astana-view

Жамбыл облысында шағын қаржы ұйымы ашылады

2016 жылғы 10 Қазан
11040 просмотров

Бұл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының шағын несие бағдарламасы жүзеге асырылатын алтыншы өңір

Бүгінгі таңда «Атамекен» ҚР ҰКП-ның микронесие бағдарламасы еліміздің бес өңірінде жұмыс істеуде: Алматы және Ақтөбе облыстарында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы, Қызылорда облысында «Қызылорда ӨИО» ЖШС арқылы, сондай-ақ, Қостанай және Маңғыстау облыстарында да шағын қаржы ұйымдары құрылған.

Жамбыл облысында да микроқаржы ұйымын ашуға дайындық жүргізілуде. Оған өңір әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП қатысады. Осы жылдың тамыз айында микроқаржы ұйымы әділет органында тіркелді, қазір ұйым ҚР Ұлттық банкінде есептік тіркеуге қойылып жатыр. Қазіргі таңда микроқаржы ұйымына инвесторлар іздестірілуде. Қаржыландыруға өтінім қабылдау басталып кетті. 10 өтінім қабылданып үлгерсе, Несие комитеті соның 5-ін мақұлдады.

Осы жылдың 3 қазаны күнгі жағдай бойынша ҰКП-ның микронесие беру бағдарламасы бойынша сомасы 2 496 млн теңге болатын 454 өтінім келіп түскен, соның ішінде сомасы 1 353 млн теңге болатын 299 өтінім мақұлданды. Расталған өтінімдердің ішінде сомасы 934 млн теңге болатын 207 өтінім қаржыландырылып үлгерді. Сонымен қатар барлық қаржы көздерінен (әкімдіктер мен ауыл шаруашылығын қолдау қорларының қаражаттарын есептегенде) жалпы алғанда сомасы 1 980 млн теңге тартылып, 445 өтінім қаржыландырылды.

Ұлттық палата барлығы 701,8 млн теңге болатын шағын несие берген, соның ішінде «Қызылода ӨИО» микроқаржы ұйымы – 183,4 млн теңге, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Ақтөбедегі филиалы – 300 млн теңге, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Алматыдағы филиалы – 218,4 млн теңге бөлді.

Маңғыстау және Қостанай облыстарындағы микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталдарын құру үшін, әр облысқа 15,3 млн теңгеден қаржы бөлінді. Жарғылық капитал құруға Маңғыстау облысының әкімдігі 288 млн теңге, Қостанай облысының әкімдігі 150 млн теңге бөлді.

«Атамекен Қостанай» МҚҰ» ЖШС бойынша 71 жоба мақұлданып, соның 42-сі қаржыландырылды. 42 жобаның ішіндегі 8-і жаңадан ашылып жатқан бизнестер.

«Атамекен» МҚҰ» ЖШС (Маңғыстау облысы) бойынша 16 жоба мақұлданып, соның ішіндегі 8 жоба қаржыландырылды.

Бөлінген несиелік ресурстардың негізгі бағыттары: өсімдік шаруашылығы –33%, мал шаруашылығы – 28%, халыққа қызмет көрсету – 15%. Сондай-ақ несиелер балық өсіруге, ара өсіруге, жол жиегіндегі сервис нысандарын салуға, шағын наубайхана, аспаздық цехтарын ашуға, ет, сүт өнімдерін қайта өңдеуге бөлінді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер