Ақтөбе өндірушілеріне ірі өнеркәсіп компаниясының сатып алу талаптары түсіндірілді
Ақтөбеде жергілікті тауар өндірушілер үшін «ТҰК «Казхром» АҚ Ашық есік күні өтті. Іс-шараға Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының және облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты — отандық тауар өндірушілерді қолдау және тау-кен металлургия секторының жер қойнауын пайдаланушыларының сатып алуларына жергілікті бизнесті тарту арқылы қазақстандық қамту үлесін арттыру. Мұндай диалог форматы кәсіпкерлерге ірі компанияның талаптары, тәсілдері мен күтілімдері жөнінде тікелей түсіндірме алуға, сондай-ақ сатып алуларға қатысу бойынша нақты сұрақтар қоюға мүмкіндік береді.
Бүгінде қазақстандық өндірушілерді ірі өнеркәсіп компаниясының сатып алуларына тарту тақырыбы ерекше өзекті. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, жергілікті қамту үлесін ұлғайту және ел ішінде қосылған құнның тұрақты тізбектерін қалыптастыру міндеттеріне толық сәйкес келеді.
«Казхром» АҚ — тек Ақтөбе облысы үшін ғана емес, жалпы Қазақстан экономикасы үшін жүйеқұраушы кәсіпорын. Компания өнеркәсіптік өндіріс көлеміне, елдің экспорттық әлеуетіне, инфрақұрылымның дамуына және халықты жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосып келеді.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Владимир Сухорученконың айтуынша, қазіргі жағдайда ірі компаниялардың сатып алуларын тек баға тұрғысынан емес, ұлттық экономиканы дамытудың стратегиялық құралы ретінде қарастыру қажет.
«Отандық өндірушілердің сатып алуларға қатысуын кеңейту импортқа тәуелділікті азайтуға, жергілікті өндірістік қуаттарды дамытуға, тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қазақстандық кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бизнес үшін «Казхром» АҚ сатып алуларына қатысу — ірі әрі тұрақты тапсырыс берушіге қол жеткізу, өндірістік қуаттарды ұзақ мерзімге жүктеу, халықаралық стандарттарды енгізу және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкіндігі. Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер компанияның жеткізушісі болу үшін қандай қадамдар жасау қажет екенін нақты түсінуі маңызды», — деді Палата өкілі.
Кездесу барысында онлайн форматта «ERG Коммерциялық орталығы» ЖШС өкілі Александр Сергеев сатып алу әдіснамасын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Ешмұратов қатысушыларға биылғы қаңтардан бастап қалыптастырылып жатқан Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі туралы ақпарат берді. Бұл тізілім компанияларға реттелетін сатып алулар аясында мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Хромтау ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұржан Ерғазин моноқала Хромтау аумағында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды қолдау шараларына тоқталды.

Жеке блок ретінде «сұрақ–жауап» сессиясы өтті.
Тәжірибеде кәсіпкерлер бірқатар объективті қиындықтарға тап болады. Олардың қатарында өнімнің тапсырыс берушінің техникалық талаптарына сәйкес келмеуі, қажетті сертификаттар мен рұқсаттардың болмауы, өндіріс көлемінің шектеулілігі, сатып алу рәсімдері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі және конкурстық құжаттаманың күрделілігі бар.
Кездесу қорытындысы бойынша бизнес тарапынан қойылған барлық сұрақтар мен ұсыныстар Казхром тарапынан тіркеліп, бірлесіп пысықталатын болады.

«ТҰК «Казхром» АҚ сатып алу және логистика жөніндегі басшысы Игорь Филиппенко компания отандық өндірушілерді қолдау мен ашықтықты жүйелі түрде күшейтіп отырғанын атап өтті.
«Барлығы порталдан бастап жеткілікті деңгейде ашық. Біз жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында мемлекеттік ережелерге бағынамыз. Ішкі қағидаларға да кәсіпкерлерді қолдау бағытында елеулі өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, өз өнімін өндіретін және оң сынақтан өткен кәсіпорындармен бір көзден офтейк-келісімшарттар жасай аламыз. Сондай-ақ шорт-парақшаға енген кәсіпорындардан сатып алу бөлігінде де маңызды өзгерістер бар. Осылайша біз сіздерді делдалдардан қорғаймыз», — деді ол.
Кәсіпкерлер палатасы тарапынан мұндай кездесулер бір реттік акция емес, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бойынша жүйелі жұмыстың элементі ретінде қарастырылады. Өңірлік палата кәсіпкерлерге ірі компаниялардың сатып алуларына шығу кезінде сүйемелдеу көрсетуге, рәсімдер мен талаптарды түсіндіруге жәрдемдесуге, сертификаттау және стандарттау мәселелерінде көмектесуге, сондай-ақ жүйелі мәселелерді өңірлік және республикалық деңгейде көтеруге дайын.