astana-view

«Бастау» тыңдаушыларына көше саудасын ұйымдастыру жолдары үйретілді

2018 жылғы 21 Қараша
- Ақтөбе облысы

Ақтөбеде кәсібін жаңадан бастағысы келетін жандарға сауда орындарын ашу туралы түсінік берілді.

«Көше саудасына арналған 250 орын» жобасына дайын бизнес-жоспары бар, салық қарыздары жоқ  кәсібін жаңадан ашқан немесе жұмыс істеп тұрған кез-келген кәсіпкер қатыса алады. Бұл туралы бір айлық «Бастау» кәсіпкерлік оқытуларының тыңдаушыларына «Ақтөбе» ӘКК ҰК» АҚ өкілдері айтып, түсіндірді.

«Жобаның ерекшелігі сол – кәсіпкерлер өз өнімдерін делдалдарсыз, тікелей сатуға шығара алады. Негізгі басымдық жергілікті ауылшаруашылық өнімдеріне беріледі. Бір жағынан, қала тұрғындары алысқа бармай-ақ, сапалы өнімдерді арзан бағаға сатып алады, екінші жағынан кәсіпкерлер өздері тұратын ауданнан жұмыс орнын құруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, шаштараз қызметі мен тігін шеберханасын ашуға болады. Егер бір жерді алуға 4 өтінім түссе, оны комиссияның қарауына береді, ал одан көп болса, жер телімі аукционға шығарылады», – дейді «Ақтөбе» ӘКК ҰК» АҚ маманы Александра Қалдығұлова.

Жер телімін бөлуде павильондардың сыртқы көрінісі мен оның қала сәулетіне және заманауи талаптарға сәйкестігі ескеріледі. Сауда орындарының 7 жыл мерзімге жалға беріледі, сондықтан кәсіпкерлердің жұмсаған шығындары толық өтелуі тиіс. Жалға беру құны сауда нүктелерінің әкімшілік шығындарына ғана жұмсалады, яғни айтарлықтай көп емес.

Бұл бастаманы алғаш рет «Атамекен» ҰКП көтеріп, пилоттық режимде Астана қаласында өткізді. Жоба тиімді жүзеге асырылған соң, барлық облыстарға, оның ішінде Ақтөбеге де таратылды.   Кәсіпкерлер палатасы бизнес ортаға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

2017-2020 жылдар аралығында жоба бойынша 250 жер телімі беріледі. «Бастаулықтарды» құжаттардың аздығы мен жалға беру мерзімінің ұзақтығы қызықтырды.

 Басқосуға  қатысқан Мемлекеттік кіріс департаментінің маманы Жеке кәсіпкерлік пен ЖШС ретінде тіркелудің шарттары туралы айтып, «Бастау» тыңдаушыларының салық төлеу, есеп беру және онлайн-кассалық аппараттарды қолдану туралы сұрақтарына жауап берді.

Мамандармен кездесу Ақтөбедегі «Бастау» жобасының тыңдаушыларына арнайы өткізілді. Айлық оқу курсы осы аптаның соңында аяқталады. 26 қараша күні олар өз бизнес-жоспарларын қорғайды.

Бүгінгі күні облыстағы 12 аудан бойынша 1 902 адам тегін оқытудан өтті. Олардың 508-і өз бизнес идеяларын сәтті қорғап шықты. Үш жүзден аса ауыл тұрғыны 803 млн теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.  Жыл соңына дейін барлығы 2 231 адамды оқыту жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер