Туризм және спорт министрлігінің Алқа мәжілісінде «Атамекен» ҰКП туризм саласын дамытудың басымдықтарын айқындады

03.02.2026
Туризм және спорт министрлігінің Алқа мәжілісінде «Атамекен» ҰКП туризм саласын дамытудың басымдықтарын айқындады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өткен Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген Алқа мәжілісіне қатысты. Жиын барысында 2025 жыл қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спорт, туризм, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы ведомство жұмысының нәтижелері баяндалып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер қаралды.

 2025 жылдың қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлар туралы баяндама жасаған Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев туристік саланың оң серпінмен дамып келе жатқанын атап өтті. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамыту жаһандық индексінде 66-орыннан 52-орынға көтерілді. Ішкі туристер саны 6,7 млн адамға жетсе, орналастыру орындарында қызмет көрсетілген шетелдік туристер саны шамамен 1,1 млн адамды құрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестициялар көлемі 1,254 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі таңда 328 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде, олар шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруды көздейді.

Изображение

 Бұл көрсеткіштер туристік салаға деген кәсіпкерлік қызығушылықтың артқанын және аталған жобалардың өңірлік дамудың қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді. Алайда инфрақұрылымдық шектеулер туризмді дамытудағы негізгі тежеуші факторлардың бірі болып қала беруде.

 «Соңғы апталарда біз министрлікпен өте тығыз өзара іс-қимылда болдық: министрдің нарық өкілдерімен кездесуі өтті, бүгін алқа отырысы ұйымдастырылып отыр, бұған дейін Премьер-Министрдің төрағалығымен туризмді дамыту мәселелері талқыланған болатын. Қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде бизнес үшін аса өзекті мәселелерді қарастыратын вице-премьер деңгейіндегі Үйлестіру кеңесі құрылатын болады. Сонымен қатар біз бизнеске қатысты ұсыныстарды жүйелеп, оларды „Kazakh Tourism“ АҚ арқылы жолдап жатырмыз», – деді «Атамекен» ҰКП Президиумы Туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева.

Изображение

 Қорытындылай келе, қатысушылар туристік ағындар мен инвестициялар көлемі артқан жағдайда басты басымдық заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыру және оны дамытудың бірыңғай стандарттарын енгізу екенін атап өтті. Бұл шараларды іске асыру туристік өнімнің сапасын арттыруға, қауіпсіздік деңгейін көтеруге және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.