Атырауда кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігінің жаңа ережелері түсіндірілді

30.01.2026
Атырауда кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігінің жаңа ережелері түсіндірілді

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері бизнес субъектілерімен кездесу өткізіп, өрт қауіпсіздігі нормаларындағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді.

Атырау облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылауы басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин орта және ірі бизнес үшін өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері ұлғайтылғанын айтты.

«Тексеру жоспарына енгізілген нысандарға тексеру тағайындалғаны туралы хабарлама 30 күн бұрын жіберіледі. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі нормалары мен талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, оларды жою туралы нұсқама беріледі. Нұсқамада көрсетілген бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Одан кейін материалдар сот органдарына қарауға жолданады», – деді Бағдат Абдуллин.

Изображение

Профилактикалық бақылау жылына екі рет жоспарланған: жылдың бірінші жартысында мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік және білім беру нысандары, ал екінші жартысында сауда, қоғамдық тамақтану, өнеркәсіптік және өндірістік нысандар қамтылады.

Мемлекеттік өрт бақылауы басқармасы бастығының орынбасары Данияр Карпыкбаев 2026 жылдың басынан бастап департаментте техникалық нормалау жөніндегі жаңа бөлім құрылғанын толықтырды. Бұл бөлімнің функцияларына адамдар жаппай болатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру кіреді.

«Жаңа функцияны іске асыру 1 ақпаннан бастап “электрондық үкімет” веб-порталы арқылы “Е-лицензиялау” мемлекеттік деректер базасының ақпараттық жүйесінде электрондық форматтағы мемлекеттік қызмет ретінде жүзеге асырылады. Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және техникалық қызмет көрсету қызметін жүзеге асыруға рұқсат алу қажеттілігіне қатысты да жағдай осындай», – деп хабарлады ТЖД өкілі.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Қорытындылай келе, мұндай түсіндіру жұмыстары кәсіпкерлердің жаңа талаптарға бейімделуіне көмектесетіні, нысандардың қауіпсіздік деңгейін арттырып, төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін төмендететіні атап өтілді.