«Атамекен» Алматы Вьетнам кәсіпкерлерімен іскерлік байланыстарды нығайтуда

29.01.2026
«Атамекен» Алматы Вьетнам кәсіпкерлерімен іскерлік байланыстарды нығайтуда

2026 жылғы 27 қаңтарда Promenade бизнес-паркінде Вьетнамның Ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығының (VINEN) өкілдерімен нетворкинг-сессия өтті. Іс-шара Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары, B2B өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және өндірістік жобаларды іске қосу мәселелері талқыланды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Вьетнамдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қанат Тұмыш құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ қатысушыларға Вьетнамның Ұлттық кәсіпкерлер қауымдастығының (VINEN) Төрағасы Дин Вьет Хоа құттықтау сөз арнап, екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге және практикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді.

Вьетнам нарығының әлеуеті туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Әмірұлы Амиров баяндады. Оның айтуынша, халқы шамамен 102,3 млн адамды құрайтын Вьетнам Социалистік Республикасы өткен жылдың қорытындысы бойынша АСЕАН елдері арасында жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны жөнінен көшбасшы болып отыр. Елдің ЖІӨ-сі 8,02 пайызға өсіп, 514 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылы тартылған шетелдік инвестициялар көлемі 38,4 млрд АҚШ долларына жетіп, сыртқы сауда айналымы 930 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл Вьетнамның өзара тиімді ынтымақтастық үшін зор әлеуетке ие екенін көрсетеді.

Іс-шара аясында Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» директорының орынбасары Олег Руденко Палатаның бизнесті сүйемелдеу, іскерлік байланыстар орнату, сауданы ынталандыру, сондай-ақ Вьетнамнан Қазақстанға инвестициялар мен технологиялар тарту бағытындағы мүмкіндіктерін таныстырды. Ол «Атамекеннің» тұрақты халықаралық әріптестікті қалыптастыруға және кәсіпкерлер арасындағы практикалық өзара іс-қимылды дамытуға арналған тиімді алаң ретіндегі рөлін атап өтті.

Сонымен қатар кездесу барысында Қазақстанның инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті таныстырылды. «Almaty Invest» және Қазақстан Республикасының Экспорттаушылар қауымдастығының өкілдері вьетнамдық тарап үшін қызығушылық тудыратын ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары мен тауарлық позициялар туралы ақпарат берді.

Өткен B2B-кездесулердің қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, ақпараттық технологиялар және денсаулық сақтау салаларында бірлескен бастамаларды пысықтау және одан әрі өзара іс-қимыл жасау жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Сондай-ақ тараптар экономика салалары бойынша нысаналы B2B-кездесулер өткізуді жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» халықаралық әріптестікті дамыту, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.