«Атамекен» ҰКП Төралқасы Энергетика комитетінде 2026 жылдың алғашқы отырысы өтті

02.02.2026
«Атамекен» ҰКП Төралқасы Энергетика комитетінде 2026 жылдың алғашқы отырысы өтті

2026 жылдың 30 қаңтарында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҰКП Төралқасы Энергетика комитетінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында талқыланған негізгі тақырып – өңірлік электр желілік компаниялардың қызметіндегі жүйелі мәселелер мен қолданыстағы тарифтік әрі институционалдық реттеу моделінің салдары болды.

Отырысқа бизнес өкілдері, салалық сарапшылар, сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Болатбаев Нұрлан Нұрмұхамбетұлы қатысты.

Отырыс барысында ӨЭК-тердің қаржылық тұрақтылығы, тариф қалыптастыру мәселелері, кассалық алшақтықтар, нақты шығындарды есепке алу тетіктерінің жоқтығы, кадр тапшылығы, желілік компаниялардың апаттық дайындығы, сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың таратылуының салдары және Бірыңғай сатып алушы тарапынан берілетін атаулы тарифтік жеңілдіктердің қолданыстағы тетігі жан-жақты қаралды.

Изображение

Жиынға қатысушылар мәселелердің едәуір бөлігі жүйелі сипатқа ие екенін және тек жекелеген реттеу нормаларымен ғана емес, электр энергиясының бөлшек нарығын реформалауға кешенді тәсілдің жоқтығымен байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, бизнес-қоғамдастық ұзақ уақыт бойы нормативтік құқықтық актілерді түзету бойынша ұсыныстар жолдағанымен, олардың көпшілігі осы уақытқа дейін қолдау таппағаны айтылды.

Ашық әрі сындарлы диалог барысында ТМРК төрағасының орынбасары талқыланған бірқатар мәселе қолданыстағы реттеуші өкілеттіктер шеңберінен тыс екенін және жоғары деңгейде саяси шешімдерді талап ететінін атап өтті. Отырысқа қатысушылар мұндай саяси ерік-жігерсіз жинақталған теңгерімсіздіктерді одан әрі жою қиын болатыны жөнінде ортақ пікірге келді.

Изображение

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар жұмысты осы форматта жалғастыруға, шешім қабылдайтын тұлғаларды тарта отырып, қосымша талқылаулар өткізуге және электр желілік кешеннің тұрақтылығын арттыруға, тарифтік саясаттың болжамдылығын қамтамасыз етуге әрі бизнес мүддесін қорғауға бағытталған келісілген ұсыныстарды қалыптастыруға уағдаласты.

«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлік қоғамдастықтың ұстанымын шоғырландыру және электр энергетикасы мен табиғи монополияларды реттеу саласына қажетті өзгерістерді енгізу бойынша жүйелі жұмысын жалғастырады.