astana-view

Төлеміс Шотанов: «Елде тұтастай қолайлы іскерлік ахуал орнатуды көздейміз»

2016 жылғы 21 Қазан
8856 просмотров

Бүгінгі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотановтың отандық БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында әңгіме негізінен Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы жайлы қозғалды.

Сонымен қатар, салық, тауар өткізу, шағын және орта бизнеске арналған қаржының қолжетімділігі, әкімшілік кедергілерді азайту сияқты кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер туралы ой өрбіді.

«Ұлттық палатаның міндеті – кәсіп иесіне толығымен қызмет көрсетіп, кеңес беру мен бизнес-жоспар дайындаудан бастап, өнімін әрі қарай алға жылжытуға қолдауға дейінгі толыққанды қызмет тізбегін қалыптастыру. Нақты бір нәтижеге қол жеткізуді назарға алсақ, бұл үдерісті жүзеге асыру оңайға соқпайтыны анық. Алайда, бүгінгі таңдағы іс-қимыл жемісі сол, Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары арқылы ғана бір жарым мыңнан астам адам дербес ісін қолға алды. Тұтастай сервистік демеуге келсек, екі жарым мыңға жуық жан бизнес әлеміне енді. Мысалға, «Атамекен» мен облыс әкімдіктерінің бірлескен демеушілігінің арқасында қазақстандықтар 3 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға кәсібін ашты. Жалпы қолайлы іскерлік ахуал орнатуды, халықты жаппай бизнеске тартуды мақсат тұтып отырмыз», - деді кіріспе сөзінде Төлеміс Шотанов.    

Таңертеңгілік шәй сипатында өткен кездесуде, дастархан басына жиналған журналистер қауымы көкейлеріндегі сауалдарын сарқа қойып, Палата өкілімен еркін пікір алмасты. Өңірлік картаға қызығушылық танытқан тілшілер тарапының кейбірі дәл басқосу үстінде ұялы телефондарынан http://businessmap.kz/ сілтемесі арқылы өтіп, аталған электронды мекенжайдан қажетті ақпаратқа қанығып жатты. Мәселен, «LS» порталының журналисі Қайыржан Смағұлов көршілес Қытай мемлекеті мен аумағында Алматы қаласы сынды алып нарықтар орналасқан Алматы облысы жайлы сұрақ қойды.  

«Порталға кез-келген заманауи құралдан кіріп, ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен, инвестициялық келбетімен кеңінен танысуға болады. Былайша айтқанда, барлық ақпарат қамтылған. Жергілікті атқарушы билік үшін де бұл таптырмас амал, - деп жалғастырды ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары. – Алматы облысы индустриялдық-аграрлық сипатқа ие. Жағрапиялық тиімді өңірден трансқұрлықтық жолдар өтеді. Әсем табиғаты мен тарихи ескерткіштері туризмді дамытуға ыңғайлы. Топырақ құнары мен су қорына бай болуы, ауа райының жұмсақтығы ауыл шаруашылығымен айналысуға оң септігін тигізеді. Жел мен күн қуаты балама энергетика көздерін өркендетуге жақсы. Өңірде кәсіпкерлік белсенділіктің төменділігі байқалғанымен, жеке шаруаны дөңгелетуге мүмкіндігі жоғары».  

Төлеміс Шотанов қазіргі уақытта жан-жақты насихаттың күшімен бизнесін ашуға ынталылар көбейгенімен, баршаны оны табысты жүргізіп әкету мәселесі толғандыратынын атап өтті. Осы орайда «Атамекен» іске қосқан шағын несиелеу бағдарламасы халықтың қаржыға қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздеуде. Мақсат - ауылдық жерлердегі және шағын қалалардағы кәсіпкерлік қызметті дамыту, өндірісті қосымша ынталандыру жолында тиімді жүйе құру, кәсібін енді бастаған бизнесмендерге қол ұшын созу. Сонымен қатар, банк саласы назарынан тыс қалған ауылдық елді мекендер жобаларын демеу, нақты жас кәсіп иелерін оқытып, несиелеу, бизнестің орнықтылығын арттыру мұратында қызметтерді сервистік қамтамасыз ету көзделуде. Нәтижесінде салықтық ауқым кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Шағын кәсіпкерлік санатына кіретін шаруа қожалықтары өкілдері, жеке кәсіпкерлер,  заңды тұлғалар, аймақтағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына немесе Кәсіпкерлер палатасына жүгінсе болады. Бұл мекемелерде жеңілдіктер, несиелік өтінімді жылжымайтын яки жылжымалы мүлікпен, жер телімімен, автокөлікпен, ауыл шаруашылығы техникасымен, белгілі бір құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, кепілдік, үшінші жақтың кепілгерлік етуі сынды маңызды жайттарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, құжат жинауға көмектеседі. Қаражат тапшы ма, 188 аудан орталығындағы «Атамекеннің» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен бизнес мектептеріне баруға болады, бірақ несиені уақтылы қайтару жауапкершілігін де сезінген жөн.

Әлемде шағын несиелеу кедейшілікпен күрестің тегеурінді тетігі ретінде кеңінен тараған дүние. Мұнда игілікті істің ең жарқын үлгісі ретте, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, 2006 жылы Нобель сыйлығын алған Мұхаммед Юнус аумағында Grameen Bank жүйесін құрған Бангладеш елін мысалға келтірді.

Тауарды экспортқа өткізу тәрізді маңызды жайтта «бірыңғай терезе» ұстанымы қаралуда екеніне тоқталған Төлеміс Шотанов, болашақта да бұқаралық ақпарат құралдарымен сұхбатқа әрдайым ашық екенін жеткізді.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер