Ақтөбе облысында әкелерге арналған саябақ ашылды
Меценаттың ашық қолымен Қарабұтақ ауылында ерекше нысан салынды
Кәсіпкер Қайрат Қойлыбаев бизнестің әлеуеметтік жауапкершілігі, қайырымдылық пен патриотизмнің ерекше үлгісін көрсетті. Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында демалыс бағын жеке қаражатына тұрғызды. Қараусыз қалған демалыс аумағында бірегей нысан салынғанына, әсіресе, жерлестері қуанышты.
Бизнес иесі саябақты абаттандыруға 20 млн теңге жұмсаған. Екі айда аса уақытта саябақ ретке келтіріліп, 600 ағаш көшеті егілді. Сонымен қатар «Қарабұтақтың» атақты тұлғалары» деген жазуы бар тақтай ілінді.
Қайрат Қойлыбаевтың айтуынша әуел баста бұл маңда орталық көше, субұрқақ пен кішкентай сахна болған. Саябақты Ақтөбеден келген мамандар, ауыл тұрғындары бірігіп, 30-ға жуық адам салды.
Бүгінде заманауи, көпсалалы демалыс орнына айналған саябақ «Әкелер бағы» деп аталады. Мұнда ересектер де, балалар да тыныға алады.
Бүлдіршіндерге арнап әткеншек, турник, карусель қойылды, оқушылар доп теуіп, арнайы алаңда ойнай алады.
Футбол алаңы бөлініп, қақпасы қойылған, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Тіпті қыстың күні алаңды мұз айдынына айналдыруға болады.
Сахна толық қайта жасалып, профжабыны ауыстырылды. Орталық аумаққа «отшашу» деп аталатын екі жарық орнатылған, субұрқақ қайта салынып, екі теннис үстелі орнатылды. Саябақта жаздық волейбол алаңы салынды. Тиісті жабдық та қойылған.
Орталық қақпа тұтастай ауыстырылып, кірпіштен баған орнатылып, жол төселді. Әйтеке би ескерткішінің аумағы да қайта жөнделді.
Тасты төсеме, бордюрлер Ақтөбедегі «ВиброМастерАқтөбе» ЖШС алынды, ілінген қалқандарды «Сигма» жарнамалық агенттігімен бірге дайындалған. Қалған керек-жарақтың барлығына металл құрылым зауытының күшімен жасалды. Қайрат Қойлыбаев»АЗМ» ЖШС құрылтайшысы.
Саябақтың ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, жергілікті атқару билік өкілдері, демеушінің жақындары мен туыстары қатысты. Қайрат Қойлыбаев бауыры Әліби Қойлыбаевпен бірлесіп биыл 86 жасында дүниеден өткен әкелерінің құрметіне арнап осы саябақты қайта жаңғыртқан.
Ал Әліби Қойлыбаев Ырғыз ауданы Шабаған ауылында туып өскен. Алматы мал шаруашылығы институтын бітірген. Содан кейінгі өмірі Қарабұтақ ауылында өткен, мал дәрігері, ауыл шаруашылығы инспекциясының басшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары сынды жұмыстарды атқарған.
Ол директорлық міндет атқарған жылдары Қарабұтақ ауылында мешіт салынып, балабақшасын ашып, совхоз жұмысшыларына арнап үй тұрғызылған. Жарымен бірге 6 бала тәрбиелеген.
«Ауылды шексіз сүйетін, құрметтейтін тұлғаның үлгісісіз. Әкенің, ұлттық нағыз ұлы. Қарабұтаққа сіңірген еңбегі бағасыз. Жақсылықты жарияламай жасау керек деген қағиданы ұстанатыныңыз мәлім. Дегенмен жастар қайрымды жандардың игі ісінен үлгі алып өсуі керек», – деп Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашев жылы лебізін білдірді.
Қарабұтақ ауылының тумасы Қайрат Қойлыбаев ауылдастарына әрдайым материалдық көмек көрсетіп, жағдайы нашар, аз қамтылған отбасыларға қамқорлық танытып келеді. Биыл бес оқушының Астана, Бурабай және Ақтөбе лагеріндегі демалысына қаражат бөлген.
Былтырғы жылдары мешітті қайта жөндеуге қаражат бөліп, Т.Шевченко атындаңы мектептегі хоккей кортын салды. Кортта киім ауыстыратын бөлме бар, түнгі жарықтандыруы да салынған.
«Балаларды қуантудан асқан байлық жоқ. Ауылдастар сыйды бағалады деп ойлаймын. Ауылдастардың қолдауын сезінбесем осының барлығы жасалынбас еді. Қазір көптеген бизнесмендер ауылына көмектеседі. Ал Ұлттық палатаның бастамасымен «Рухани жаңғыру» аясында іске асырылып отырған «Атамекенім» акциясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ынталандырады», – деп атап өтті бизнесмен.
Еске салсақ, «Атамекенім акциясы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2017 жылдың қыркүйегінен бастап өңірлерде, Астана мен Алматы қалаларында өтуде. Ол әлеуметтік жауапкершілік мәселесінде бизнестің қолдауына бағытталған. Қайырымдылық атаулы, тиімді, тұрақты әрі кәсіби тұрғыда жасалуын мақсат тұтады.
Ұлттық палатаның ресми интернет-ресурсында әлеуметтік мәселелер реестрі жарияланған. Ол көмекке мұқтаж жанның қандайда бір көмек алуы үшін онлайн-режимде өтінім қалдыруы мүмкіндік береді. Facebook пен Инстаграм әлеуметтік желілерінде жалпыға ашық топ жасалған. Әлеуметтік мәселелер жарияланып, көмек көрсетуге үндейді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: