Медицинадағы ҚҚС реформасы: елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы туындауы мүмкін бе?

29.01.2026
Медицинадағы ҚҚС реформасы: елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы туындауы мүмкін бе?

Сарапшылардың пікірінше, дәрілік заттарға ҚҚС енгізу тапшылыққа, сондай-ақ дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің күрт қымбаттауына әкелуі мүмкін

Жақында Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, «Атамекен» ҰКП және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн-кеңесте жаңа Салық кодексіндегі ең сезімтал бөлімдердің бірі – медициналық және фармацевтикалық қызметтегі ҚҚС мәселесі талқыланды.

Еске сала кетсек, бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүргізіліп жатыр. Іске асырудың негізгі құралы – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің басшылығымен құрылған және бекітілген Жобалық кеңсе. Енді Президенттің әрбір тапсырмасында нақты жол картасы, жауапты тұлғалар және өлшенетін тиімділік көрсеткіштері (KPI) бар.

Медицина және фармацевтика саласындағы ҚҚС реформасы түбегейлі әрі аса маңызды шешімдерді талап етеді. Министрліктер түзетулерді тезірек қабылдауға асықса, бизнес пен сарапшылар бұл жерде тек бюджет кірісі ғана емес, халық үшін ем-домның, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің нақты қолжетімділігі де таразыға түсіп тұрғанын ескертеді.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов талқылау барысында салаға салықтық айқындық ауадай қажет екенін атап өтті:

«Мәселені жедел шешу біз үшін өте маңызды, уақыт тығыз. Денсаулық сақтау секторына түсінікті әрі әкімшілендіруге ыңғайлы салық шарттары керек. Қазір шұғыл шешуді талап ететін сұрақтар бар, ал болашақта жаңа Салық кодексі аясында бүкіл саланың салық салу тетігін қайта қарау қажет».

Оның айтуынша, көптеген ерекшеліктерге толы жүйе ҚҚС-тың бейтарап салық ретіндегі табиғатын бұзып, әділетсіз бәсекелестікке жол ашуда.

Қазақстанның фармацевтикалық нарығы күйреу алдында

Жаңа Салық кодексіндегі ҚҚС-ты әкімшілендірудің күрделі жүйесі мен құқықтық қайшылықтар елді дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдармен тұрақты қамсыздандырудың орнықтылығына қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» Қазақстанның фармацевттік және медициналық өнім өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Руслан Сұлтанов мәлімдеді.

Салалық қауымдастық басшысының айтуынша, сектор бұрын-соңды болмаған әкімшілік қысымға ұшырап, бұл жайт дистрибьюторлардың әлеуметтік маңызы бар препараттарды сатып алудан бас тартуына алып келуде.

Сұлтанов негізгі мәселелердің бірі ретінде ТМКМК мен МӘМС аясында медициналық бұйымдарға салық салудағы сәйкессіздікті атады. Құқықтық олқылықтар салдарынан медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде 5% мөлшерлеме пайда болған, ал бұл тұрғыда медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылған.

«Салдарынан ауруханалар бұл салықты есептен шығара алмайды. Кәсіпорындар әкімшілендіру шығындарын ескере отырып, 5-7% шығынға батуда. Бұл отандық та, шетелдік те өндірушілерге соққы болып тиеді», – деді ол.

Әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттар (ӘМДЗ) тізімі төңірегінде де жағдай ушығып тұр. Қаңтардың ортасында жарияланған Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысы ҚҚС есептеу тәртібіне қатысты түсінбеушілік тудырды.

Қаулының жариялануына дейін нарық 5% мөлшерлемемен жұмыс істеді. Ал қазір заңды қисынға сәйкес, ӘМДЗ тізіміндегі препараттар (мысалы, парацетамол) барлық кезеңде ҚҚС-тан толық босатылуға (0%) тиіс.

Дистрибьюторлар қосымша салықтық төлемдерден қауіптеніп, оларды сатып алудан жаппай бас тартуда, ал өндірушілер нақты түсіндірме болмағандықтан тауарын сата алмай отыр.

«Бұл шатасу нарықта дәрілер бар болғанымен, олардың қозғалысының тұралауына әкелді. Егер қазір дұрыс түсініктеме берілмесе, тапшылық туындайды», – деп ескертті Сұлтанов.

Мәселені шешу үшін ол мөлшерлемелерді бөлшектеуден бас тартуды немесе дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, медициналық және фармацевтикалық қызметтерді, сондай-ақ өндірістік материалдарды ҚҚС-тан босатуды ұсынды.

Баға мен импорттағы тәуекелдер

Сондай-ақ, сарапшы импорт кезінде бағаны жасанды түрде төмендету қаупіне де назар аударды. Салық органдары декларациялау кезінде қазіргі нарықтық бағаның орнына бір жыл бұрынғы бағаларды қолдануға тырысып отыр. Бұған Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан шекті бағалардың әлі бекітілмеуі қосылып, 2026 жылдың қаңтарына дейін жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттардың орындалуына қауіп төндіруде.

Тимур Жаркенов бұл жағдайды жай түсіндірмелермен түзету мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті деңгейінде саяси ерік пен жүйелі шешім қажет.

«Жағдай өте күрделі. Нарық үшін салдары қайтымсыз болмас үшін, келесі жылды күтпей-ақ, қазір шешім қабылдау керек», – деді ол.

Аман қалу экономикасы: сандар мен фактілер

Дәрілік заттарға ҚҚС енгізу олардың бағасының күрт өсуіне және қолжетімділіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының төрағасы Талғат Омаровтың есептеуінше, елдегі орташа дәріхана өзін-өзі әрең ақтап отыр.

Айтуынша, елдегі бөлшек сауда нарығының көлемі айтарлықтай шектеулі. Медициналық тауарлар айналымының шамамен 50%-ы мемлекеттік сатып алуларға (СК-Фармация, «Қазақстан халқына» қоры) тиесілі. Ал 8,6 мың жеке дәріханаға жылына шамамен 600 млрд теңге ғана қалады, яғни бір орынға айына орта есеппен 5,8 млн теңге айналым келеді.

«8-10 млн теңгеге жету үшін дәріханалар су, БАҚ, қосалқы тауарлар сатуға мәжбүр. Ай сайынғы шығын 1,6 млн теңге болса, таза пайда орта есеппен небәрі 130 мың теңге. Бұл – өте көрсеткіш», – деп түсіндірді Талғат Омаров.

Әкімшілік шығындардың өсуі жағдайды одан әрі қиындатуда. Білікті есепшілерді 350 мың теңгеден төмен жалақыға табу мүмкін емес, ал зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық және т.б салықтарды есептегенде бір маман дәріханаға айына 470 мың теңгеге түседі. Еңбекақы төлеу қорының өсімі автоматты түрде дәріхананың операциялық шығындарын 1,6 млн-нан 2 млн теңгеден асырып түсіреді. Себебі, енді өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды бәрі бірдей ала алмайды.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа салықтарды қамту және қызметкерлерге кететін шығынды жабу үшін бизнес сауда үстемесін көтеруге мәжбүр болады, Жаңа жағдайда: дәріхананың негізгі үстемесіне +5% ҚҚС және еңбекақы төлеу қорындағы тапшылықты жабуға +5%. Салдарынан үстеме 30%-ға дейін өсуі мүмкін.

Әлеуметтік жарылыс және билікке үндеу

Салық қысымынан бөлек, бағаға міндетті таңбалау шығындары да әсер етуде. ҚҚС-тың қосылуы тұтынушылар үшін соңғы соққы болуы мүмкін.

«Адамдар күн сайын дәріханаларға келіп, жаңа бағаларды көрген соң, ашуланып шығып кетіп жатыр. Дәрі-дәрмек – әлеуметтік маңызы бар тауар, қазіргі жағдайда оған қосымша салық салу қауіпті», – деді Талғат Омаров.

Қауымдастық Президент пен Сенат Төрағасының атына фармацевтикалық секторды ҚҚС-тан босату жөнінде ресми хат жолдады. Бизнес билік дәрі-дәрмек тапшылығы қайтымсыз болмас бұрын кәсіпкерлердің уәжін естиді деп үміттенеді.

Бизнес үні: ҚҚС – мәселенің бергі беті ғана

Дәріханалардың иелері шенеуніктерді макроэкономикалық модель деңгейінен жерге түсуді сұрайды. Олардың айтуынша, дәрілердің қымбаттауы әкімшілендірудің ерекшелігіне байланысты салық мөлшерлемесін айтарлықтай арттыруы мүмкін.

«Сіздер мынаны ескермей тұрсыздар, біз жалға алуды есепке ала алмаймыз, себебі жалға берушілер негізінен «оңайлатылған» режимде. Бұған таңбалауға кететін және күрделі есептеулерді жүргізу үшін есепшіге төленетін жалақы шығындарын қосыңыз. Соңында бағалар  операциялық алшақтықты жабу үшін 5%-ға ғана емес, одан да асып түседі», – деді Раушан Аубакирова.

Қаржы министрлігінің ұстанымы: 1 шілдеге дейін үдету

Үкімет өз кезегінде табандылық танытып отыр. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин заңнамалық үдерісті Парламент сессиясының соңына дейін аяқтау қажет екенін мәлімдеп, нақты мерзімдерді белгіледі.

«Қажетті түзетулерді Мәжіліс пен Сенат арқылы 1 шілдеге дейін өткізіп, ережелерді түпкілікті әрі түсінікті етуге мүмкіндік бар», – деді Әмрин.

Дегенмен вице-министр «оңайлатылған» режимдегі дәріханалар мен жалпы режимдегі ірі желілер арасындағы алшақтықтықтың бар екенін жоққа шығармады. Бұл алшақтық бір дәріге екі түрлі бағаның қойылу мүмкіндігін тудырып, клиенттердің бір жерден екінші жерге ағылуына әкелуі мүмкін.

Мәселенің әеуметтік жағы

Медицина және фармацевтика бизнесінің өкілдері Үкіметтен мәселенің әлеуметтік салдарын есте ұстауды сұрайды. Реформа онсыз да халықтың сатып алу қабілеті төмен болып тұрған кезеңде жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан ТМД елдері арасында өмір сүру ұзақтығы бойынша алдыңғы орынға шықты, бұған жеке сектордың қолжетімділігі де әсер етті. Егер жеке медицина әлсіресе, адамдар мемлекеттік ауруханаларға ағылып, жүйе көтере алмай қалуы мүмкін. Бұл тек салық мәселесіне ғана қатысты емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді «Ұлағат Консалтинг Групп» ЖШС басшысы Марат Қайырленов.

Оның айтуынша, соңғы жылдары халықтың нақты табысы шамамен 10%-ға төмендеген, ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызмет бағасындағы кез келген қателік ұзақ мерзімді демографиялық салдарға әкелуі мүмкін.

Қазір салалық ведомстволар ҚҚС-сыз шекті бағаларды бекітіп, салықты үстінен қосу арқылы техникалық шешім табуға уәде берді. Бұл шағын және ірі бизнестің мүмкіндігін теңестіруге тиіс. Алайда ең басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр: қарапайым қазақстандықтың қалтасы бұл «ашық» үстемені көтере ала ма?

Үкіметке 1 шілдеге дейін реформаның тек қазынаны толтыру амалы емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығына бағытталған, ойластырылған қадам екенін дәлелдеуі керек.