Қазақстан ЕЭК Кеңесіне төрағалық етуде: баж салығы мен бизнесті қолдау бойынша алғашқы шешімдер қабылданды

30.01.2026
Қазақстан ЕЭК Кеңесіне төрағалық етуде: баж салығы мен бизнесті қолдау бойынша алғашқы шешімдер қабылданды

Бүгін Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жетекшілігімен Одақ Кеңесінің төрағалығы ресми түрде Астанаға өтті.

Қазақстандық делегация құрамында сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов пен Экономикалық интеграция департаментінің директоры Әлнұр Дәнішев болды.

ЕАЭО туралы шартта бекітілген ротацияға сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап Одақ органдарындағы төрағалық ету функциялары Беларусь Республикасынан Қазақстан Республикасына ауысты. Бұл жай ғана ресми рәсім емес. Төрағалық етуші ел күн тәртібін қалыптастырып, интеграциялық құрылыстағы басымдықтарды айқындайды.

Қазақстандық тарап бірден басты назарды бизнес үшін нақты экономикалық пайда мен ішкі нарықтарды тұрақтандыруға аударатынын аңғартты.

Қант демпфері және тарифтік жеңілдіктер

Талқылаудың ең маңызды тақырыптарының бірі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Бағаның күрт өсуін және дүкен сөрелеріндегі тапшылықты болдырмау үшін ЕЭК Кеңесі шикі қантты әкелу баждарын нөлге жеткізу туралы шешім қабылдады. Айта кетерлігі, бұл бастаманы әуел бастан «Атамекен» ҰКП көтерген болатын.

«Қазақстандық зауыттар 100 мың тоннаға дейінгі көлемде шикізатты кедергісіз сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл шара 2026 жылдың соңына дейін қолданылады, бұл қайта өңдеу кәсіпорындарына өндірісті ұзақ мерзімді перспективаға жоспарлауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҰКП сарапшылары.

Қанттан бөлек, басқа да тауар санаттары «кедендік амнистияға» ие болды. Атап айтқанда: сүйекті жеміс дақылдарын әкелу баждары жарты жылға нөлге дейін түсірілді, ал металлургия секторы үшін жыл соңына дейін мыс штейні мен цементациялық мыс импортына жүктеме алынып тасталды. Бұл қадамдар дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, өнеркәсіптік алпауыттардың төлем қабілетін қолдауға тиіс.

Көкжиектен тыс бағытталған назар: Африка мен Азия

ЕЭК Кеңесі ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі қарастырды. Басым серіктестер тізімінде — Иордания, Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР), Пәкістан, Эфиопия және Нигерия бар.

Бұл елдер кездейсоқ таңдалған жоқ — аталған аймақтардағы жиынтық импорттық сұраныс бірнеше есе өсуде. Қазақстандық және одақтас экспорттаушылар үшін бұл миллиардтаған халқы бар нарықтарға шығудың «мүмкіндіктер терезесі». Дегенмен, жеңілдікті сауда келісімдерін жасау туралы түпкілікті шешімді мемлекет басшылары қабылдайды — олардың шешімі жақын арада күтілуде.

Астана — тартылыс ортасы

Отырыстың ұйымдастырушылық бөлігі жылдың басты саяси оқиғасына дайындық мәселелерін де қамтыды. Қазақстанның төрағалығы аясында Еуразиялық экономикалық форумның өтетін күндері белгіленді.

Қазақстанның бас қаласы — Астана жоғары мәртебелі қонақтарды 28-29 мамырда қабылдайды. Форум Жоғары кеңестің отырысымен қатар өтеді, онда «бестік» елдерінің көшбасшылары аралық қорытындыларды шығарып, Одақтың 2030 жылға дейінгі даму жолын айқындайды.

Маңызды тарифтік шешімдермен қатар, Кеңес техникалық реттеу, көлік және өнеркәсіптік инфрақұрылым салаларына «ревизия» жүргізді. Қазақстандық төрағалықтың жыл басындағы басты жолдауы айқын: интеграция бірінші кезекте өндіруші мен түпкілікті тұтынушы үшін тиімді болуы керек.