astana-view

Мұқаш Ескендіров: «Жаппай және отбасылық кәсіпкерлікті дамытуда Палата өз бағдарын ұсынатын болады»

2017 жылғы 01 Ақпан
5000 просмотров

Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру арқылы бизнесті жүргізуге қолайлы ортаны жақсартып қана қоймай, адамдарды кәсіпкерлікке белсенді тартуға жол ашылады

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес негізгі басымдықтарды белгілей отырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын іске асыру бойынша нақты міндеттер қойды. Аталған басымдықтар бізді сын-қатерлерден сүрінбей өтіп, тұрақтылық жолында әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға мүмкіндік беріп отыр.

Елбасының алдымызға қойған міндеттердің басым көпшілігі тікелей немесе жанама түрде бизнеске қатысы болатынын айта кеткен жөн. Бұл дегеніміз еліміздің көркею мен дамуында кәсіпкерліктің маңыздылығы сүбелі екенін дәлелдейді. Жамбыл облысының бизнес саласының беткеұстар ұйымы ретінде өңірлік Кәсіпкерлік палатасы міндеттелген әр тапсырманы орындауға білек сыбана кіріседі», – деп атап өтті Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров.     

Кәсіпкерлер палатасы қазірден бастап Жолдауда айтылған бірнеше бағыттар бойынша жұмыстарды бастап кетті. Инвестицияларды тарту, отандық тауар өндірушілері өнімінің экспортын ұлғайту, агроөнеркәсіптік секторын дамыту, шаруалар кооперациясы, бизнес ашу үшін шағын несиелердің қолжетімділігі, кәсіпкерлерге қызмет көрсету, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, жекешелендіру, бизнес пен адами капиталының дамуына әсер ететін әкімшілік кедергілерді азайту бойынша нақты жұмыстар істелінуде.  

«Елбасы бірінші басымдық ретінде экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын тілге тиек еткені тегін емес. Цифрлық технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияларға бет бұруға болады, бұл бағдарлы болашаққа жол бастайтын жай ғана тапсырма емес, бұл – заман талабы. Бүгінде мыңдаған қазақстандықтар түрлі гаджеттерді қолданып жүр, өздеріне қажетті заттарды интернет дүкендері арқылы сатып алады, қалта телефондарына жүздеп қосымшаларды жүктейді, бірақ, өкінішке орай, нарықта осындай отандық it-өнімдер үлесі өте төмен. 2017 жылы бизнеске дарынды жастар мен ұтымды стартаптарды тарту Палатаның негізгі бақыты болмақ. Ой қабілетті, жаңа технологияларды дамыту үшін ұйымның әлеуеті жеткілікті, талантты жастардың да бұл салада ұсыныстары көп. Дәстүрлі технологияларды жаңашылдыққа бұратын уақыт келді», – деді «Қазфосфат» ЖШС басшысы.

Өткен жылдың аяғында «Atameken Services» электронды қосымшасын іске қосу арқылы бизнесмендерге жан-жақты қызмет көрсетуді енді қашықтықтан да жүргізуге болады. Аталған электронды қызметті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес ортаны оңтайландыру, үдерістерді тездету мақсатында қолға алған.   

Мұқаш Ескендіровтің айтуынша,  Жолдауда ет өнімдері экспортына баса назар аударылғаны қуантарлық жағдай. Ол Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құрылып, оның құрамына міндетті түрде  бизнес-қоғамдастық өкілдері кіретіні, Бірыңғай экспорт стратегиясы әзірленетіні өзінің жемісін беретініне сеніммен қарайды.

Жолдауда бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту екінші басымдық ретінде көрсетілген. Мемлекет басышысы елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын көздеп отыр .

«Жаппай және отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бойынша әр өңірден ұсыныстар күтіледі, бұл бағытта Палата, әрине, өзінің бағдарын ұсынатын болады. Мәселен, биылдан бастап ауылдық жерлерде «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқытатын бір айлық оқу бағдарламасы жұмысын бастайды. Осы мүмкіндік арқылы жүздеген адам кәсіп ашуға машықтанады.  

 Сонымен қатар биыл қыруар жұмыс Палатаның заңгер сарапшыларына тиесілі болмақ. Бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасалатыны айтылды.  

Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру арқылы бизнесті жүргізуге қолайлы ортаны жақсартып қана қоймай, адамдарды кәсіпкерлікке белсенді тартуға жол ашылатынына кәміл сенемін. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік көп», – деп түйіндеді Мұқаш Ескендіров.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер