astana-view

«ALTYN OIMAQ» қатысушылары: балалар киімінің дизайнері Жанат Қабдуллина

2019 жылғы 04 Мамыр
2831 просмотров

Жанат Қабдуллина 50 жаста, ол 1998 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Жолдасы екеуі 6 бала өсіріп, қазір 8 немере сүйіп отыр. Жанат Қабдуллина тұрмысқа шы,ып, балалы болуына себепті оқуын аяқтай алмады. Кейін сот саласында қызмет атқарған, қазір де заңгерлік қызметпен айналысады. Қызмет пен үй шаруасын қатар алып жүрген әйел ермек үшін жақындарына киім тігіп жүрді

 «Биыл немеремді перзентханадан шығарып алу үшін арнайы ұлттық нақышта жөргек жасадым. Сол кезде неге үй тоқымасы мен балалар киімін тігуді кәсіпке айналдырмасқа деген ой келді. Балаларыммен бірлесе «Balausa.kz» сайтын жасап, инстаграмда «etno-kids»   парақшасын аштық. Осылайша кәсібімізді бастадық. Ісіміз табысты болады деп үміттенемін. Мен қол қусырып отырғанды ұнатпаймын. Үнемі ізденістемін. Өмірді жақсы көремін. Ән айтамын, өлең жазамын. Қайырымды істер жасағанды жақсы көремін», – дейді кәсіпкер.

Киім тігу жолында  Жанат Қабдуллина  қызықты хикаяттары болғанымен бөлісті. Жалпы шығармашылық жол ауыр да қызықты.  

«Жағасы 60 см болатын жейде тіккенім есте қалатын оқиға болды. Өйткені  60 сантиметр болатын мойын болмайды. Жейдені киіп көргенде жағасының жайлауға кеткенін көріп, бәрінің бір күлгені бар», – деп еске түсірді дизайнер.

Қазір Жанат Қабдуллина үйде бас дизайнер, стилист. Немерелеріне ерекше киім тігіп береді. Балаға киім тігуде заманауи трендтер де назарда. Мәселен, қыз балалар Лол қуыршағы бейнеленген киімдерді таңдаса, ұлдар Спайдермен суреті барын таңдайды.

«Қазір мүмкіндік көп, кестелейтін машиналар кез келген суретіңді жасап береді. Балалардың сұранысын орындаймыз», – дейді Жанат Қабдуллина.

Кадр мәселесі әрдайым өзекті. Ателье жұмысына кәсіби білікті маман жетіспейді. Әрине, сондай-ақ табысты даму үшін жарнама да керек-ақ. Ал бұл қымбат қызмет деп санайды дизайнер.

«ALTYN OIMAQ» байқауына қатысуға дем берген – үміт. Менің жасап жатқан дүниелерім көпшілікке қызықты болар деген үміт. Сондай-ақ басқа қатысушылармен танысып, олардың шығармашылығынан шабыт алсам деймін. Мүмкін серіктес те болып қалармыз, – дейді Жанат Қабдуллина. –  Менің өмірлік ұстанымым – қимылдаған қыр асар. Ал арманым ше? Ол – адамдарға қуаныш сыйлау. Мақсатым – балаларым мен немерелерімнің бақытты болғаны».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер