astana-view

Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балаларына тегін тамақ беріледі

2018 жылғы 19 Ақпан
- Жетісу облысы
8098 просмотров

Іскер ханым 6 жылдан бері тегін тамақ таратумен айналысады

Көксу ауданындағы кәсіпкер, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Саида Саитова 2012 жылдан бері Н.Алдабергенов атындағы мектепте әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыдан шыққан 35 балаға бір реттік тегін тамақ беруді қолға алған. Іскер ханым бұл қадамын қоғам алдындағы парызы деп түсіндірді.

«Міне алды жылдан бері білім беру мекемелерінде тамақтандыру ісімен айналысамын. Сол кезден 30-35 жетім бала мен тұрмысы төмен отбасының балаларын тамақтандыруды басталды. Жалпы бұл бастама аудандардағы барлық мектепте жүзеге асады, кәсіпкерлер осы іске үлес қосатыны қуанышты», – деді Саида Саитова.

Саида Саитова іскерлікті 2000 жылдан бастап қолға алған. Заңгерлік біліміне қарамастан, сұлулық салонын ашып, саудаға ауысып, азық-түлік дүкенін ашқан. Одан кейін жалпы білім беретін мектептерде тамақтандыру ісін қолға алды. Бүгінде қол астында 10 адам жұмыс істейді. Бизнеспен айналысқан уақытта әлеуметтік жауапкершілігін естен шығармаған.

«Көп балалы отбасында өстім. Үйде бес баламыз, одан бөлек ағайынды алды аға-сіңлілеріммен бірге тұрдық. Әке-шешеміз бір-бірімізді ойлап, жәрдем сұрағанға көмектесуді әрдайым айтып келді. Бұл жай ғана сөз емес еді. Ата-атамыз жақсылық пен жомарттықтың үлгісі бола білді. Өсіп, отбасылы болған соң, әке-шешенің айтқанын орындауға тырыстық», – дейді ой бөліскен кәсіпкер ханым.

Бүгінде үш баласы бар: үлкен қызысы Севара құқық қорғау органдарында жұмыс істейді, 18 жастағы Сұлтан – велоспорт чемпионатының жеңімпазы, ал кішісі Нұрия 7-сыныптың оқушысы.

«Ұяда не көрсек, ұшқанда соны ілерсің» деген. Жолдасым екеуміз сүйіспеншілік пен жылулықтың үлгісін көрсетеміз. Нағыз патриот болып, еліне қызмет етіп, оның дамуына үлес қосқандарын қалаймын», – дейді кәсіпкер ана.

Көксу аудандық Іскер әйелдер кеңесін басқара отырып қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып келеді. Таяуда ғана ортопедиялық аяқ киім керек деген балаға көмектесті. Бұл аяқ киімді мемлекеттік бағдарламамен алуға болады, алайда оның уақыты ұзақ, әрі құжаттар жинау керек. Қаржылай көмектің арқасында балақай аяқ киімді аз уақыттың ішінде ала алды әрі нық қадам жасап жүр. Саида Саитованың айтуынша Жұмыспен қамту орталығымен ынтымақтастықта, іскер әйелдер аудандағы оңалту орталығына көмектесіп келеді.

«Балаларға әрдайым көңіл бөлуіміз керек. Бизнес өкілі ретінде қоғамға қамқорлығымызды аямауымыз керек. Әсіресе балақайлар Жаңа жылды ерекше күтеді. Мереке қарсаңында оларға кіріп, сыйлықтар таратамыз. Ең бастысы олардың жүзінен қуаныш пен күлкіні көру», – деп атап өтті іскер ханым.

Осы жылдың басында Ұлттық палатаның бастамасымен ұйымдастырылған «Атамекенім» республикалық акциясының аясында Балпық би ауылындағы Н.Алдабергенов атындағы мектептің жоғары сынып оқушылары үшін «ыстық шәй» ұйымдастырылды.

«Қаңтардағы шыңылтыр аязда мектептерде сабақ тоқтатылды. Алайда тестке дайындалып жүрген 11 сыныптар мектепке барды. Сол кезде тегін шай ұйымдастырдық. Балалардың көңілі көтеріліп қалды», – деп хабарлады кәсіпкер.

Бұл игі істің біршамасы ғана. Өзге кәсіпкерлер секілді Саида Саитова да қайырымдылық туралы айтқысы жоқ. Алайда жақсылыққа үндеу керек деген ұстанады.

Мұнымен қоса Саида Саитова қоғамдық жұмыспен айналысады. Қазіргі таңда Көксу ауданындағы ұйғыр этономәдениет орталығын, ата-анаар комитетін, сондай-ақ аудандағы Кәсіпкерлер кеңесін басқарады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер