astana-view

Алтын сапа: Ұйым басшылығының қызметіне әділ баға беріледі

2016 жылғы 28 Маусым
- Жетісу облысы
8808 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы өкілдері брифингте журналистерге «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарының ережелері мен талаптары туралы айтып берді

Брифинг Алматы облысы коммуникациясы өңірлік қызметі алаңында өтті. Спикерлер өңірдің тауар өндірушілерін ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу конкурсына және «Қазақстанның үздік тауары»  республикалық конкурс-көрмесіне   қатысуға шақырды.  Қазіргі уақытта 15 компания қатысуға өтінім берді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әсет Шаяхметов  атап айтқандай, «Алтын сапа»  сыйлығы жыл сайын өнім сапасы саласында едәуір нәтижелерге жеткені үшін, сапаны басқарудың тиімділігі жоғары тәсілдерін ұйымдастырғаны үшін конкурстық негізде беріледі. «2015 жылдан бері «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы өңірлік палаталар  «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарының ұйымдастырушысы болып табылады. Өткен жылы Астанада «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында Жетісудың «Рыбпром» ЖШС жеңімпаз  атанды. ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Тұрғындарға арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Байсерке Агро» ЖШС озық деп танылды», – деп қосты Ә.Шаяхметов.

Конкурсқа «Қазақстанда жасалған» белгісімен өнім шығарып, қызмет көрсететін кез-келген кәсіпорын қатыса алады. 

ӨКП сертификациялау бойынша сарапшысы Бибігүл  Омарованың сөзіне қарағанда, «Алтын сапа» конкурсы кәсіпорын  басшылығының жетекші рөлін бағалау болып табылады. 

«Негізгі критерийлер арасында басшылықтың жетекші рөлін, ұзақ мерзімді табысқа жетуге қажетті құндылықтар мен даму стратегиясын бағалау да бар. Басшылықтың тәртібі мен іс-қимылдарын талдай келе біз басшылық ұйым ұжымын ынталандыра ма, жалпыға бірдей сапаны басқару принциптерін таратуда жәрдем көрсете ме деген сауалдарға жауап іздейміз.  Сонымен бірге  ұйымның сапа саласындағы саясаты мен стратегиясы, еңбеккерлерді басқару деңгейі, білім мен әлеуетін дамыту, пайдалану, серіктестермен бірлескен іс-қызмет те бағаланады», – деді сарапшы.  

Конкурс критерийлері алдағы уақытта жақсартуды қажет ететін бағыттар мен тараптар айқындауға мүмкіндік беретінін де атап айту керек. Беделді конкурсқа қатысу кәсіпорынды өндірісті дамытуға, өнім сапасын арттыруға және өтім нарықтарын кеңейтуге ынталандырады. Бұл мәселелер ЕАЭС және БСҚ жағдайындағы қазақстандық бизнестің дамуы үшін ерекше маңызды.

Сондай-ақ сарапшы өтінімдер ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады деп еске салды. Сондықтан Жетісу кәсіпкерлерінің конкурстарға қатысып,  үздіктердің үздігі атануына әлі уақыт бар.

ҚР ЖТИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті бас маманы, сараптау тобының мүшесі Гүлмира Әбдірәсілованың пікірінше, өзін-өзі бағалау негізінде барлық ұйымның іс-қызметін жетілдіруге болады.  

«Халықаралық тәжірибенің көрсетуінше, өзін-өзі бағалау жүргізетін ұйымдардың көпшілігі өз іс-қызметінің стратегиялық шешімдерді талап ететін тұсынан бастап, шұғыл түрде шешілетін нақты мәселелермен аяқталатын, жақсарту жасауға болатын жүздеген саласын табады. Өзін-өзі бағалау ұйым істері жай-күйінің «сол сәттегі суретін» алып, жақсарту енгізуге болатын  салалар жайлы ақпарат ұсынады, сонымен қатар балл бойынша баға беруге мүмкіндік береді, - деп атап өтті  Г. Әбдірәсілова.

Еске салайық, Алматы облысы Кәсіпкерлері палатасы «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» конкурстарына арналған құжаттар мен материалдарды осы аптаның соңына дейін  қабылдауды жалғастырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер