astana-view

Әлеуметтік зерттеуде сыбайлас жемқорлық деңгейі анықталды

2017 жылғы 31 Наурыз
7856 просмотров

2016 жылғы «Іскерлік ахуал» әлеуметтік зерттеуге 4100 кәсіпкер қатысты

Орталық коммуникациялар қызметінде «Сандж» зерттеу тобы мамандарының қатысуымен Экономикалық зерттеулер институты (ERI) дайындаған 2016 жылғы «Іскерлік ахуал» әлеуметтік зерттеуінің қорытындысы» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингке «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық талдау орталығының директоры Айжан Төлепбекова, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық талдау орталығы директорының орынбасары Динара Ақынбекова қатысты.

Жиын барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов «Іскерлік ахуал­ – 2016» зерттеуі Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес-ахуалды жақсартудың негізі болатынына сенім білдірді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын еліміздегі іскерлік ахуалға зерттеу жүргізеді. Біз бұл зерттеуді 2013 жылы бастаған едік. Әлеуметтік зерттеуді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерелер палатасының тапсырысымен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы Экономикалық зерттеулер институты жүргізді. Зерттеудің мақсаты кәсіпкерлердің сауалнама жауабы негізінде өңірлердегі бизнесті жүргізуге қолайлылық рейтингісін анықтау. Сауалнамаға 2016 жылы  4100 респондент-кәсіпкер қатысты, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе көп», ­– деп атап өтті Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары әлеуметтік зерттеу рейтингі жекелеген мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің рейтингісі болып табылмайтындығын ерекше атап өтті. «Бұл зерттеудің ерекшелігі –  өңірлердегі бизнес жүргізудегі қолайлығының рейтингісі анықталады. Бұл ­ кәсіпкерлер берген бағаның қорытындысы. Бұл рейтингтің негізгі міндеті – бизнестің жағдайын анықтау, мемлекеттік органдар кәсіпкерге қатысты өз қызметін тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, бизнес мәселесін шешудегі жол картасы ретінде пайдаланылады. Бұл рейтинг аясында біз екі жыл қатарынан сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтап отырмыз. Сыбайлас жемқорлықпен күресте мемлекет айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сауалнамаға қатысушылардың 71% сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалардың тиімділігіне жоғары баға берсе, 28% сыбайлас жемқорлық деңгейінің азайғанын байқағандарын білдірген», ­– дейді Рустам Жүрсінов. 

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық талдау орталығы директорының орынбасары Динара Ақынбекова Қазақстанның іскерлік ахуалын зерттеуінің негізгі аспектілерімен таныстырып өтті.

Зерттеудің мақсаты ­– кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама негізінде жалпы Қазақстан өңірлері бойынша бизнес жүргізу шарттарына тәуелсіз баға беру. Зерттеу әдіснамасын дайындау кезінде әлеуметтік зерттеу теориясы мен әлемдік үздік тәжірибеге шолу жасалған. «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингі The World Bank, Bank of Amerika, British Government, Financial Times and The Economist, Ernst & Young, «Опора России» секілді компаниялардың бизнес-барометрі тәжірибесіне негізделген. Берілген әдіснама өңірлерде,  бизнес-қоғамдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен фокус-топтық талқылаудан өткізілген.

«Рейтинг аясында әкімшілік реттеу, мемлекеттің бизнесті қолдауы, жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым, адам ресурсы, қаржылық ресурс, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейі секілді көрсеткіштер ескерілді», – деп атап өтті Динара Ақынбекова.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық талдау орталығының директоры Айжан Төлепбекова зерттеу қорытындысын жариялады.

«Іскерлік ахуал – 2016» әлеуметтік зерттеуінде қаржы және адам ресурстары, мемлекеттік қолдау, жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым факторларының көрсеткіші сарапқа салынған. Нәтижесінде Алматы қаласы бизнес үшін қолайлы өңір деп танылды. 2015 жылғы көрсеткіш 2 сатыға көтеріліп, Астана қаласы 2-орынға түскен. Сонымен қатар аталған факторлар бойынша көрсеткіштерін 3 сатыға жақсартқан Оңтүстік Қазақстан облысы 3-орынға тұрақтаған. Рейтингтің үздік бестігін Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстары аяқтайды.

Зерттеу барысында мемлекеттік органдардың жұмысы да бағаланды. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау туралы ақпарат алуы 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқан, ал «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасына қатысушылар үлесі 4,8%-ға өскен. Сауалнамаға қатысушылардың 83,5% «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасына қатысу бизнестерін дамытуға көмектескендігін атап өткен.

Сараптама бойынша мемлекеттік органдардың тиімді жұмысына кедергі келтіретін негізгі мәселелер екені анықталды, оның ішінде респонденттердің 29,53% құжаттарды қарау мерзімінің ұзақтығы мен қағазбастылықты көрсеткен. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысушылардың 14,75% қызметкерлер біліктілігінің төмендігін атаған.

Сауалнамаға қатысушылар кедендік органдарда, экономикалық тексеру қызметі мен көлік инспекциясында сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары деп көрсеткен. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық деңгейі Жамбыл, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жоғары деп танылған. Ал Павлодар (56%), Ақмола (45%) және Солтүстік Қазақстан (40%) облыстарында сыбайлас жемқорлық айтарлықтай азайғанын

Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықты азайту үшін жазаны қаталдатуды, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша уәкілетті орган қызметінің тиімділігін арттыруды, билік органдары қызметкерлерінің әрекетіне, олардың табыстарына, отбасы мүшелерінің табыстары бақылауды күшейтуді, мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандыруды ұсынған.

«Несиелеуді дамытуды тежейтін және қаржыландыру құралдарын қолжетімді етпейтін мәселелер қатарында құнсыздану деңгейінің жоғарылығы; ҚР Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі көлемінің жоғарылығы; шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің аздығы (2015 жылы 25,6%), экономиканың монополиялану деңгейінің жоғарылығы; шағын бизнеске инвестицияның тартылмауы, нарыққа шығуға кедергілердің болуы мен жаңа кәсіпорынның банкроттық қауіптілігінің жоғары болуы, несие пайызының жоғарылығы, кепілдік қамтамасыз ету: көптеген шағын бизнес иелері заңды мүлікті иеленбейді; шағын бизнес үшін ұзақмерзімді несиелеудің жоқтығы бар», – деп атап өтті «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық талдау орталығы директорының орынбасары Динара Ақынбекова.

Сауалнамаға қатысушылардың 56,9% мемлекеттік қолдаудың аздығын атап өтсе, 43,1% мемлекеттік қолдауға қанағаттанатындықтарын білдірген. Бұл көрсеткішті өңірлерге бөлгенде Ақтөбе (54,4%), Атырау (63%), Батыс Қазақстан (59,2%) және Қостанай (62,2%) облыстарының кәсіпкерлері мемлекеттік қолдауға көңілі толатындықтарын білдірген. Дегенмен Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысының кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға көңілдері толмайды.

2016 жылғы «Іскерлік ахуал» әлеуметтік зерттеуінің қорытындысымен таныса аласыздар


Еншілес ұйымдар

Серіктестер