СҚ-Фармация отандық тауар өндірушілермен келісімшарттарды бұзбайды - Атамекен ҰКП

30.01.2026
СҚ-Фармация отандық тауар өндірушілермен келісімшарттарды бұзбайды - Атамекен ҰКП

«Атамекен» ҰКП-да отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірушілерінің өтініштері қаралды. Аталған өтініштер қазақстандық тауар өндірушілер реестрінің (ҚТӨ реестрі) жұмысына және Бірыңғай дистрибьютор — «СҚ-Фармация» ЖШС тарапынан жеткізу шарттарын біржақты бұзу қаупіне қатысты болды.

Ұлттық палатаға отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірушілерінен ҚТӨ реестріне енгізу барысында туындаған қиындықтар жөнінде өтініштер келіп түсуде. Өндірушілердің айтуынша, қазіргі кезеңде порталдың жұмысы кей техникалық ақауларға байланысты деректерді уақтылы енгізу мен сақтауды қиындатуда.

Отандық тауар өндірушілер реестрге деректерді енгізу кезінде қойылатын кейбір талаптар фармацевтикалық өндірістің ерекшелігін ескере отырып, қосымша пысықтауды қажет ететінін де атап өтті. Нақтырақ айтқанда, технологиялық процестерді қалай растау керек екені және көп көлемдегі құжаттарды порталға жүктеу мәселесі көтерілді. Бұл құжаттардың бір бөлігі дәрілік заттарды мемлекеттік тіркеу кезінде бұрыннан тапсырылған және құпия ақпарат болып саналады.

Өндірушілер белгіленген талаптарды орындаудан бас тартпайтынын, алайда ақпараттық жүйе жетілдіріліп, жұмысы толық тұрақтанғанға дейін тараптарға тиімді шешім қажет екенін айтты.

Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор — «СҚ-Фармация» ЖШС тарапынан отандық өндірушілерге ҚТӨ реестрінде болмаған жағдайда жеткізу шарттары мен ұзақмерзімді келісімшарттарды біржақты бұзу мүмкіндігі туралы хабарламалар жолданған.

Анықтама:

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 25 желтоқсандағы №172 бұйрығымен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңартылған редакция 2026 жылғы 16 қаңтардан бастап күшіне енеді. Қағидаларға сәйкес, шарттар мен ұзақмерзімді шарттарға қосымша келісімдер жасау кезінде жеткізушінің ҚТӨ реестрінде болуы міндетті. Тиісті қаржы жылына сатып алу тек осы реестрге енгізілген жағдайда ғана жүзеге асырылады, ал реестрде болмау Бірыңғай дистрибьютордың шартты шығындарды өтемей және міндеттемелерді қамтамасыз ету сомасын ұстай отырып, біржақты бұзуына негіз бола алады.

«Өндірушілер тап болған мәселе бір ғана кәсіпорынға емес, көпшілікке ортақ. ҚТӨ реестрі іске қосылған кезде кідірістер мен техникалық қиындықтар болғаны белгілі. Ол туралы уәкілетті органдар да біледі. Соған қарамастан, отандық өндірушілер реестрдің қажетті екенін түсінеді және оны қолдайды. Осы орайда өндірушілер Денсаулық сақтау министрлігінен бұл жағдайды реттеуге көмектесіп, жағдайды ескеретін тиімді әрі қолайлы шешім қабылдауды сұрап отыр», – «Атамекен» ҰКП Медициналық қызметтер департаментінің басқарушы директоры Назгүл Қабдрахманова.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі ҚТӨ реестрі белсенді түрде енгізіліп, бүгінде жетілдіру кезеңінде екенін атап өтті. Бастапқы кезеңде анықталған техникалық ақауларға қарамастан, олар бүгінде жойылып, платформаның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр.

«Порталды іске қосу барысында пайда болған жекелеген техникалық ақауларды мойындаймыз және оларды кезең-кезеңімен түзетіп келеміз. Қазіргі таңда платформа жұмыс істеп тұр, өтінімдер қабылдануда, бірқатар кәсіпорындар реестрге енгізілді. Фармацевтика саласы бойынша шамамен жүзге жуық өтінім Денсаулық сақтау министрлігіне салалық комиссияларда қарау үшін жолданды. Жүйені жетілдіру жұмыстары жалғасуда, сондықтан өндірушілерді жаңартылған нұсқаулықтарды ескере отырып, өтінімдерді қайта тапсыруға шақырамыз», – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіпті дамыту және ішкі құндылық департаментінің директоры Айдын Рақымжан.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігі бизнес пен басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге, негізсіз шарттардың бұзылуына жол бермеуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге дайын екенін растады.

«Өтпелі кезеңде жеткізілімдер мен қолданыстағы шарттар бойынша қиындықтар туындамауы біз үшін маңызды. Барлық техникалық ақаулар тіркеліп, Денсаулық сақтау министрлігіне жолдануға тиіс, біз оларды ӨҚМ және портал операторымен бірлесіп пысықтаймыз. Сонымен қатар қазіргі кезеңде министрліктің рұқсатынсыз «СҚ-Фармация» ЖШС-нне ешбір келісімшартты бұзбауды сұраймыз. ҚТӨ реестріне тіркелу жұмысы жалғаса береді», – деді ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры Аслан Қинаятов.

Кеңеске қатысушылар ҚТӨ реестрінің қызметі ақпараттық жүйе тұрақты жұмыс істегенде, мемлекеттік органдар бірлесіп әрекет еткенде және отандық өндірушілердің нақты жағдайы ескерілгенде ғана тиімді жүзеге асатынын айтты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жағдайды бақылауды және барлық тараптармен бірлесе жұмыс істеуді жалғастырып, ортақ әрі тиімді шешімдер қабылдауға атсалысады.