astana-view

Қызылша өсіруге қаражат бөлінді

2016 жылғы 01 Маусым
- Жетісу облысы
7089 просмотров

Несие комитеті жалпы сомасы 75,8 млн теңге болатын 20 өтінішті мақұлдады

Кәсіпкерлер палатасы жаңа шағын несие беру бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлердің өтініштерін қарауды бастап кетті.

Естеріңізге сала кетсек, «Атамекен» ҰКП мен  Алматы облысының әкімдігі шағын бизнес субъектілеріне арнап 600 млн теңге бөлген еді. Өңірдегі несие беру операторы  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» (АШҚҚҚ) АҚ.

Палатаның мамандары құжаттарды жинастырып, сүйемелдеуге көмектессе, АШҚҚҚ мәліметтерді талдайды, ал ӨКП жанындағы Несие комитеті өтініштерді қарап, мақұлдайды. Айта кетерлігі, ашықтық пен жобаны одан ары қарай табысты жүзеге асыру мақсатында кәсіпкерлердің өтініштерін облыстың бизнес-қауымдастықтарының өкілдерінен жасақталған Несие комитеті қабылдайды.

Комитеттің бірінші отырысында 20 өтініш қаралып, барлығы мақұлданды. Қарыз алушылар қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының өкілдері екенін атап өтуіміз керек. Комитет мүшесі әрі Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, ең аз несие сомасы 1,2 млн теңге болса, ең көбі 6 млн теңге болыпты.

«20 өтініш бойынша барлығы 75 млн 800 мың теңге беріледі. Енді құжаттарды Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына тапсыруды жоспарлап отырмыз. Олар қаржылай қаражатты бөлу үшін қарыз алушылармен қарыз алу және кепілге қою шартын жасасады. Бір аптадан кейін-ақ шаруалар қаражатқа қол жеткізе алады деп күтілуде», – деді Л.Шыңғысбаева.

Шағын несие беру бағдарламасының басты ерекшелігі – кепіл ретінде жер телімдерін, тұрғын-жай құрылыстарын және басқа да жылжымайтын мүліктерді қарастыруы. Реттеме бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 6% болса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-дан көп емес. Несие 4 жыл 6 ай мерзімге дейін беріледі. Қарызды ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет және жылына бір рет өтеуге болады.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер