Бизнестен не үшін есеп талап етіледі: Қарағанды облысында жұмыспен қамту бағдарламалары төңірегінде дау туды

03.02.2026
Бизнестен не үшін есеп талап етіледі: Қарағанды облысында жұмыспен қамту бағдарламалары төңірегінде дау туды

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында Қарағанды облысы бойынша «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқытуға және әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалған бюджет қаражатын қайтару жөніндегі талаптары қаралды.

Атлаған сұрақты Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Азамат Даненбаев көтерді.

«Кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілерінен бюджет қаражатын – оқыту, шәкіртақы төлеу және материалдық көмек көрсетуге жұмсалған шығындарды қайтару туралы талап-арыз хаттары жолданғаны жөнінде өтініштер түсті. Алайда жұмыс берушілер өз міндеттемелерін тиісінше орындаған: бос жұмыс орындарын жариялап, кадрларға нақты сұранысты растаған және оқуды аяқтаған азаматтарды жұмысқа қабылдауға дайын екендерін білдірген», – деді Азамат Қайырбекұлы.

Оның айтуынша, жұмысқа орналасудың болмауы жұмыс берушілердің бас тартуымен емес, түлектердің өз еркімен қабылдаған шешімімен байланысты.

«Жұмысқа орналасудан нақты бас тарту оқудан өткен азаматтардың өздерінен шыққан, бұл олардың жазбаша өтініштерімен расталады. Жұмыс берушілер Еңбек мобильділігі орталығын уақтылы хабардар етіп, тиісті құжаттарды ұсынған», – деп атап өтті Азамат Даненбаев.

Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов өзге ұстанымды жеткізді. Оның айтуынша, 2025 жылы өңірде 602 жұмыссыз азамат кәсіби оқытуға жіберіліп, бұл мақсатқа бюджеттен 253 млн теңге жұмсалған.

«Оқуды аяқтаған 433 адамның 300-і жұмысқа орналасты, алайда әлеуметтік келісімшарттар аясында жұмысқа тұрғандар саны – небәрі 182 адам, бұл шамамен 42 пайызды құрайды», – деді Нұржан Хамитович.

Орталық басшысы жұмыс берушілер тарапынан рәсімдік талаптардың бұзылғанын да атап өтті.

«Бірқатар жағдайларда жұмыс берушілер белгіленген мерзімде жұмысқа қабылдау немесе одан бас тарту туралы Орталыққа хабарламаған. Сонымен қатар оқудан өткен азаматтардың жұмысқа орналасудан бас тарту туралы жазбаша өтініштері оқуды аяқтағаннан кейін едәуір уақыт өткен соң рәсімделген, бұл олардың шынайылығына күмән келтіреді. Бұдан бөлек, түлектерден еңбек жағдайларына қатысты шағымдар түсті. Жекелеген жағдайлар бойынша сотқа жүгіну жоспарланып отыр», – деді Нұржан Сыздықов.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Геннадий Жмук құқықтық ұғымдарды нақты ажырату қажеттігін атап өтті.

«Жұмыс берушінің жұмысқа қабылдаудан бас тартуы мен жұмысқа орналасудың болмауы – екі түрлі ұғым. Бұл түсініктерді алмастыруға болмайды. Бизнестің жауапкершілігі тек жұмыс берушінің нақты бас тартуы дәлелденген жағдайда ғана туындайды», – деді Геннадий Николаевич.

Оның айтуынша, әрбір жағдай жеке-жеке қаралуы тиіс.

«Оқудан өткен азаматтардың не себепті жұмысқа орналасудан бас тартқанын, сондай-ақ барлық рәсімдік мерзімдердің сақталуын ескере отырып, әр іске жеке құқықтық баға берілуі қажет. Формалды тәсілге жол беруге болмайды», – деп толықтырды Геннадий Жмук.

Талқылау барысында оқу орталықтарының өкілдері мен жұмыс берушілер қолданыстағы реттеу тетіктерінде оқудан өткен азаматтардың жұмысқа орналасудан бас тартқаны үшін жауапкершілік көзделмегенін, ал мұндай шешімдердің қаржылық салдары іс жүзінде бизнеске жүктеліп отырғанын айтты.

Нәтижесінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері бойынша Орталық тарапынан сотқа талап-арыз берілмейтіні белгілі болды, себебі әлеуметтік келісімшарттар шеңберінде жұмыс берушілердің жұмысқа қабылдаудан нақты бас тарту фактілері анықталмаған.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар қалыптасқан тәжірибені қайта қарау қажеттігі туралы ортақ пікірге келді. Сондай-ақ бюджет қаражатын қайтару жөнінде шешім қабылдау кезінде оқудан өткен азаматтардың жазбаша өтініштері мен жұмыс берушілердің міндеттемелерді нақты орындауы ескерілуі тиіс екені атап өтілді.