Жан басына шаққандағы қаржыландыру не болмақ? «Атамекен» ҰКП-дағы Комитет отырысының қорытындысы

03.02.2026
Жан басына шаққандағы қаржыландыру не болмақ? «Атамекен» ҰКП-дағы Комитет отырысының қорытындысы

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстандағы жекеменшік мектептерде мемлекеттік реттеу шаралары мен жан басына шаққандағы қаржыландыру тетіктерін талқылау болды.

Отырысты аша отырып, Комитет төрағасы Олжас Ордабаев жекеменшік білім беру саласы бүгінде жай ғана бизнес емес, оқушы орындарының тапшылығын азайту бойынша елеулі жүктемені өз мойнына алып отырған мемлекеттің стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Ол қазіргі реформалар жағдайында Ұлттық палатаның ұстанымы айқын екенін жеткізді: адал әрі жауапты кәсіпкерлердің мүддесін қорғау – басымдық, ал ойын ережесіндегі кез келген өзгеріс болжамды болып, ұжымдық жауапкершілік тәжірибесіне жол берілмеуі керек.

«Біз, «Атамекен» ҰКП Комитеті ретінде, бүгінде тек адал бизнестің мүддесін білдіріп отырмыз. Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысының алдымен балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасын, сондай-ақ жекеменшік мектептердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмаларын толық қолдаймыз. Бұл мәселелерде біздің ұстанымыз мемлекетпен үндес. Ең бастысы – осы сапа мен ашықтықты қамтамасыз ететін тетіктер мен іс-шараларды бірлесіп пысықтау», – деді Олжас Ордабаев.

Изображение

Отырыс барысында анықталған жекелеген заңбұзушылықтар бүкіл салаға қысым көрсетуге себеп болмауға тиіс екені атап өтілді. Талаптардың бірден қатаңдатылуы ұлттық білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған жекеменшік мектептердің тұрақтылығына қауіп төндіреді.

Өз кезегінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары Аймангүл Шайзада Үкімет тапсырмасы бойынша жүйені реттеудің бірнеше тәсілі әзірленгенін хабарлады.

«Біріншіден, бұл - мемлекеттік субсидиялауға үміткер жаңа жекеменшік мектептер ашуға мораторий енгізу. Екіншіден, мемлекеттік тапсырысты басымдықтар бойынша орналастыру, яғни өңірлер оқушы орындарының нақты тапшылығын айқындауға тиіс: егер жекеменшік мектеп шынымен осы тапшылықты жапса, онда мемлекеттік тапсырысты орналастыру негізделген болып саналады. Біз барлығын жабу керек деп отырған жоқпыз, мұндай тәсіл қарастырылмаған», – деп түсіндірді Аймангүл Шайзада.

Изображение

Айта кететін маңызды жайт, негізгі өзгерістер 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске қосылуға тиіс жаңа қаржыландыру тетігі әзірленгеннен кейін күшіне енеді. Өтпелі кезеңде қаржыландыру бұрынғы форматта сақталады да, тек А2 компоненті бұған жатпайды. Бұл компонент бойынша шешімді енді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды, өйткені 2026 жылға арналған қаражат осы мақсаттарға республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер (ЖСТ) түрінде берілді.

Министрлік өкілінің айтуынша, лицензиялық талаптарды сақтау және есептіліктің дұрыстығы мемлекеттік тапсырыс алудың базалық шарттары болып қала бермек. Сонымен қатар, министрлік бизнестің өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жөніндегі сындарлы ұсыныстарын қарастыруға дайын.

«Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Шолпан Өтелбаева қазір «Білім беру саласын қаржыландыруды дамыту стратегиясы» тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

«Біз ваучерлік қаржыландырудан бас тартып, сметалық қаржыландыруға қайта оралуды көздеп отырған жоқпыз. Жақын арада Тұжырымдаманы таныстырамыз – ол әлден әзірленіп, дайын күйде. Ең басты жұмысымыз – «Orta-bilim» ақпараттық жүйесінде барлық бизнес-процестерді цифрландыру. Білім беру саласын қаржыландыруға байланысты барлық процестер осы жүйе арқылы жүзеге асады. Цифрландыру қаражатты бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл адами факторды және «қосып жазу» жағдайларын болдырмай, адал мектептерді негізсіз тексерулер мен күмәндардан қорғайды. Жүйе адал жұмыс істейтіндер үшін қызмет етеді», – деп атап өтті Шолпан Өтелбаева.

Изображение

Талқылау барысында «BilimInvest» Білім беру саласындағы инвесторлардың Ұлттық қауымдастығы» ЖКжЗТБ және «Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы» ЖКжЗТБ өкілдері саланың өзекті мәселелерін ортаға салды. Жекеменшік сектор атынан реттеудің жаңартылған қағидаларына негіз болатын нақты жүйелі ұсыныстар пакетін әзірлеу туралы ұсыныс айтылды. Кәсіпкерлер бизнестің өзін-өзі реттеуге және салалық жоғары сапа стандарттарын енгізуге дайын екенін атап өтті.

Изображение

Жиын қорытындысы бойынша жұмыс тобын құру және келісілген ұсыныстар тізбесін қалыптастырып, оларды мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды.

«Атамекен» ҰКП әлеуметтік саладағы инвестициялық ахуалды қорғау және адал кәсіпкерлердің мүддесін ілгерілету бойынша жұмысты жалғастырады.