйде отырып, бала қарағаны жеткіліксіз болар. Қазіргі әйел – белсенді, оның мүмкіндіктері мен таланты көп, оның бәрін ашу қажет», – деп атап көрсете келе Елдар Әбдіразақов: «Әйелдер еліміздің іске қосылмаған резервтерін жандандыруда үлкен рөл атқаруы тиіс», – деп қосты.

«Мен басшы әйелдермен кездесуге көбірек дайындаламын, себебі, егер әйел өзін басшы ретінде көрсеткен болса, ол үлкен мектептен өткенін және өзінің жеке қасиеттерінің арқасында осы деңгейге лайық екенін түсінемін. Мұндай әйелден әрдайым істі бүге-шігесіне дейін білетінін,  ұсақ-түйекке дейін назар аударатынын күтесің, сол себепті үй жұмысын да екі есе артық істеуге тура келеді», – деп мойындады бизнесмен.

Іскер әйелдер конгресі сияқты алаңдар – керемет мүмкіндік, дейді ол. «Біздің  әйелдерге дамуға кедергі жасайтын тағы бір нәрсе бар, ол секемшілдік. Сондықтан да мұндай алаңдарды әйелдердің бір-бірімен тәжірибе бөлісуі үшін құру қажет, өйткені әйелдерге басқа біреудің тәжірибесі жұққыш келеді. Кәсіптік өзара оқу және кәдімгі қарым-қатынас институттарын қалыптастыру керек, онда әйелдер бір-бірімен араласа алады, қарым-қатынас жасайды, өйткені әйелдер кездейсоқ бір іс-шарада жай ғана  кездескеннен гөрі, қандай да бір органда бірге жұмыс істеген кезде анағұрлым тіл табысқыш келеді. Бұл тұрғыда еркектерге, бәлкім, іскерлік қатынастар жағынан бірінші қадамды жасау оңай шығар. Ал, әйелдер өздерінің  не нәрсеге құзыретті екендіктерін білу үшін, қандай да бір институт, құзырет орталығы қажет. Себебі, еркектерге  кейбір кезде олармен сөйлесу  қиынға соғатыны құпия емес. Ал, ханымдар бір-бірімен араласқан кезде олар бұдан қайтарым болатынын біледі», – деп түсіндірген форумның қонағы  барлық әйелдер мен Конгресске қатысушыларды оқудан жалықпауға, жаңа білімдерді игеруге шақырды.   

«Бүгінгі таңда нәзік жандарға ешқандай шектеу қойылмайды. Өзара қарым-қатынасқа келуден қысылмау, оқу және даму керек, өздерінің бұны қоғам қалай қабылдайды деген күмәндарын жеңу керек», – деп түйіндеді Елдар Әбдіразақов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер